четверг, 4 июня 2015 г.

Әркім өз орнынан табылса...

Мейрімді, рақымды Алланың атымен бастаймын!

Қажет болған кезде әркім өз орнынан табылса бұл дүниеде шешілмеген мәселе қалмаған болар еді. Негізінде, қандай орнының болмасын атқаруға тиісті өз міндеттері болады. Және, ол орындағы адамдардың ол міндеттерді тиісінше алып жүрулері де қажет. Бірақ, өкінішке орай кейбір орындар өз адамдарын таппауда, немесе, ол орындардағы адамдар өз орындарынан табылмауда.

Соның салдарынан да шешімі оңай небір өзекті мәселелер өз шешімдерін таппай қаңтарылуда. Керісінше, сондай тиісті орындардың құзырымен қажетсіз істер атқарылып, тіпті, зиянды істер де өрге басуда. Себебі, ол орындағы кісілер өздерінен талап етілетін міндеттерді емес, өздеріне қажет істерді көбірек атқарып, істің жайын емес, өздерінің қамдарын көбірек ойластыруда.

Мұндай жандар қандай жақсы бастамаларға да тек өз пайдасы, немесе, қызығушылығы тұрғысынан ғана қарап, өзіне пайда әкелмесе, немесе, ұнамаса ол бастамаларды кейінге ысырып қояды. Кейде олар ондай бастамалар мен сол бастамаларды көтерген адамдардан қауіп ойлап оларды әдейі өткізбеуге де тырысады. Өйткені, солардың кесірінен олардың қалыпты тіршілік ырғағы бұзылып, қосымша қиындықтар туындап, жаңа уайымдар мен мазасыздықтар пайда бола бастар еді.

Оның үстіне тың бастамалар қашанда адамнан белгілі бір шамада іскерлікті, белсенділікті, жігерлілікті талап етеді. Ал, ондай қасиеттері аздық ететін жандар көлеңкеде қалып қоюдан, немесе өз орындарынан айрылып қалудан қатты қауіптенеді. Міне, осындай себептермен де небір қажетті бастамалар қажетті орындардан қажетті адамдарды таба алмай қажетке жаратылмауда.

11.04.14. 

Комментариев нет:

Отправить комментарий