четверг, 7 июля 2022 г.

Орамал - қыздарымыз үшін тақуалықтың шыңы

                                             الرَّحِيمِ الرَّحْمنِ اللّهِ بِسْمِ   
                                
Мейрімді, рақымды Алланың атымен бастаймын!

 
Биылғы оқу жылы да басталды, сонымен бірге былтырғы оқу жылында біраз шу болған орамал дауы жаңа қарқынмен қайта басталды. Былтыр Ақтөбе облысы бойынша 22 оқушы қыз Ата заңымызды аяққа басқан Білім министірлігінің жеке дара шешімі бойынша мектепке кіре алмай өздерінің Ата заң бойынша бекітілген білім алуға деген азаматтық құқығын пайдалана алмады.
 
Осы орайда орамал таққаны үшін соншалықты қысым көріп білім ордаларынан шеттетіліп, тіпті кейбір жағдайда мектептен тәртіп сақшылары арқылы шығарылатындай  бұл қыздарымыз кімдердің «егініне түсті» екен деген таңғалыс туындайды. Бұл сұраққа жауап іздей отырып мына бір Ресейлік Балалар денсаулығы ғылыми орталығының (Научный центр здоровья детей, НЦЗД) келтірген деректеріне назар аударалық.
 
Бұл ғылыми орталықтың сараптамасы бойынша Ресейлік оқушы қыздардың 40 пайызы 15 жасқа дейін пәктігінен айырылса, олардың 8 пайызы 13 жасқа дейін төсек қатынасының «дәмін татқан» екен. Ал сауалнама жүргізілген Подмосквьенің мектептеріндегі, және кәсіптік училищелердегі 650 қыздың  100 пайызы 17 жасқа дейін, яғни кәмелеттік жасқа толғанша пәктігінен айырылған болып шықты.
 
Бұл 2014 жылғы монографиялық еңбекте келтірілген деректер. Ал қазір 2018 жылды аяқтап қалғанымызды ескерсек бұл статистика әлдеқайда жасарып, оқушы қыздардың  рухани құлдырауы жаңа деңгейге көтеріліп, азғындық өмір салты оқушылыр арасында терең тамыр жайып кеткенін болжауға болады. Осындай деректерді келтіре отырып Ресейлік балалар денсаулығы ғылыми орталығы жас жеткіншектердің денсаулығына алаңдаушылық білдіреді.
 
Олардың деректері бойынша жыныстық қатынасқа түсіп жүрген оқушы қыздардың арасында гинекологиялық ауытқулар жыныстық қатынастан аулақ қыздарға қарағанда екі есеге жуық көп екен. Орталықтың соңғы 50 жылғы статистикасы бойынша оқушылардың репродуктивті, және жалпы денсаулығы жылдан жылға нашарлап барады. Егер 1980 жылы денсаулығы толық жақсы қыздар 28% болса, қазіргі кезде олардың үлесі бірнеше пайыз ғана болып қалған.
 
Міне, Ресейдегі білім ордаларындағы ақуал осындай. Және мұндай қиын жағдайдан шығар жолды көре алмай Ресейдің білім саласының мамандары шарасыздыққа салынуда. Осындай тығырыққа тіреліп отырған Ресеймен қай салада болмасын тығыз байланысып, етене араласып отырған Қазақстанның мектептерінде де тап сондай жағдайдың орын алуы әбден мүмкін. Және бізде Ресейге бағыт түзеген орыстілділер мен орыс мектептерінің көптігін ескерсек бұл қауіп еселене түседі.
 
Бірақ, Аллаға шүкір, қазақ мұсылман халық. Және сол мұсылмандығы оны көптеген теріс ықпалдан сақтап, өзгелер түсіп жатқан орларды айналып өтуге мүмкіндік береді. Оның бір көрінісін біздегі білім ордаларынан байқауға болады. Орамал тартып, жабық киінген қыздар өз орталарында жалпы ақуалға оңды ықпал етіп, сабаққа деген ықыластың, ұстазға деген құрметтің, инабатты қазақы тәрбиенің үлгісін көрсетуде.
 
Бірақ, өкінішке орай, соңғы кездері түрлі сылтаулар мен уәждер алдыға тартылып діннің қандай болмасын көріністерін білім ордаларына енгізбеу әрекеттері жасалуда. Егер мектептерімізде ең болмағанда Кеңестік кезеңдегідей моралдік тәрбиеге баса мән беріліп оқушыларды жат қылықтардан сақтайтын мықты қадағалау болса жаман болмас еді. Бірақ мектептерде тәрбие мәселесі мүлде назардан тыс қалуда. Соның нәтижесінде оқушылар арасында жыныстық қатынасқа түскен, тіпті оны үйреншікті әдетке айналдырғандардың қатары едәуір болып қалған.
 
