Рақымды, мейрімді Алланың атымен бастаймын!
«Великорусский шовинизм «коренных казахстанцев» деген орысша пікірталасты өз блогыма қойған соң бірінші комменттер де пайда болды. Ол комменттерге жауап берген соң мен ол жауаптарды біртұтас пікірталастың бір бөлігі ретінде жаңа тақырыппен ұсынғанды жөн көрдім.
Shpak gbaqytkereiulyның барлық комменттерін оқып шықтым... Ақылы көп емес жолдас екен.. Не айтқысы келді?
gbaqytkereiuly Өз пікіріңді білдіру үшін міндетті түрде ақылды болу қажет емес. Мысалға, сіз де пікір білдірдіңіз, бірақ ақылды ештеңе де айтпағансыз! Менің не айтқым келіп еді? Меніңше, ұлы орыстық шовинизміңіз ақыл-есіңізді тұмшалап тастағаны соншалықты сіз қазіргі уақытта сын қабылдайтын күйде емессіз. Олай болса сізге бірдеңе түсіндіруден еш пайда жоқ.
Pavlal Ұлттардың «өз» жерлеріндегі басымдығы жөніндегі дау желінген жұмыртқаға да тұрмайды. Ең әуелі «өзімдікі» деген ұғымның нені білдіретіндігін анықтап алайықшы. Ол өзіңдікі саналатын нәрселерді басқару құқығы, онан да зоры оны жүзеге асыру құқығы мен қорғау мүмкіндігі дегенді білдіреді. Қысқаша айтар болсақ, егер сен бір нәрсені өзімдікі деп атасаң, демек, сен оны толық иемденесің, және иемдену құқығыңды қорғай аласың.
Осы жерде gbaqytkereiulyға сұрақ, неге сіз, және сіз тәрізді қарапайым қазақтар өздеріне тиесілі емес нәрсені өзімдікі деп есептейді? Қазақ жері қарапайым қазақтарға тіпті де тиесілі емес, қарапайым қазақстандықтар қазақстан жеріне иелік етпейді. Россиядағы жерлерін өзіміздікі деп есептейтін қарапайым россиялықтар жөнінде де осыны айтуға болады. Бұл олардың жері емес, олардікі болған да емес, болмайды да.
Мұнан да зорын айтар болсақ, тіпті «өз» жері жөніндегі идеяның өзі де қарапайым адамдарға тиесілі емес. Сіз тәрізділер тілдердің басымдығы, ұлттардың ұлылығы мен маңыздылығы жөнінде дауласып жатқанда елеусіз түрде ата заң өзгертіліп, әлеуметке қарсы заңдар қабылданып, девальвация жүзеге асырылады.
КСРО-нің кезінде Қазақстан аумағында дамыған өнеркәсіп пен ауылшаруашылық, алдыңғы қатарлы медицина мен білім беру саласы болды, соның бәрі қазір қайда? Ел пайдалы қазбалар экспортына, тамақ өнімдері мен жанармай импортына тәуелді үлкен базарға айналды.
Жарлылар өздері өле-өлгенше жұмыс жасайтын елдің қожайындары тәрізді бай болуды армандап, және «өз» жерінде өмір сүріп жатқандарына деген сеніммен қайыршылықты бастан кешуде. Дауласуды қойыңдар, адамдар. Бұл жерде сендерге еш нәрсе де тиесілі емес.
gbaqytkereiuly […Ұлттардың «өз» жерлеріндегі басымдығы жөніндегі дау желінген жұмыртқаға да тұрмайды...]. Адамзаттың ұлттарға бөлінетіндігі, және әр ұлттың өз жері бар екендігі сізге белгілі. Соған орай тұрғылықты, және тұрғылықты емес халықтар болады. Және «тұрғылықты халық» анықтамасы ООН-нан бастап барлық дүниежүзілік ұйымдар тарапынан мойындалған.
«Тұрғылықты халықтар – қазіргі мемлекеттік шекаралар қалыптасқанға дейін, ол жерге өзге жерлерден келімсектер келгенге дейін өз жерлерін мекен еткен халықтар. Белгілі бір аймаққа байланған, ол жерде көне заманнан осы кезге дейін тұрып келе жатқан байырғы тұрғындар.
