Мейрімді, рақымды Алланың атымен бастаймын!
Бұл ««Тұрғылықты» қазақстандықтардың ұлы орыстық шовинизімі», және «Қазақстан жері қазақтардың жері» тақырыптарымен жарияланған пікірталастың жалғасы.
Pavlal Коментарийлерді аяғына дейін оқып шықтым... Бұл бір ұлтшылдық пен исламға иленген насихаттық рахат-лукум екен. Міне, өз миллиардер отандастарына төзіммен жұмыс жасаулары үшін қарапайым қазақтардың бастары немен толтырылуда! «Глобализация» терминімен автор анық таныс емес, және ол дүниежүзілік капитализмнің доктриналары мен коцепцияларын да түсінбейді. Ерік бостандығына деген құлдың сенімі күлкі тудырады.
Автор байлаулы көзбен жүргендей, жемқорлық пен басқа да экономикалық қылмыстардың кесірінен қазіргі Қазақстанның 50-ші жылдардағы Уругвайға ұқсайтынын байқамайды. Сондай-ақ, автор геополитикаға да қызығушылық танытпайды екен, онысы дұрыс емес. Сонда ол орысша сөйлеудің қытайшаға қарағанда жеңіл екеніндігін түсінер еді - үйреншікті ғой.
gbaqytkereiuly [ ... Коментарийлерді аяғына дейін оқып шықтым... ] Егер аяғына дейін оқи алсаңыз, онда сіз соншалықты құрыған шовинист емес екенсіз. Көп адамдар өз атына айтылған сынды көтерме алмай ащы шындықтан көрі тәтті өтірікті жөн көреді. Ал бұл жерде бұрынғы одақ бойынша кіші іні болған қайдағы бір қазақ ағаларын, яғни ұлыорыстарды ақылға салғысы келеді. Оларға жету қайда бұған!
[...Бұл бір ұлтшылдық пен исламға иленген насихаттық рахат-лукум екен...] Егер менікі ұлтшылдық пен Исламға иленген рахат-лукум болса, сіздікі шовинизм мен коммунизмге иленген орыс прянигі. Әркім өзінікін артық көреді. Біздің насихаттарымыздың айырмашылығы сонда, мен өз рахат-лукумімді өз жерімде насихаттап отырсам, сіз өз орыс прянигіңізді біздің жерімізде насихаттағыңыз келеді.
[...Міне, ... қарапайым қазақтардың бастары немен толтырылуда!...] Қандай жағдайда да адамның басы бірдеңелерге толы болады. Мысалға, Кеңес империясы кезінде біздің басымыз коммунизм мен орыс ұлтының ұлылығы жөніндегі идеялармен толтырылды. Ал қазір болса біздің басымызды орыс державасы мен орыс ұлтының ұлылығымен толтырғыларыңыз келеді. Біз үшін, яғни қазақтар үшін басымыздың өз мүддемізге сай келетін, яғни қазақ ұлты мен қазақ мемлекеттілігінің мүддесіне сай келетін өз нәрселерімізбен толғаны жақсы. Ең бастысы, мұның бәрі парасатты шамада болса болғаны.
[...өз миллиардер отандастарына төзіммен жұмыс жасаулары үшін...] Біздің тағдырымызға немқұрайлы қарайтын өзге миллиардерлерге жұмыс жасағаннан көрі өз миллиардер-отандастарымызға жұмыс жасаған жақсы. Біз қаласақ та, қаламасақ та бұл дүниеде адамдардың көпшілігі өзгелерге жұмыс істейтін болады. Мұндай жағдайда ол өзгелердің өз отандастарымыз болғаны жақсы. Ал егер ол миллиардерлер өз халқы алдындағы өз жауапкершіліктерін сезінетін отаншыл қазақтар болса тіптен жақсы болар еді.
Кеңес Одағы кезінде қазақтардың болымшы ғана жалақы үшін әлдебір партияға жұмыс жасап байдың дастарханынан қалған сүйек-саяққа қанағат еткен кездері де болған. Біздің бар байлығымыз құмға сіңген су сияқты Қазақ ССР-інің бюджетін айналып өтумен болды. Ал қазір қанша ұрланып жатса да мемлекеттің қазынасына да аз түсіп жатқан жоқ. Ең бастысы, біз бұл қазынамен ешкіммен де бөліспейміз. Ал бұрын біз бәрін орыс-кеңес империясының түпсіз қазанына құятын едік.
