الرَّحِيمِ الرَّحْمنِ اللّهِ بِسْمِ
Мейрімді, рақымды Алланың атымен бастаймын!
Жауынгер. Хироо Онода (суретте оң жақта) – Жапон империясы қарулы күштерінің әскери барлауының кіші лейтенанты. Ол 1944 жылдың желтоқсан айында жау тылында диверсиялық операцияларды жасау үшін арнайы топтың командирі ретінде Филиппин аралдары Лубангке жіберілді. Аттанар алдында жас офицер өзінің командирі, генерал-лейтенант Сидзуо Ёкоямадан мынадай бұйырық алды:
«Өзіңді өзің өлтіруге қатаң тиым салынады! 3-5 жыл шыдауға тырыс. Мен міндетті түрде сені іздеп барамын. Жалғыз солдатың тірі қалса да күресті тоқтатпа, тіпті пальма жемісімен қоректенуге тура келсе де. Қайталап айтамын, өзіңді өзің өлтіруге қатаң тиым салынады!».
Лубанг аралына жеткен соң Онода аралдың жапон басшылығына ұзақ қорғанысқа дайындықты бастауға ұсыныс жасады. Алайда оның бұл ұсынысы назарға алынбады. Соның салдарынан АҚШ әскері жапондарды еш қиындықсыз талқандап жас барлаушы өз отрядымен тауға қашуға мәжбүр болды. Онода джунглиде база құрып өзінің қарамағындағылар: бірінші сыныпты қатардағы жауынгер Юити Акацу, жоғарғы сыныпты қатардағы жауынгер Кинсити Кодзука, және капрал Сёити Симадамен жау тылында партизандық соғыс жүргізе бастады.
1945 жылдың 2 қыркүйегінде Жапония капитуляция туралы актке қол қойды. Көп ұзамай Оноданың қолына соғыстың аяқталғаны туралы американдық листовкалар түсті. Ал сол жылдың аяғында 14-ші армияның командирі Томоюки Ямаситидің қаруды тастап капитуляция жасау жөніндегі бұйырығы джунглиге самолеттен тасталды. Алайда Онода бұл документті жаудың үгіті ретінде бағалап аралдың жапондардың қарамағына қайтарылуын күтіп АҚШ-қа қарсы күресін жалғастыра берді.
Ал жапон үкіметі болса бұл топпен байланыс үзілгендіктен 1945 жылдың қыркүйегінде оның мүшелерін қаза тапты деп жариялады. Алайда бұл топтың бір мүшесі Юити Акацу 1950 жылы филиппин полициясына беріліп 1951 жылы отанына қайтып оралды. Соның арқасында жапон үкіметіне Онода мен оның қарамағындағы екі жауынгердің әлі тірі екендіктері мәлім болды.
1954 жылы 7 мамырда Лубанг аралының орманында филиппиндік полиция отряды Онода группасымен қақтығысып қалды. Атыс барысында шегінген жолдастарын бүркемелеген капрал Сёити Симада қаза тапты. Осы инциденттен кейін филиппин үкіметі жапон комиссиясының мүшелеріне жапон солдаттарын іздестіруге рұқсат берді.
Юити Акацудың көрсетуі бойынша комиссия 1954 жылдың мамыр айында, 1958 жыл толық, және 1959 жылдың мамыр-желтоқсан айларының аралығында іздестіру жұмыстарын атқарды, бірақ Онода мен оның қарамағындағыларды табу мүмкін болмады. Он жыл өткен соң, 1969 жылы 31 май айында жапон үкіметі екінші қайтара оларды қаза тапты деп жариялап оларды «Көтерілген Күн» орденімен марапаттады.
Бірақ, 1972 жылы 19 қыркүйекте филиппин полициясы шаруалардың күрішін тартып алмақ болған жапон солдатын атып өлтірді. Ол Оноданың соңғы солдаты Кинсити Кодзука болып шықты. Соған байланысты сол жылдың 22 қыркүйегінде Жапонияның әл-ауқат министрлігі Филиппинге марқұм мен Оноданың туыстарынан, және жапон солдаттарын құтқарушы барлау комиссиясының мүшелерінен тұратын делегацияны аттандырды. Бірақ бұл іздеуден де ешқандай нәтиже шықпады.
Лубанг джунглиінде жүрген 30 жыл барысында Онода ондағы жағдайға бейімделіп, көшпелі өмір салтын ұстанды. Қарсыластары мен әлемдегі оқиғалар жөнінде мәлімет жинап, филиппин әскерилері мен полицейлеріне бірқатар шабуылдар жасады. Ол өзі атып алған жабайы буйволдардың кептірілген етімен, сондай-ақ, пальма, соның ішінде негізінен кокос жемісімен қоректенді.