Қазақстандағы БҰҰ тұрғын халық саласындағы қоры (ЮНФПА) жүргізген зерттеу нәтижесіне назар аударсақ  Қазақстандықтардың 64 пайызы жыныстық қатынасқа алғаш рет мектеп жасында түседі екен. Жастардың 13,6 пайызы «секс әлеміне» 15 жасқа дейін, ал 50 пайызы 18 жасқа дейін қадам басқан.  Және мектеп жасындағылардың 40 пайызының екі, немесе одан да көп жыныстық серіктестері бар екен. 2010 жылы 15-19 жас аралығындағы 1000 қыздың ішінде жүкті болғандардың саны 28,3 болса, 2014 жылы бұл көрсеткіш 34,7 жеткен.
 
Бұл статистикалық деректер Ресейлік деректер тәрізді 2014 жылғы деректер. Және өз мүддесін көздейтін шетелдік қордың зерттеу нәтижесі де белгілі бір сенімсіздік тудырады. Бірақ Қазақстандықтардың 64 пайызы жыныстық қатынасқа алғаш рет мектеп жасында түседі деген деректі екі есе кемітіп алғанда да 34 пайыз деген сан біз үшін аз емес. Бұл әрбір үш оқушының бірі сау емес деген сөз. Және сонан бергі төрт жыл ішінде бұл көрсеткіштің едәуір артқанына еш күмән жоқ.
 
Егер  орамалға тиым салынбаса мектептердегі мұндай азғындық үрдістің алды алынған болар еді. Орамал тартқан, яғни дін ұстанатын қыздардың жат қылықтардан бойларын аулақ ұстайтынын басқалар білмесе де мектептегі ұстаздары мен сыныптас оқушылар жақсы біледі. Сондықтан жалпы алғанда мұғалімдер де, мектептегі оқушылардың көпшілігі орамал таққан қыздарға жақсы көзқараста. Және көптеген оқушылар соларға қарап бой түзейді.
 
Негізінде, оқушы ер балалар арасында да дінге бейім, тіпті намаз оқып, мешіттен сабақ алып жүрген оқушылар аз емес. Сондықтан жалпы алғанда, дін ұстанатын оқушылардың сыныптағы ақуалдың оңды қалыптасуына ықпалдары өте зор. Тап осы мәселе, яғни мектептердегі дін ұстанатын оқушылардың өзгелерге әсері кейбір ішкі, және сыртқы күштерге ұнамайтыны анық. Оны тек орамалға қатысты ғана тиымнан емес, жалпы оқушылардың дін ұстануына қатысты, олардың намаз оқып, мешітке баруларына қатысты түрлі қадағалаулардан аңғаруға болады.
 
Дүниеде  ЛГБТ деген қозғалыстың бар екенін көпшілік біле бермейтін. Сондықтан  олар ЛГБТ қоғамдастығының өздеріне қатысты қаншалықты ауқымды да, зұлым жоспарлары бар екендігінен хабарсыз. Лесбянка, гей, бисексуал, трансгендер деген атауларды иемденген азғындардың бұл қоғамдастығы өте ықпалды күштердің қолдауына ие. Сондықтан олар сыналап еніп бара жатпаған елдер мен халықтар кем де кем. Соның ішінде балалар білім алып, тәрбиені бойға сіңіретін мектептер осы ЛГБТ қоғамдастығының басты назарында.
 
Ресей мектептерінде қалыптасқан оқушылар арасындағы моралдық азғындау осы  ЛБГТ қоғамдастығына даңғыл жол ашып беріп жатыр. Соның нақты бір көрінісі, Ресейлік Балалар денсаулығы ғылыми орталығы (НЦЗД)  балалардың денсаулығын сақтау мақсатында мектеп бағдарламасына сексуалдық білім беру сабағын енгізуді ұсынып, сол арқылы балалардың сексуалдық білімін арттыруды ұсынуда.
 
Негізі,  балалардың денсаулығын қамқорлық алу ауқымында қабылданған, мектептерде балаларға міндетті түрде сексуалдық білім беру жөніндегі Европа социалдық Хартиясының ұсынысын Ресей 2009 жылы ратификациялаған. Бірақ оны орындауды міндетті санамаған. Сол себепті де НЦЗД дайындаған мектептерде сексуалдық білім беру бағдарламасы Мемлекеттік Думада да, халық арасында да қолдау таппаған.
 
Жалпы, мектеп бағдарламасына сексуалдық білім беру сабағын енгізу Ресейдегідей шарасыздықтан, не болмаса Батыстағыдай жоспарлы түрдегі мақсаттан туындайтын ұсыныс. Бұл бағдарлама бойынша балаларға еркек пен әйелдің жыныстық ерекшеліктері, олардың арасындағы сексуалдық қатынас жайында білім беріліп, соған орай қауіпсіз секс әдістері де үйретіледі. Бірақ мұндай білімнен балалардың денсаулығы қаншалықты жақсармақ?
 