Сіз неге біздің бәріміз тек миллиардерлерге ғана жұмыс жасайды деп ойлайсыз? Қазір көптеген жандар жеке кәсіпкерлікпен айналысып өздеріне жұмыс жасауда. Қайта біз бұрын партия кейіпіндегі миллиардерге жұмыс жасаған болатынбыз. Ол партия адамдардың өз-өздеріне жұмыс жасауларына мүмкіндік бермей сол арқылы олардың байып кетулеріне мүмкіндік бермеді. Ол партия еңбекшілер байып капиталистке айналып кетпесін деді.
Ал қазір тәуелсіздіктің арқасында қазақтардың байып өздерінің де миллиардер болуларына мүмкіндік бар. Байып кете алсақ миллиардер боламыз, егер шамамыз келмесе онда өз миллиардерлерімізге жұмыс жасаймыз. Егер жалақыңды жақсы төлеп жатса неге миллиардер – капиталистке жұмыс жасамасқа? Егер ол жалақы еңбекшілердің игілігі үшін құрылды деп саналған бұрынғы Кеңес империясы кезіндегі алған жалақымыздан ондаған есе көп болса?
Озбыр дүние іргетасын
Біз қиратып, сонан соң
Біз жаңа дүние тұрғызамыз
Болған қор, болады зор.
Бір кездерде дүние жүзінің кедейлері мен қайыршылары осылай деп «Интернационал» гимнін шырқады. Олар буржуйлерге төзіммен жұмыс жасағылары келмей озбыр дүниені жаңа озбырлықпен қиратқылары келді. Және Ресей империясының коммунистері қолына қару алған халықты буржуйлерге қарсы көтеруге қол жеткізді де оларды сол халықтың қанына батырып тынды.
Олар бәрін асты-үстіне төңкеріп көне дүниенің қирандысының үстіне «жаңа дүние тұрғызды». Ол дүниеде бұрын қор болғандар зор болды, яғни бұрынғы кедейлер бай болды да, бұрынғы байлар кедейге айналды. Сондай-ақ, еңбекшілердің көпшілігі де ештеңесіз қалды. Олар тіпті өз еңбегімен баю құқығынан да айырылған еді. Олар өз табыстарының «артығын» ортақ қазанға салып отыруға тиісті болды. Ал ол ортақ қазанның құлағына партияның номенклатурщиктері ие болды.
Шын мәнінде, бұрынғы қанаушы буржуйлардың орнына еңбекшілердің мойнына басқа бір қанаушылар отырды да еңбекшілерге «еңбекшілердің» мемлекеті саналатын «өз» мемлекетінде өмір сүру жақсы бола қоймады. Содан олар буржуй-миллиардерлерге жұмыс жасап жатқан шетелдегі еңбекшілерге қызыға бастады да бәрі қайтадан асты-үстіне келді.
Енді, міне, өміріміз қалыпқа түсе бастаған кезде сіз бізді «миллиардер-отандастарыңа төзіммен жұмыс жасайсыңдар» деп жазғырасыз. Сонда сіз бізді қайтадан қантөгісті төңкеріске шақырып отырсыз ба? Бір буржуйлерді басқа буржуйлерге ауыстыру үшін қан төгудің не мәнісі бар? Онан да бізге қазіргі миллиардерлерге төзіммен жұмыс жасай отырып тек бейбіт, заңды жолдармен ғана әмияндарын аштыруға мәжбүрлеген дұрыс емес пе?
Европалық, және америкалық еңбекшілер өз капиталистерін ешқандай төңкеріссіз-ақ әмияндарын аштыра білді емес пе? Ал бұрынғы Ресей империясында «ақылдылықпен» патша тақтан тайдырылды да капиталистерден заводтар мен фабрикалар, помещиктерден жер күшпен тартып алынды. Сонан соң не болды? Қожайын ретінде бәріне игере алмаған олар ақыр аяғанда бәрін де күйретіп тынды. Сонда жарқын болашақ үшін төгілген бүткіл қан мен тердің босқа кеткені ме?