Тұрғылықты халыққа жату үшін тұрғындардан өздерін тұрғылықты халық деп санаулары, және де оларды осы аймақты, және көрші аймақтарды мекен еткен басқа тұрғындардан айыруға мүмкіндік беретін әлеуметтік, экономикалық, мәдени, және басқа да өзге институттардың болуы талап етіледі.
«Тұрғылықты халық» термині (ағылш. indigenous peoples) халықаралық - құқықтық лексиконға енеді, және Біріккен Ұлттар Ұйымы мен өзге де халықаралық ұйымдардың құжаттарында қолданылады. Ресей Федерациясының заңнамасында «аз санды тұрғылықты халықтар» мен «аз санды халықтар» деген терминдер қолданылады.
«Аборигендер», автохондар», «туземдіктер», «тұрғылықты тұрғындар» семантикалық тұрғыдан «тұрғылықты халықтар» терминіне жақын, дегенмен заңдастырылған құжаттарда қолданылмайды». Википедия.
Демек, ұлттардың өз жеріндегі басымдығы талқылауға жатпайды. Мұндай мәселелерде өз бетіңше ақылдымсудың қажеті жоқ. Ол шешілмес қиындықтарды туындатып таусылмас бәлеге ұрындыратын болады. Одан сақтану үшін де адамдар қалыптасқан түсініктер мен заңдарды басшылыққа алады. Мысалға, тұрғылықты халықтардың құқығы жөнінде БҰҰ қабылдаған декларация бар.
«Тұрғылықты халықтардың құқығы жөніндегі Декларация (ағыл. Declaration on the Rights of Indigenous Peoples) – 2007 жылдың 13 сентябрінде Біріккен Ұлттар Ұйымының Генералдық Ассамблеясының 62-ші сессиясында қабылданған документ.
Бұл документ тұрғылықты халықтардың лайықты өмірге, өз мәдениеті мен өз институттарын сақтап әрі дамытуға деген құқықтарын, сондай-ақ, халықтардың өз қажеттіліктері мен талпыныстарына сәйкес келеді деп білетін бағыттарда дамуға деген құқықтарын декларациялайды.
Документте тұрғылықты халықтардың өз жолын анықтау құқығы бекітіледі, және сол құқығының нәтижесінде тұрғылықты халықтардың өз саяси статусын белгілеуге деген еркіндігі мен экономикалық, әлеуметтік, мәдени дамуын жүзеге асыруға деген еркіндігі жөнінде айтылады.
Декларацияның қабылдануына 143 мемлекет дауыс берді. Төрт ел – қарсы болды (АҚШ, Канада, Австралия, және Жаңа Зеландия. Австралия кейін Декларацияға қосылды). 11 ел дауыс беруде қалыс қалды. Солардың ішінде Ресей Федерациясы да бар». Википедия.
Назар аударыңыз, төрт ел бұл Декларацияға қарсы болған екен. Және оған таңғалатын ештеңе жоқ, өйткені олар отаршылдар құрған мемлекеттер. Сол себепті олардың тұрғылықты халықтардың құқықтарымен санасатын ниеттері жоқ. Қалыс қалған 11 елдің ішінде Ресей Федерациясы да бар. Бұл жерде де бәрі түсінікті, өйткені Федерация ретінде оның құрамында тұрғылықты халықтардың автономиялық республикалары бар. Ал Декларация болса «тұрғылықты халықтардың өз жолын анықтау құқығын» мойындайды.
Егер Ресей бұл Декларацияға дауыс берген болса онда ол «өзі отырған бұтақты өзі кескендей» болар еді. Өйткені, Ресей - ұлыорыстық империя ретінде күн кешуде. Және бұл империяның тұрғылықты халықтарға тәуелсіздік беру ниеті жоқ. Сондықтан «тұрғылықты халық» пен «тұрғылықты халықтың өз жеріне деген құқығы» деген сөздердің өзі орыс шовинистерінің ызасын тудырады. Сондықтан олар қайтсе де бұл сөздердің мағынасын кемітпек болады. Олай болса сіз «ұлттардың «өз» жерлеріндегі басымдығы жөніндегі дау желінген жұмыртқаға да тұрмайды» деген кезде мен сізді түсінемін.