Әрине, презерватив қолдану арқылы әртүрлі жұқпалы аурулардан, және жоспарсыз жүктіліктен белгілі бір шамада сақтануға болар. Бірақ осынау сексуалдық білім беру сабағы балаларды ерте жастан жыныстық қатынасқа түсуден, және әркіммен бір жыныстық қатынасқа түсуден тия алмайды, керісінше оларды соған баулиды. Олай болса мұндай білімнің әсерінен балалар ерте жастан жыныстық қатынасқа түсіп, онымен безберекет айналысатын болса одан олардың денсаулығы қаншалықты жақсармақ??
 
Сексуалдық білім беру сабақтарында моралдық тәрбие емес, сақтық шаралары басты назарда ұсталынып, сол арқылы азғындыққа кеңінен жол ашылады. Яғни, қалай, кіммен, қанша адаммен, қай жерде, қанша рет жыныстық қатынасқа түссең де өз еркің, тек жұқпалы аурулар мен жүктіліктен сақтасаң болды. Мұндай бағдарламаны балиғат жасына, яғни 17 жасқа толмаған, демек отбасын құрып жыныстық қатынасқа түсуге тиісті емес  мектеп оқушыларына оқытудың не қажеті бар?
 
Мектептегі оқушылар арасында адалдық, тазалық, инабаттылық, силастық тәрізді адами пәк сезімдер қалыптастыру бағытында жұмыс жасалуы тиіс. Тәрбиенің алтын өзегі осы. Адамшылық қасиеттер сақталмайтын, адамгершілік ұғымы бұрмаланған, тек еркін сексуалдық қатынас пен қалауыңша ләззат алу уағыздалатын сабақтың жас өскіндерге не пайдасы бар? Мақсат лесбиянка, гей, бисексуал, трансгендер сияқты небір азғындарды тәрбиелеу ме?
 
Егер Ресейлік Балалар денсаулығы ғылыми орталығы (Научный центр здоровья детей, НЦЗД) балалардың денсаулығын сақтау қажет деген уәжбен Ресей мектептеріне сексуалдық білім беру сабағын енгізуге әрекет жасап жатса, ондағы мектеп оқушыларының моралдық ақуалы соған мәжбірлеуде деп түсінген жөн болар. Жыныстық жолмен таралатын инфекциялар жұқтырылып, жыныстық қатынасқа ерте түсіп, жастай жүкті болып аборт жасату, және балаларын қоқысқа лақтыру әдетке айналған жағдайда бұл да бір шарасыздың шарасы.
 
Бұндай шарасыздық ақуалы ЛГБТ ұйымы үшін таптырмас жағдай, сондықтан олар мектептерде осындай жағдайды қалыптастыру бағытында жұмыстар жасап, мектеп оқушылардың арасында ағындықтың одан әрі тарала түскенін қалайды. Соның нәтижесінде мұндай мектептер болашақ ЛГБТ мүшелері мен белсенділерін даярлап шығаратын азғындықтың ордаларына айналады.
 
Ресейде бұл бағыттағы жұмыс айтарлықтай табысты жүріп жатса, сол елмен бір қосаққа жегіліп, тағдыры тығыз байланысқан Қазақстаннан да сондай нәтиже күту орынды. Бірақ Қазақстанда азғындықтың жолына тұрып алған өте бір қажырлы күш Ислам дінінің бар екені  ЛГБТ ұйымының бар жоспарын бұзуда. Егер осы дін мектептерге еніп онда орнығып алса, онда ол жерде азғындыққа еш орын қалмайды. Яғни, ЛГБТ ұйымының мектептерге ену жоспарының жолы кесіледі.
 
Сондықтан қазіргі кезеңде Исламды мектептерге енгізбеу бағытында сыртқы күштер тарапынан түрлі әрекеттер жасалып жатыр деп болжауға болады. Олар түрлі қоғамдық ұйымдар мен түрлі тетіктер арқылы билікке ықпал етіп, оларды заманауи озық мектептік бағдарламалар арқылы қызықтырып, соларды өткізу үшін түрлі бағыттағы жоспарлы әрекеттер жасап жатқанын жоққа шығаруға болмайды.
 
Егер олардың осы мақсаттағы әрекеттері өрге басатын болса, онда Қазақстанда да  батыстық «озық» өркениеттің көшіне ілескен болар еді. Соның  басты жетістігі ретінде, әрине елімізде жезөкшелер үйі ашылып, біржынысты некелер заңдастырылып, біржынысты жұбайлардың бала асырап алуына мүмкіндік берілер еді. Әрине, Алла оның бетін аулақ етсін!

Бізді осындай азғындықтың «шыңына шығудан» мектептегі оқушы қыздарымыздың қарапайым ғана орамалы сақтап тұр десек қателеспейміз.  Өйткені, орамал біздің қыздарымыз үшін тақуалықтың шыңы. Егер қыздарымыз тақуа болса, онда еліміз үшін де, халқымыз үшін, біз үшін де алынбайтын асу болмайды. Және біздің жұмағымыздың  кілті қазіргі бүлдіршін қыздарымыздың, болашақ аналардың табаны астында екенін де ұмытпайық!  

Комментариев нет:

Отправить комментарий