четверг, 7 июля 2022 г.

Біздің де айтар өз сөзіміз болуы тиіс

                                    الرَّحِيمِ الرَّحْمنِ اللّهِ بِسْمِ                 

Мейрімді рақымды Алланың атымен бастаймын!

Ғалым Бақыткерейұлы Осы қазақта бір мінез бар, біреуден көңілі қалса оның қарсыластарын мақтап соның «ыстық құшағын»  аңсап тұрады. Мысалға, түріктерді жамандаймын деп орыстардың жарнамасын қатырып жібереді. Түріктердің дін ұстанғанына қарап діннен түңілу біржақтылық. Бізге түріктік таным да, арабтық таным да қажет емес. Біз, қазақтар, дінді өз түсінігімізбен сараптап, дін ақиқатын өз танымымызбен, өз үлгімізбен танытуға қабілеттіміз.
 
Біз Құран мен Сүннетті басшылыққа ала отырып салафиттік те емес, сопылық та емес осы екіортадан шынайы Ислами таным қалыптастыруға тиіспіз. Бұл жолда бізге түріктердің де, орыстардың да империялық ықпалы қажет емес. Біздің де дін тақырыбында айтар өз сөзіміз, өз жолымыз, өз үлгіміз болуы тиіс. Ин шаа Аллаһ! Болады да! 


Айбек Арабтың танымы қажет емес деп, Құран мен Сүннетті басшылыққа аламын дегенің қай сасқаның? Салафилер де Құран мен Сүннетті басшылыққа алады ғой.
 
Ғалым Бақыткерейұлы  Құран мен Сүннеттен әркім өз қалағанын іздеп, өз қалағанын табады. Егер солай болмаса Ислам діні небір тармақтарға бөлініп жіктеліп кетпес еді. Жалпы, араб деген біртұтас халықтың  жоқ екені, соған орай біртұтас арабтық танымның  да жоқ екені белгілі. Мысалға хариджиттер де, муғтазилиттер де, қазіргі салафиттер де арабтық танымның туындылары болып саналады. Олардың бәрі де Құран мен Сүннетті басшылыққа алады. Мәселе олардың Құран мен Сүннетті қаншылықты дұрыс түсіне алуларында. Егер солай болса қазаққа да бұл дін мәселесінің сыры ашылмаған тың қырлары табылар деп ойлаймын.
 
Бақытбек Сопылықтан бас тарту қазақтың тарихынан, руханиятынан бас тартумен бірдей.
 
Ғалым Бақыткерейұлы Кезінде тәңіршілдіктен де бас тартық. Оны да нағыз қазақылық деп қайта тірілткісі келіп жүргендер бар. Кезінде тәңіршіл болған едік, одан кейін сопылық Исламды ұстандық деп тарихымызға жазып қойсақ сол жеткілікті деп ойлаймын.
 
Тоқберген Орыстың екі түрлі білімі бар. Діл мен тіл білімі. Тіл білімін қазақ халқы әбден меңгергені сонша қазір онан ажырату қазақша ойландыру да қиын болып жатыр. Енді діл білімінде рухани таным тұрғысындағы қазіргі ғалымдарының жазып жатқандары қазақ муфтияты түгіл мен рухани мықтымын дегендерден әлде қайда артық. Тек оларға исламдық тұрғыда құлшылықпен негізделу ғана жетпейді.
 
Біздер Ясауи хикметін сыртын алып ішінің сырын ашқан Абай-Шәкәрімдерімізді танып біліуге де шамамыз жетпей құр бес сезімді меңгеруді қайта дәріптеп кеттік. Абай-Шәкәрімдерді ата дәстүріміздің құндылықтарын орыстарға үйрету арқылы оларды жаппай қазақтандыруға да рухани батырлар керек-ақ. Сонда ғана әлем жұрты орыстар арқылы қазақтың мәртебесін жоғарғы дәрежесі Ясауи баба хикметін таниды.
 