[...Ең әуелі «өзімдікі» деген ұғымның нені білдіретіндігін анықтап алайықшы. Ол өзіңдікі саналатын нәрселерді басқару құқығы, онан да зоры оны жүзеге асыру құқығы мен қорғау мүмкіндігі дегенді білдіреді...] Не нәрселердің «өзімдікі» екендігін анықтау үшін ең әуелі кімдердің «өзімдікілер» екендігін анықтап алу қажет. «Өзімдікілер» - бұл отбасың, туғандарың, туысқандарың, ұлтың. Осыларға тиесілі нәрселердің бәрі де адамға «өзімдікі» болып табылады.
Адам өзгенің ұлтын, өзгенің руын, өзгенің туыстарын, өзгенің отбасын «өзімдікі» деп санай алмайды. Өйткені, оның негізінде қандастық туыстық жатыр. Өзге ұлтқа «өзімдікі» болу үшін ең болмағанда өз ұлтыңды өзгерту қажет болады. Басқа жағдайда олар сені «өзінікі» ретінде қабылдамайды. Бұл талассыз шындық.
Отбасы, туыстар өзінікі саналатын нәрселерді басқаруға құқылы, және олардың осы бір мүмкіндіктерін жүзеге асыруға, және қорғауға деген құқықтары бар. Мысалға, егер сен отбасы мен туыстар үшін «өзінікі» болмасаң онда сен тіпті мемлекеттің заңы бойынша да олар иелік ететін дүние-мүлікке де, жерге де таласа алмайсың. Дүние мүлікке, жерге деген өз құқықтарын олардың өздері ғана емес мемлекет те қорғайтын болады. Сондықтан сіз өз пайымдауларыңызда қателестіңіз деп білемін.
[...Қысқаша айтар болсақ, егер сен бір нәрсені өзімдікі деп атасаң, демек, сен оны толық иемденесің, және иемдену құқығыңды қорғай аласың...]. Мен отбасы мүшесі ретінде өзімнің отбасыма, тіпті туыстарыма да тиесілі нәрселерге, дүние-мүлікке, жылжымайтын мүлікке, жерге иелік етемін. Және мұның бәрін тек өзім ғана қорғап қоймаймын, мемлекеттің заңы да менің жағымда болады.
Сондай-ақ, менің өз мемлекетіме тиесілі нәрселердің бәрін де менікі деп санауға моралдық құқығым бар, өйткені, бұл мемлекет менің туыстарымның, менің ұлтымның мемлекеті. Және бұл мемлекет осы мемлекеттің азаматы ретінде менің құқығымды қорғайтын мемлекет. Ал өзге мемлекеттер болса менің өз мемлекетім тәрізді менің құқығымды қорғамайды, өйткені, мен олар үшін «өзінікі» емеспін.
[...Осы жерде gbaqytkereiulyға сұрақ: неге сіз, және сіз тәрізді қарапайым қазақтар өздеріне тиесілі емес нәрсені өзімдікі деп есептейді? Қазақ жері қарапайым қазақтарға тіпті де тиесілі емес, қарапайым қазақстандықтар қазақстан жеріне иелік етпейді. Россиядағы жерлерін өзіміздікі деп есептейтін қарапайым россиялықтар жөнінде де осыны айтуға болады. Бұл олардың жері емес, олардікі болған да емес, болмайды да...].
Сіз қателесесіз, қазақ жері қазақтарға тиесілі. Бүткіл мемлекеттер мен дүниежүзілік ұйымдар бұл жерді орыстың да, қытайдың да жері емес қазақтың жері ретінде мойындайды. Ең бастысы осы. Өйткені, тәуелсіздігі жоқ болғандықтан өз жерлерін өздерінікі ретінде бекіте алмай жүрген халықтар да бар. Олар өз жерлерінде тұрып жатса да өздерінікін өзіміздікі деуге құқықтары болмай екінші сортты адамдар ретінде өмір сүруде.