Біз, яғни қазақтар мұның бәріне қатысқымыз келмеген еді. Біздің өз көшбасшыларымыз дайындаған өз жоспарларымыз бар болатын. Бірақ, ұлы империялық құлашты коммунистер мен шовинистер бізге оны жүзеге асыруға мүмкіндік бермеді. Соның кесірінен біз, қазақтар империя құрамында коллективизацияны, аштық пен репрессияны, және тоталитаризмнің басқа да сұмдықтарын еріксіз бастан өткеруге мәжбүр болдық. Біз осы бір ақымақтық тәжірибелерге құрбандық ретінде қатыстық.
Ол аз болғандай біз ұлыорыс шовинистерінің алдында «өтеусіз қарыздар» болып та қалдық. Неге екені белгісіз олар өздерінің басшылықтарынсыз, өздерінің империяларынсыз біздің ешқандай да жетістіктерге қол жеткізе алмайтындықтарымызға қатты сенеді. Шын мәнінде егер олар бізге кеңестік төңкеріс таңында тәуелсіздік берген кезде бізде ақылды да білімді көшбасшыларымыздың барлығын жойып жіберген репрессиялар болмаған болар еді.
Әрі біз аштықты да бастан өткермей халқымыздың саны қазіргі кезеңде 30 миллион деңгейіне жеткен болар еді. Және біз өнеркәсіп пен ауыл шаруашылығын бірте-бірте дамыта отырып табиғи байлықтарымызды өзіміз игерген болар едік. Соның нәтижесінде біз бұрынғы Қазақ ССР-не қарағанда ұлт ретінде де, мемлекет ретінде де зор жетістіктерге қол жеткізген болар едік. Көптеген скептиктердің түнеріңкі болжамдарына қарамастан Кеңестік Социалистік Республикалар Одағы (СССР) күйрегеннен кейінгі дағдарыстан жақсы шығып өзгелер қызығатындай дәрежеде дамып жатқанымыз менің бұл пікіріме дәлел бола алады.
[...«Глобализация» терминімен автор анық таныс емес...] Мүмкін, мен глобализацияның мәнісін жақсы түсінбейтін болармын, бірақ мен күштілердің әлсіздерді жұтып қоюына қарсымын. Тіпті ол «өркениетті», «адамгершілікті» әдістермен жүзеге асырылатын болса да. Өйткені, бұл әділетсіздік. Мұның негізінде адамгершілік емес «джунгли заңы» жатыр. Түрлі қулық-сұмдық әдістермен қол аяқтары маталған барлық әлсіздер қаласа да, қаламаса да күштілердің ығына жығылуға мәжбүр болады.
Әрбір ұлт - жеке тұлға тәрізді де мемлекет - ұлттың тәні болып келеді. Мұның бәрін жойып адамдардың бәрін бір орталықтан, атап айтқанда бір адам мен оның серіктері арқылы басқарылатын біртекті сұрқай тобырға айналдыру маған ұнамайды. Әрі бұл демократияға да мүлде жатпайды. Егер мен қателеспесем демократия пікірлер мен іс-әрекеттердің сан түрлілігін жоққа шығармайды. Ал глобализацияда ешқандай демократия болмайды. Өйткені, бүткіл дүниені бір топ адамдар ғана билеп-төстейтін болады.
Бұл адамдар, әрине, қасиетті жандар емес, демек, олар шексіз билікке ие болған тирандарға айналады. Олар халықтарға тек өз дүниетанымдарын ғана тықпалап, өздеріне ұнайтын қасиеттерді ғана олардың бойларына сіңіруге тырысатын болады. Олар өз қалауларына қиғаш келетін қандай болмасын ой-пікірлердің жолдарын кесіп отырады.
Бірінші кезекте олар Құдайға деген сенімді жоятын болады. Өйткені, олардың өздері барлық халықтар құдай тұтатын кумирлерге айналуды қалайды. Және билікке мастанған осы бір тирандарға қарсы тұратын өзге қауымдастықтар болмайды. Өйткені, глобализация өзара бәсекелесіп бірін-бірі тежеп отыратын тең дәрежелі екі орталықтың болуын жоққа шығарады.