Онода өз солдаттарымен американдық радар базасына, филиппиндік чиновниктер мен поицейлерге жүзден аса шабуыл жасады. Осы операциялар барысында олар әскерилер мен бейбіт азаматтардың 30 өлтіріп, 100 ауыр жарақаттады. Қарсыластарының базасына жасаған шабуылдардың бірінде ол радиоқабылдағышты қолға түсіріп, оны дециметрлік толқындарды қабылдайтын етіп қайта құрастырып алып айналасындағы дүние жайында ақпараттар ала бастады.
Сондай-ақ, ол жапондардың іздеуші комиссияларының мүшелері джунглиде қалдырып кеткен жапон газеттері мен журналдарын да тауып алып отырды. Сондықтан ол Жапониядағы оқиғалар жайында жақсы хабардар болды, мысалға, ол принц Акихитотың 1959 жылы үйленгенін, 1964 жылы Токиода Жазғы Олимпиада ойындарының өткенін, және «жапондық экономикалық керемет» жайында білді. Бірақ ол өз елінің екінші дүние жүзілік соғыста жеңіліс тапқанына сенуден бас тартты.
Майданға аттанар алдында офицерлер училищесінде Оноданы қарсыластың соғыстың аяқталғаны туралы дезинформацияға жүгінетіні жайында оқытқан болатын, сондықтан ол саяси бағыттағы оқиғаларға сенімсіздік танытты. Ол Жапонияны қазіргі кезде басқарып отырған үкімет АҚШ-тың марионеткасы, ал нағыз Императорлық үкімет Манчжурия территориясында қуғында жүр деп ойлады.
1950—1953 жылдардағы Корей соғысы Онодаға Кореяның оңтүстігіндегі АҚШ позициясына жапондардың Манчжуриядан жасаған қарсы шабуылы тәрізді көрінді. Ал 1959—1975 жылдардағы Вьетнамдағы созылмалы соғысты ол Жапонияның Императорлық армиясының капитуляция алдында тұрған АҚШ армиясына қарсы жасаған сәтті компаниясы ретінде бағалады.
1976 жылы 20 ақпан айында Норио Судзуки деген жапондық жас саяхатшы студент Лубанганың джунглиінде жүріп Онодамен кездейсоқ кездесіп қалды. Судзуки соғыстың аяқталғанын, жапондардың ол соғыста жеңіліс тапқанын, және Жапонияның қазіргі өркендеуі жайында айтып оны отанына қайтуға үгіттеді. Алайда Онода өзінің үлкен офицерінің рұқсаты болмайынша қызмет орнын тастап кете алмайтынын айтып оның ұсынысынан бас тартты.
Судзуки Жапонияға жалғыз өзі қайтып оралды да жапон барлаушының суретін көрсетіп жапон бұқаралық ақпарат құралдарында зор толқыныс тудырды. Жапон үкіметі соғыс аяқталған соң кітап дүкенінде жұмыс істеп жатқан Жапон Императорлық армиясының бұрынғы мойоры, Оноданың тікелей командирі Ёсими Танигутимен жедел байланысты. Содан 1974 жылы 9 наурызда Танигути Лубангке ұшып келіп Онодамен кездесті. Ол әскери форма киіп оған келесі бұйырықты жария етті:
«1. Оның Ұлылығының бұйырығы бойынша барлық әскери бөлімдер соғыс операцияларын орындаудан босатылады.
2. «А» әскери операциялары жайындағы № 2003 бұйрық бойынша 14-ші армияның Генералдық штабының ерекше группасы барлық операцияларды орындаудан босатылады.
3. 14-ші армияның Генералдық штабының ерекше группасына бағынатын барлық бөлімшелер мен тұлғалар ұрыс пен маневрларды жедел тоқтатуға, және жуықтағы жоғарғы офицерлердің басшылығын көшуге тиісті. Егер ол мүмкін болмаса, онда олар АҚШ армиясымен, немесе оның одақтастарымен тікелей байланысып, олардың инструкцияларына ерулері керек. 14-ші армияның Генералдық штабының ерекше группасының командирі Ёсими Танигути».
1974 жылы 10 наурызда Онода радар станциясына келіп Танигутиге есеп берді де филиппин әскерилеріне берілді. Оның үстінде толық әскери обмундирование, қолында Арисака 99 типті винтовка мен оның 500 патроны, бірнеше қол гранатасы, жән самурай қылышы болды. Капитуляцияның белгісі ретінде жапондық өзінің қылышын база командиріне тапсырып өлімге дайын болды. Алайда командир оны «армиялық адалдықтың үлгісі» деп атап оның қаруын өзіне қайтарып берді.