Мен үшін бұл жердің Қазақстан, қазақтардың жері ретінде саналуының өзі де жеткілікті. «Өзімдікі» болуы үшін бұл жерді менің өзімнің басқаруым міндетті емес. Бұл мүмкін емес нәрсе. Мен осы елдің азаматы ретінде дауыс беру құқығына иемін. Ал басқа елдерде менің мұндай құқығым жоқ, тек Қазақстанда ғана осы елдің азаматы ретінде менің дауыс беру құқығым бар. Мұның өзі менің бұл елді өзімдікі санауыма бір себеп.
Өз елімнің азаматы ретінде мен өзімнің атымнан осы елді басқаратын, менің құқығымды, менің отбасымның құқығын, менің туыстарым мен ұлтымның құқығын қорғайтын «өз» адамымды (жақсы мағынасында) сайлай аламын. Егер менің елім бір империяның отары болған болса, онда менің мұндай таңдау құқығым болмас еді. Мені, және менің жерімді басқару үшін «өзгелер» «өздерінің» адамдарын басшылыққа тағайындаған болар еді. Мысал ретінде қазақ халқының ешқандай да келісімінсіз Колбиннің басшы болып тағайындалуы мен соған ұласқан 1986 жылғы желтоқсан оқиғасын еске алайық.
Тіпті, «қазақ жері қарапайым қазақтарға тіпті де тиесілі емес, қарапайым қазақстандықтар қазақстан жеріне иелік етпейді» дегеннің өзінде де барлық халықаралық қауымдастықтар тарапынан мойындалған тәуелсіз елде бәрін де «өз» қолыңа алуға мүмкіндік бар. Ал заңдық тұрғыдан белгілі бір империяға жататын автономияларда мұндай мүмкіндік мүлде жоқ.
Мұндай колонияларда тұрғылықты халықтардың лайықты өмірге, өз мәдениеті мен өз институттарын сақтап әрі дамытуға деген құқықтары, сондай-ақ, өз қажеттіліктері мен талпыныстарына сәйкес келеді деп білетін бағыттарда дамуға деген талпыныстары тіпті күш қолдану арқылы да тұншықтырылатын болады. Өйткені, империяның ата заңы бойынша тұрғылықты халықтардың өз жолдарын таңдауға деген құқықтары жоқ.
[...Мұнан да зорын айтар болсақ, тіпті «өз» жері жөніндегі идеяның өзі де қарапайым адамдарға тиесілі емес. Сіз тәрізділер тілдердің басымдығы, ұлттардың ұлылығы мен маңыздылығы жөнінде дауласып жатқанда елеусіз ғана ата заң өзгертіліп, әлеуметке қарсы заңдар қабылданып, девальвация жүзеге асырылады...].
Сіз мәселенің рухани, гуманитарлық жағын экономикалық, саяси жағымен шатастырмаңыз. Сіздің пікіріңізше, егер ата заң өзгертіліп, әлеуметке қарсы заңдар қабылданып, девальвация жүзеге асырылып жатса онда дін мен тіл жайында, дәстүр мен тарих жайында, жер мен ұлттық ерекшеліктер жайында ұмытқан жөн бе?
Тіпті ата заң өзгертіліп, әлеуметке қарсы заңдар қабылданып, девальвация жүзеге асырылып жатса да бұл менің жерім, менің елім. Мен қазақ ретінде басқа еш жерде өзімді жайлы сезіне алмаймын. Өйткені, барлық елдерде де тұрғылықты ұлттар өздерінің ұлттық мүддесіне сай мені өз тәртіптеріне бейімдейтін болады.
Ондай тұрғылықты ұлттар кем дегенде менен өз тілдерін білуімді талап етеді. Сондай-ақ, менің бұл жерде бөтен екендігімді, сол себепті де өз орнымды білуім керектігін үнемі есіме салып отыратын жандар да қашанда табылатын болады. Өйткені, біз мінезсіз адамдардың кемелсіз қоғамдарында өмір сүріп жатырмыз. Сондықтан да мен қазақтардың өз жерлерінде ұлт ретінде дамып, сондай-ақ, экономикалық, саяси тұрғыдан да жетістіктерге жетуі үшін бар күш-жігерімді салатын боламын. Бұлар бір-біріне бөгет болмайтын нәрселер.