Глобализация үдерісінде әрбір «ұлы» ұлт өзгелерге басшылық етіп, тек өз тілінің ғана ортақ тіл болғанын қалайды. Және тілі арқылы осы ұлттың мәдениеті көпшілік мәдениетінің өзегіне айналады. Сондықтан да глобализация шовинизмге сүйенеді деп санауға болады. Тіпті глобализация – шовинизмнің өнімі деп те айтуға болады. Егер солай болса, онда шовинизм атаулыға қарсы адам ретінде мен глобализацияға да қарсымын. Алла мені қазақ етіп жаратты, қазақ болып өлемін, ин шаа Аллах!
[...ол дүниежүзілік капитализмнің доктриналары мен коцепцияларын да түсінбейді...] Ия, мен капитализмнің доктриналары мен коцепцияларын сіз тәрізді түсінбеймін. Бірақ, сіздің де доктриналар мен коцепциялар жөніндегі үздік сарапшы емес екендігіңізге келісерсіз. Мүмкін, сіз СССР-дегі социализм кезінде еңбекшілердің жағдайы капиталистік елдердегі еңбекшілердің жағдайынан жақсы болды дегіңіз келетін болар?
Бірақ, неге екені белгісіз біздің еңбекшілердің көпшілігі жауыз капиталистер халықты қанап жатыр делінетін капиталистік елдерде өмір сүргенді артық көреді. Олар жемқорлық пен басқа да экономикалық қылмыстар өршіп тұрмаған, және жеке тұлға ретінде өз мүмкіндіктерін жүзеге асыруға мүмкіндік мол капиталистік елдерде өмір сүруді қалайды.
Және осынау «қанаушы капиталистердің» елдері өз отарларына әлдеқашан өз еріктерімен бостандық берген болатын. Ал өзін дүниежүзілік интернационализмнің, яғни ұлттар бірлігі мен ынтымақтастығының тірегі ретінде санайтын СССР-де көптеген аз ұлттарды олардың үлкен ағасы «бауырластықпен» өзіне сіңіріп алды. Және ол империя 14 кеңестік социалистік республикаларды «қортып» үлгермей күйреп тынды. Ол 14 республиканың біреуі Қазақстан болатын.
Және сол күйреген ұлыорыс империясының қазіргі ізбасары болып саналатын Ресейдің әлі күнге дейін автономиялық республикалар кейіпіндегі отарлары бар. Және оның бұл отарларға тәуелсіздік беретін ниеті жоқ. Бұл отаршылдардың 15-18 ғасырлары емес, Біріккен Ұлттар Ұйымының Ассамблеясында «Тұрғылықты халықтардың құқығы жөніндегі Декларация» қабылданған 21 ғасырда орын алып отырған жағдай.
[...Ерік бостандығына деген құлдың сенімі күлкі тудырады...] Сіз маған абсолютті ерік бостандығына ие құл емес адамды көрсетіңіз. Мүмкін, сіз өзіңізді сондай адам деп санайтын боларсыз. Олай болса сіз сол ерік бостандығыңыздың қалай көрініс табатынын бізге түсіндіріп берсеңіз.
Қоғамда өмір сүріп жатқан адамдар ретінде біздің аяқ-қолдарымыз діни, мемлекеттік, және қоғамдық заңдармен маталған. Сондықтан тек абсолютті анархист қана өзін бостандықта сезінуі мүмкін, бірақ ол да қатты қателеседі. Өйткені, оны өзінің нәпсісі билейді. Шын мәнінде ол өз нәпсісінің құлы. Егер біздің әрқайсымыз біреудің, немесе бірдеңенің құлы болып жүрсек, онда алдамшы бостандығыңмен мақтанып өзіңді де, өзгелерді де алдаудың қажеті не?
[...Автор байлаулы көзбен жүргендей, жемқорлық пен басқа да экономикалық қылмыстардың кесірінен қазіргі Қазақстанның 50-ші жылдардағы Уругвайға ұқсайтынын байқамайды...] Сіз сонда егер біз Ресей империясының құрамында болсақ жемқорлық пен басқа да экономикалық қылмыстардан құтылар едік деп ойлайсыз ба? Сонда Ресейде жемқорлық пен басқа да экономикалық қылмыстардың жоқ болғаны ма? Егер солай деп ойласаңыз, онда сіздің көзіңіз анық байланған, сіз шындықты көрмеудесіз. Сонда сіздің көзіңіздің ашықтығы осы ма?