Ғалым Бақыткерейұлы Осы қазақтардың «орыстар бәрін біледі, орыстар сондай керемет ілімді, орыстардан асқан қабілетті халық жоқ» деген оларды пір тұту психологиясы бізді құртып болды. Солай деп миымызға сіңіріп тастағандары соншалықты олардың алдарында төменшіктеп, олар не айтса да «ғажап» деп тамсанып, солардың ауыздарына қарап емініп отырамыз. «Орыстар бізге түсіндіріп, «шайнап» бермесе біз өзіміз түк те түсіне алмаймыз, бізге орыстарға жету қайда» деп өзімізді өзіміз кемсітіп, «осы орыстар бізді адам етті» деп орыстарға сүйініп, өзіміздің орыс болып тумағанымызға іштей қатты өкінеміз.
 
Алланың сол «қателігін» түзету үшін барымызша орыстарға еліктеп, біріңғай орысша сөйлеп, орыстарға тезірек сіңіп кетуге асығудамыз. Құл болып туған адам өле-өлгенше құл болып жүріп, құл болып өледі. Ең болмаса ұрпағымызды құл қылып тәрбиелемейікші. Енді оларды да орыстарға табындырып өзіміз тәрізді құл етіп қою қалып еді!
 
Тоқберген Қазақтың қасіреті де осында, «өзің білме, білгенің тілін алма» деген. «Орыстан керегін ал, керек емесін таста, әдет-салтын алма» деп Абай, Шәкәрім атамыз да зарлап өткен. Пайғамбарымыз  «Ғылымды қытайда болса да үйрен» деген. Орыстың ғалымдарынан озып алып, сосын шіренсе екен осы қазақтар.
 
Осы күнге дейін біліміңнің бәрін европадан, орыстардан көшіріп алып, өзіңдегі Яссауи, Әл-Фараби, Абайларыңды ұғынуға, ғылымын әлемге дәлдеуге шарасыз бола тұра қазақ бәрінен артық деп шіренесіңдер. Дұрысы, орыстарға аударып беріп, олардың сан ғылымынан дәлдеген қазақтың әлемдегі жоқ құндылығын олардан қайта үйрену керек. Намыс деген ғылымен, ақылмен артық болу керек еді, ендігі қазақтар атасының қазақ болғанымен мақтанады.
 
Ғалым Бақыткерейұлы Абай мен Шәкәрімнің заманында қазақтың күні орысқа қарап, сол кездегі бүткіл заманауи білімді орыс халқы арқылы алуға мәжбүр болған соң, әрине, олар үшін орыстан асқан ұлы жұрт жоқ сияқты көрінді. Осы бір орысты пір тұту психологиясының қазақ санасына әбден сіңіп қалғаны соншалықты, қазақ осы күніге дейін дүниеге орыстың көзімен қарап, бәрін де орыстың өресімен өлшейді.
 
Қазіргі жаһандану дәуірінде бізге әлемдік ілім-білімге, ғылыми-техникалық прогреске кеңінен жол ашылып жатыр. Қазір көзі қарақты әрбір қазақ біз таңғалатын ілім-білімдерді орыстардың қайдан алып жатқанын жақсы біледі. Сондықтан бізге орыстардың берген сарқытын сіміре бермей, ілім-білімнің қайнар көзінен өзіміз сусындауға тиіспіз. 

Әлі күнге дейін орыстарға телміріп, орыстардың өресімен ғана шектеліп «орыстар түсінген нәрсені біз әлі түсіне алмай жүрміз, орыстардың деңгейіне жету үшін бізге әлі көп нәрсе керек» деп өзімізді өзіміз кемсіту сол баяғы отарлық сананың сарқыншағы. Орыстар түсінбеген білімдерді түсініп, орыстар игере алмаған ілімдерді игеріп, орыстар жетпеген жетістіктерге жетуге біздің мүмкіндігіміз де, қабілет-қажырымыз да жеткілікті. Сондықтан өз биігімізді орыстың биігімен ғана шектей бермей  өзіміздің биігімізге ұмтылайық.                                                                           

Комментариев нет:

Отправить комментарий