Мейрімді, рақымды Алланың атымен бастаймын!
Мұсылманның дінді тастауын тілегеннен өткен жаман тілеу бар ма? Мұсылманның дінді тастауы дегеніміз оның жақсылық өзінің сыйын, ал жамандық өзінің жазасын алады деген сенімінен бас тартуы. Бұл оның ойына не келсе соны істеуге құлшынып бетімен кетуіне әкеліп соқтырады.
Мұсылманның дінді тастауы дегеніміз оның намаз оқу, зекет беру, ораза ұстау тәрізді діни парыздарын өтеуден бас тартуы. Бұл оның жүрегін кір басып, жаны үздіксіз жұтап адамшылық қасиеттерден айрыла бастауы.
Мұсылманның дінді тастауы дегеніміз бұл оның арақ ішіп, шылым шегіп, есірткіге үйір болуы. Балағат пен ғайбатқа, арсыз сөздер мен істерге құмартуы, зина жасап, ұрлыққа, қылмысқа, дөрекілікке бейім болып, жалпы жамандық атаулыға жақын жүруі.
Егер бұлай санай берсең мұсылмандықтан кетудің бірте-бірте адамшылықтан кету екенінің дәлелін көптеп келтіруге болады. Қаншама арсыздық, ұятсыздық, қатыгездік, зымияндықтың осы дінсіздіктен туындап, қаншама отбасы қиян-кескі ұрыс майданына айналып, адам түгел ит байласаң да тұрмайтын тозаққа айналуда.
Қанша адам Алланың тиым салынған жаман істерін істей жүріп сау басына сақина тілеп алып, сорлаған басын алып жүре алмай, тауға да тасқа да соғып күңіренуде. Олай болса, адамға жамандық тілеудің ең сұмдық түрі оның дін ұстанбағанын тілеу, ал дін ұстанатын адамның діннен шыққанын тілеу болар.
Егер адам өмір бойына қасірет-қайғыдан көз ашпай азып-тозып жүріп, ақиретте тағы да азапқа тап болса, қастық ойлаған жан үшін мұнан артық не керек? Егер адамның ең жақын деген жандары оның дінді тастауын тілеумен жүрсе, мұнан өткен сұмдық болар ма? Жақындық тек қандас болу, сырлас-мұңдас болумен ғана анықталмайды. Сондай-ақ, жақсылық жасау біреулер ойлайтындай тек барыңмен бөлісіп, пайдамен жарылқау ғана емес.
Жақын болу, жақсылық жасау дегеніміз ең әуелі жан-тәніңмен тілекші болу. Олай болса, адамның дін ұстанып, құлшылық етіп, екі дүниеде де Алланың шапағатына бөленуін тілеуден артық қандай жақындық, қандай жақсылық болуы мүмкін?
25.10.14.
Комментариев нет:
Отправить комментарий