Егер Ресейде де жемқорлық пен басқа да экономикалық қылмыстар гүлдеп тұрған болса, онда біз, қазақтар өз жемқорлықтарымыз бен басқа да экономикалық қылмыстарымызды жөн көрер едік. Қалай дегенде де өз көйлегің өз тәніңе жақын. Әрі олармен зор империяның құрамында күрескеннен көрі жеке Қазақстанда күресу оңайырақ болады.
Сіз бізді 50-ші жылдардағы Уругваймен салыстырған екенсіз. Бірақ, егер сіз білген болсаңыз қазіргі кезде бұл ел өз аймағындағы ең дамыған елдердің бірі.
«Уругвай – экономикалық тұрғыдан алғанда латын Америкасындағы неғұрлым дамыған елдердің бірі. Солай десек те уругвай экономикасына көтерілу мен түсудің алмасып, инфляцияның кенеттен секкірулері тән. Латын Америкасында Уругвайда табыс неғұрлым біркелкі бөлінеді, сондықтан Уругвайды «латиноамерикандық Швейцария» деп жиі атайды». Википедия.
Егер Уругвайдың қазіргі жағдайы 50-ші жылдардағыдан жақсы болса, онда Қазақстанның да уақыт өте келе өз экономикасын жақсартып евразия Швейцариясына айналу мүмкіндігі бар. Әлде сіз қазақтар уругвайлықтардан жаман, сондықтан ондай өркендеуге лайық емес деп санайсыз ба? Сіз Қазақстанды Уругваймен салыстыра бастаған екенсіз, онда ізгілік танытып бізді аяғына дейін, жақсылыққа дейін салыстырыңыз.
[...автор геополитикаға да қызығушылық танытпайды екен, онысы дұрыс емес. Сонда ол орысша сөйлеудің қытайшаға қарағанда жеңіл екеніндігін түсінер еді - үйреншікті ғой...] Геополитиканы әр тарап өзінше түсінеді. Сіздер, яғни ұлыорыс шовинистері қытай қауіпімен қорқыта отырып бізді өз аулаларыңызға кіргізіп алғыларыңыз келеді. Бұл отаршылар қолданатын сыннан өткен тәсілдерінің бірі.
Сіз «өздеріңді тұтастай жұтып қоюымызға мүмкіндік беріңдер, әйтпесе сендерді қорқынышты айдаһар жеп қоятын болады» дейсіз. Осылайша сіз бізге екі жолдың бірін ғана таңдауды ұсынасыз. Сонда сіздің шовинизміңіз бізге басқа тағдырды қимай ма? Негізінде, біз әлдебір жыртқыштарға арналған дәмді ет емес барыс болғанды қалар едік.
Біз орыс, және қытай тілдерін тек дүниежүзілік тілдер ретінде ғана үйренгенді қалар едік. Онда да міндеттелген ұлтаралық тіл емес, өз қалауымыз бойынша үйренетін шетел тілі ретінде үйренгенді қалар едік. Қазақстанда тек қазақ тілі ғана ұлтаралық тіл болуы тиіс. Жерімізде тұрып жатқан әлдебір келімсек-шовинистерге ұнаса да, ұнамаса да осылай болуы тиіс.
Егер біздің маңдайымызға желіну жазылған болса, онда бізді кімнің жеп қоятыны бәрібір емес пе? Аю жей ме, әлде айдаһар жей ме оның біз үшін не айырмашылығы бар? Мүмкін, сіз сіздердің жеп қоюларыңыз біз үшін үлкен бақыт, үлкен құрмет деп санайтын боларсыз. Онда сіз өзіңізді өте артық бағалайды екенсіз. Мұндай ұлыорыстық менмендіктен арылыңыз. Мен қазақ ретінде сіздің кеңдік тән орыс жанды қарапайым, ізгі ниетті, әділ орыс болғаныңызды қалар едім.
28 - 06 июнь, 2014 ж. 19.07.14.
Комментариев нет:
Отправить комментарий