[...КСРО-нің кезінде Қазақстан аумағында дамыған өнеркәсіп пен ауылшаруашылық, алдыңғы қатарлы медицина мен білім беру саласы болды, соның бәрі қазір қайда? Ел пайдалы қазбалар экспортына, тамақ өнімдері мен жанармай импортына тәуелді үлкен базарға айналды...]
Сіз мұның бәрі де сол бір КСРО туындатқан нәтиже деп ойламайсыз ба? Біз қазір коммунистер мен ұлыорысшыл шовинистердің қабілетсіз басшылықтарының жемісін татып отырмыз. КСРО-ның кезінде Қазақстан барлық отар елдер тәрізді тек шикізатпен қамтамассыз етуші ел ғана болды. Ол шикізат болса өңделіп бізге қымбатқа сатылып отырды. Тек тәуелсіздік алған соң ғана біз өңдеу өнеркәсібін дамытуды қолға алдық.
Меніңше, сіз Қазақстанда тұрмайтын сияқтысыз, немесе сіз бұрынғы Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасымен салыстырғанда Қазақстан Республикасында барлық жағынан алғанда да оңды өзгерістер бар екендігін көрмейсіз. Мүмкін, сіз «бұрын барлығы да жақсы еді, сол себепті де Ресей империясының аясына қайтып оралған жөн» дегіңіз келетін болар? Бұлай күні өтіп қаусаған өткен шақты жігерлі болашаққа сүйретудің қажеті не? Бізге жаңа көкжиектерге көз салған жөн. Және түңілушіліктің бояуын қоюлата берудің де қажеті жоқ. Ресейдің өзімен салыстырып қарағанда да бізде бәрі жаман емес.
Қанша жасырғыңыз келсе де сіздің сөздеріңізден көптеген орыстарға тән шовинизм сезіліп тұр. Сіз орыс тілі басымдыққа ие болған, орыстардың мәртебелі ұлт ретінде өз үстемдіктерін сезініп қай жерде болса да өздерін өз үйлеріндегідей сезінген өткен империяны қайта қалпына келтіруді армандайсыз. Сол себепті де сіз бұрынғы кеңестік империяның ыдырауына көндіге алмаудасыз. Және Қазақстанның тәуелсіздігін қабылдағыңыз келмей оның егемен ел ретіндегі жетістіктерін қалайда кемітуге тырысудасыз.
[...Жарлылар өздері өле-өлгенше жұмыс жасайтын елдің қожайындары тәрізді бай болуды армандап, және «өз» жерінде өмір сүріп жатқандарына деген сеніммен қайыршылықты бастан кешуде. Дауласуды қойыңдар, адамдар. Бұл жерде сендерге еш нәрсе де тиесілі емес...]
Біз бай адамдар емеспіз, сондай-ақ, кедейлерден де емеспіз. Сондықтан соншылықты налудың қажеті жоқ. Ия, бізде бәрі де ойдағыдай емес. Бірақ, біз өз жерімізде, өз елімізде өмір сүріп жатқанымыз үшін Аллаға шүкірлік етеміз. Біз жат жерде тұрып жатқан ешқандай құқығы жоқ босқындар емеспіз. Біз отаршылдардың езгісіне түсіп құқықтары шектелген көптеген халықтар тәрізді емес өз жерінде тұрып жатқан азат халықпыз. Бұл соншалықты аз нәрсе ме?
[...Дауласуды қойыңдар, адамдар. Бұл жерде сендерге еш нәрсе де тиесілі...] Бұл енді философия. Ия, сіз дұрыс айтасыз, бұл жерде бізге еш нәрсе де тиесілі емес. Бәрі де Аллаға тиесілі. Тіпті, біздің өміріміз де өзімізге тиесілі емес, біз Алланың қалауымен туып, Алланың қалауымен ғана өлеміз. Біз өз қалауымызбен өмірімізді де бір сәтке соза алмаймыз.
Бірақ, біз осынау күнаға толы жер бетінде өмір сүріп жатырмыз, сондықтан да өмір шындығымен санасуға тиіспіз. Біз Алланың заңдарын, мемлекет пен қоғамның заңдарын ұстануға міндеттіміз. Өйткені, заңсыздық бүлік тудырады. Сондықтан өзіңнің шовинистік тілектеріңнің жетегімен қалыптасқан халықаралық, мемлекеттік, және қоғамдық негіздерді жоққа шығарып, оларды бұзуға болмайды.
