الرَّحِيمِ الرَّحْمنِ اللّهِ بِسْمِ
Мейрімді, рақымды Алланың атымен бастаймын!
Азамат Ауызды 3 рет шайған пайдалы ма, әлде тіс пастасымен ысқан дұрыс па?
Galym Baqytkereiuly Сіз дәрет алудағы үш рет ауыз шаю жайында айтып отырсаңыз, онда оның мәнісін түсіну керек. Біз Алланың ризалығы үшін дәрет алуға ниет қойып оны «Бисмиллях» деп Алланың атымен бастағанда бұл жай ғана жуыну емес, бұл құлшылық амалға айналады. Соған сәйкес сол арқылы да күнәлар өтелетін болады. Мысалы, дәрет алғанда қай мүшені жусаң, сол арқылы сол мүше арқылы жасаған күнәларың шайылады. Бұл жөнінде айтылған бірталай хадистер бар.
Әбу Хурайра жеткізеді: «Алланың Елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) былай деді: «Мұсылман, немесе мүмін дәрет (тахарат) алған кезде бетін жуа отырып дәрет суымен, немесе сол судың соңғы тамшыларымен көзі арқылы жасаған күналарын жуып тазартады. Қолын жуа отырып дәрет суымен, немесе сол судың соңғы тамшыларымен қолы арқылы жасаған күнәларын жуып тазартады. Аяғын жуа отырып дәрет суымен, немесе сол судың соңғы тамшыларымен аяғы арқылы жасаған күнәларын жуып тазартады. Солай адам барлық күнәларынан тазарады. (Муслим, «Тахарат» 32; Тирмизи, «Тахарат» 2/2).
Әбу Хурайра жеткізеді: «Алланың Елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) айтады: «Шын мәнінде Қиямет күні менің үмметім дәреттің ізімен нұр шашқан жүздерімен, қолдарымен, және аяқтарымен шақырылатын болады. Кім нұрын артыра алатын болса, солай істесін». (Бухари, «Вуду» 3; Муслим, «Тахарат» 35).
Әбу Хурайра жеткізеді: «Алланың Елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) бейітке келді де «Сәлем сіздерге, о марқұм болған мұсылмандар! Ин шаа Аллаһ! Бір күні біз де сіздерге қосыламыз. Мен өз бауырларымды соншалықты көргім келеді» деді. Сондасахабалар одан: «Ал біз сіздің бауырларың емеспіз бе?» деп сұрады. Алланың Елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) «Сіздер – менің сахабаларымсыңдар, ал менің бауырларым – әлі келмегендер» деді. Сонда сахабалар: «О, Алланың Елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) сіз өз үмметіңізден әлі келмегендерді қалай танитын боласыз?» деп сұрады. Алланың Елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) «Ойлап қараңыздар, біреудің маңдайында ақ жұлдызы бар, және аяғы ақ аты болса, ол қара түсті жылқылар табынынан өз атын қалай танымайды?» деді. Сахабалар «Әрине, таниды. О, Алланың Елшісі» деді. Сонда Алланың Елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Сол сияқты біздің бауырларымыздың жүздері, қолдары, және аяқтары дәреттің ізімен нұрланып тұратын болады. Мен олардан бұрын барып өз бұлағымның басында оларды құрметпен күтіп алатын боламын. Байқаңыздар! Кейбір адамдар табыннан қуылған түйе сияқты бұлақтың басынан қуылатын болады. Сол кезде мен оларды «мұнда келіңдер!» деп шақырамын. Сонда маған: «Олар сенен кейін сенен қалған нәрсені өзгертті» делінеді. Сонда мен «менен аулақ кетсін, аулақ кетсін» дейтін боламын». (Муслим, "Тахарат» 39; Фадаил 26; Насаи, «Тахарат» 110/150; Ибн Маджа, «Зухд» 36; Муватта’, «Тахарат» 28; Ахмад, II, 300, 408).
Саубан жеткізеді: «Алланың Елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) былай деді: «Шыншыл болыңыздар, (бірақ) сіздер бәрін кемел түрде орындай алмайсыздар. Біліп жүріңіздер, сіздердің ең қайырлы істеріңіз – намаз. Тек мүміндер ғана (үнемі) дәретпен жүреді». (Ибн Маджа, «Тахарат» 4; Муватта’, «Тахарат» 36; Ахмад, V, 276, 282; Дарими, «Тахарат» 2).
Егер бетті, қол мен аяқты жуғанда солар арқылы жасалған күнәлар шайылатын болса, демек, ауызды үш рет шайғанда да ауыз арқылы тапқан күналар сумен бірге шайылады. Жалпы, «күнәлардың шайылуы», яғни «күнәлардің кетуі» деген сөздер адам үшін соншалықты маңызды, пайдалы нәрсе ретінде қабылдана бермейді. Бірақ, шын мәнінде, күәлардың кетуі дегеніміз сол күнәлар арқылы келіп тұрған, адамның жанын да, тәнін де қинап жүрген ауру, немесе бейнет тәрізді қиындықтардың кетуі. Осылайша Алла тағала жай ғана жуынуды да адам баласы үшін нығмет етіп қойған.
Ал тіс пастасымен тіс тазалауда дәрет алуға тән мұндай ерекше қасиет жоқ. Сондықтан сіздің бұл салыстыруыңыз орынсыз. Екеуін шатастырмаған жөн. Күнделікті тіс пастасын қолданып тіс тазалап жүремін десеңіз оған еш қарсылық жоқ. Бірақ дәретте ауызды үш рет шаю, бұл - құлшылық амал, соған орай сол үшін де сауап жазылып, күнәлардың өтелетінін ескеріңіз. Мұсылмандар тіс пастасының орнына ауыз қуысы мен тістің тазалығы үшін мисуәк қолданады. Ол да сүннет амалға жатады. Ал сүннет амалды орындағаны үшін де адамға сауап жазылады.
«Мисуак ауыз қуысын тазартады, Алланың ризалығына бөлейді» (Насаи, «Тахарат» 5/5).
«Егер мен үмметім үшін қиындық тудырмайтыныма сенімді болсам, онда әр намаздың алдында мисуак қолдануды әмір етер едім». (Бухари, «Джума»).
Мисуак сүннет амал болғанымен де құнды. Сондай-ақ, оның құрамында ауыз қуысының гигиенасы мен тіс үшін пайдалы табиғи ферменттер бар екені жөнінде ғылыми деректер де бар. Қамқор Алла тағала мұсылмандар үшін не қажеттің бәрін оларға парыз, және сүннет ретінде бекітіп қойған. Егер мұны түсіне алмасақ, білместікпен оны сынға алып өзімізге күнә таппалықшы...
Азамат Пайғамбар «білімнің жартысы сұраудан тұрады» деген. Сынап отырған жоқпын, сұрап отырмын.
Комментариев нет:
Отправить комментарий