Shpak Крокодил Данди айтқандай: «Ана тауды көріп тұрсың ба? Олар осында 600 миллион жылдан бері тұр. Олар біз бен сіз жоқ болған кезде де осы жерде тұра беретін болады. Олай болса, бұлардың (жердің) кімге тиесілі екендігі жөніндегі дау өздері үстінде тұрып жатқан иттің кімге тиесілі екендігін анықтамақ болып жатқан екі бүргенің дауы.
gbaqytkereiuly Сіз орыс жері емес сіздер, ұлы орыстар-шовинистер иемденгілерің келетін қазақ жері жайында сөз болып отырғандықтан осылай деп отырсыз. Бұл жерде сіздің екіойлылығыңыз бен екіжүзділігіңіз айқын көрініс табуда. Егер сөз орыс жері жайында болғанда, егер басқа бір ұлы...-шовинистері сіздердің ежелгі орыс жерлеріңізге таласып отырған жағдайда сіз дәл бұлай ақылдымсымаған болар едіңіз.
Мысалға, егер сіздердің ежелгі орыс жерлеріңіз Новгород пен Тверге қытайлар келіп «Сіздердің осынау құнарлы жерлеріңіз бос жатқандықтан біздің мұнда қоныстанғымыз келеді. Өйткені, бізде жер жетпейді, ал сіздерде бұл игілік болса артығымен жатыр, бұл жерлеріңді бізге берсеңдерші» десе, сіздер не деп жауап қайтарған болар едіңіздер?
Мүмкін, сіздер: «Қош келдіңіздер, қытай жолдастар! Қалауларыңызша қоныстана беріңіздер, өйткені, бұл жер бізге мүлде тиесілі емес. Біздің бұл жерге деген құқығымыз сіздердікінен еш артық емес. Ал сіздер болсаңыздар бізден рұқсат сұрап тұрсыздар, ұялмайсыздар ма?» дейтін боларсыздар? Жоқ та жоқ!!! Ешбір жағдайда да сіздер осынау ежелгі орыс жерлерін қытайларға бермейсіздер. Бұл жайында ешқандай да сөз болуы да мүмкін емес. Сіздер мұны тіпті ойға да алмайсыздар.
Олай болса ұлы империялық тойымсыз көздеріңізбен ежелгі қазақ жеріне сұқтана отырып бұл жерде не айтып отырсыз? Тәбетіңізді тыйыңыз, орыс адамы ретінде сізге өз жерлеріңіз де жеткілікті. Ал сізге ол аз көрінеді де тұрады. Сіз жаңа жерлерді иемденгіңіз келіп «жер ешкімге де тиесілі емес» дейтін ақымақтық идеяны ойлап табудасыз. Сонда сіз шынымен де жерлеріңізге өзге халықтардың қоныстанып сіздерді азшылықта қалдыруларын қалайсыз ба?
Сол кезде ежелгі орыс жерінде тұрып жатсаңыздар да сіздерге орыс тілін үйренуге мәжбүр болған қазіргі қазақтар тәрізді келімсектердің тілдерін үйренуге тура келер еді. Сіздер ұлы орыстық менмендіктеріңізбен қазақтар орыс тілін үйреніп сіздермен тек орыс тілінде ғана сөйлесуге тиісті деп білесіздер. Сол себепті де сіздер қазақтардың өз тілдерін дамытуға деген заңды құқықтарын елемей оған кедергі болудасыздар.
Бәрі де салыстыру арқылы анықталады. Егер Ресейде сіздерге, яғни орыстарға белгілі бір келімсектердің тілін үйренуге тура келсе сіздер бұған қалай қараған болар едіңіздер? Алда не күтіп тұрғанын бір Алла ғана біледі. Ресей құлатылған «ұлы» империялардың алғашқысы да, соңғысы да емес. Олай болса «жер ешкімге де тиесілі емес» дейтін өтірік «идеяларыңызды» қайталай беруді қойыңыздар!
21 - 25 июнь, 2014 ж. 10.07.14.
Комментариев нет:
Отправить комментарий