Филиппин заңдары бойынша 1945—1974 жылдар аралығында жасаған тонаушылықтары мен өлтірулері, полициялар мен әскерилерге жасаған шабуылдары үшін Онода өлім жазасына кесілуге тиісті еді, бірақ Жапония Ішкі Істер Министрлігінің араласуымен ол кешірімге ие болды. Капитуляция рәсіміне екі елдің жоғарғы лауазым иелері, соның ішінде Филиппиннің сол кездегі президенті Фердинанд Маркос қатысты. Онода 1974 жылдың 12 наурызында өз отанына салтанатпен қайтып оралды. Ол 2014 жылы 16 қаңтарда Токиода 92 жасқа 2 ай жетпей қайтыс болды.
Ғалым Бақыткерейұлы «Парыз», «қарыз» деген адами ұғымдар санамызға сіңбей халқына да, тіліне де, дініне де адал бола алмай жүрген қазақтар, біз де өзімізді батыр халық санаймыз. Соған қарағанда біз нағыз батырлықтың не екенін білуден де қалғанбыз-ау, шамасы... Мына жапон солдаттарының қайсарлықтары мен табандылықтарына, антқа адалдықтарына қарап ойланайықшы. Біз осы қаншалықты батырмыз?????
Тимур Жапондардың бәрін батырға айналдырып жібердіңіз.
Ғалым Бақыткерейұлы Тимур, бірыңғай батырлардан тұратын халық болмайтыны анық қой, бірақ батырлықта өзгелерден көш ілгері тұратын халықтардың болатынын мойындаған жөн. Осы тұрғыдан алғанда жапондардың бізден әлдеқайда артық екені осы мысалдан анық көрініп тұр. Бір ұрыста бір сәттік қана ерлік көрсету, бір соғыста өз адамдарың арасында жүріп батырлық таныту соншалықты таңданарлық іс емес.
Бірақ төрт солдаттың төртеуі де табандылық танытып, ондаған жылдар бойына соғыс жағдайында, жау территориясында жүруі мойымас жігер, қайтпас қайсарлықты көрсетеді. Жауға берілген біреуінің өзі бес жылға дейін шыдаған. Олар жай ғана тығылып өмір сүрсе екен, жоқ, олар өздері соқтығып ұрыс ашып, жаудың 30 солдатын өлтіріп, 100 жаралаған. Және бұл жау жерінде, дұшпандарының арасында жүргізілген шайқас.
Олар өздерінің жеңетіндіктеріне еш күмәнданбаған, ешбір үгітке көнбеген, өз анттарына барынша адалдық танытып, әскери бұйырықты мүлтіксіз орындаған. Барлаушылар ретінде олардың киім ауыстырып, түрлі айла-тәсілдерге жүгініп өз елдеріне жетуге мүмкіндіктері болды. Бірақ олар ондай мүмкіндіктен бас тартып, өз әскерлерінің жеңісіне өз үлестерін қоспақ болып партизандық соғыс жүргізген. Сол арқылы әскери парыздарына, Отан алдындағы борыштарына, берген анттарына барынша адал болған.
Егер олар батыр болмаса түрлі сылтаулар арқылы өздерін ақтап, қол көтеріп жауға беріліп, тезірек елге, отбасыларына қайтуға асыққан болар еді. Бірақ олар олай істемеді. Олар мұндай әрекетке тек өздерінің әскери басшылығынан бұйрық болған жағдайда ғана барған болар еді. Өйткені, олар үшін басшылықтың бұйрығы - Отанының бұйырығы. Бұл парыз бен қарызға адалдықтың жоғарғы көрінісі.
Олардың қасында қызметтегі міндетіне де адал болмай пара алып ел мүддесін сатып жүрген, «мәмбет», «отсталый» болып көрінуден қорқып орысша сөйлеп жүрген қандастарымыз батыр болып па? Бейбіт күннің өзінде ел алдындағы, халқы алдындағы парыз, қарыздарына адал бола алмай жүрген көптеген қазақтар қиын қыстау заман туса бас амандығын ойлап, жауға бой ұсынып, дұшпандары алдында құлдық ұрмасына кім кепіл?
Қалай десек те камикадзе, харакири сияқты жанкештілік дәстүрлері бар, жігерлі, табанды, қайсар, тәртіпке мығым, антқа адал, еңбекқор, қабілетті жапон халқынан үйренетініміз көп деп ойлаймын.
Тимур Ұлы Отан соғысында қазақтар ерлік жасаған жоқ па?!
Ғалым Бақыткерейұлы Қазақ бұрын батыр болса болған шығар, бірақ қазір сол батырлық қайда? Батырлық Отанын сүйетін, халқына адал, рухы мықты, жігерлі, қайсар, табанды адамдардан шығады. Қазіргі халқынан да, тілінен де, дінінен де безініп кім көрінгенге жалтақтап, өз жерінде жат жұрттықтарға тәуелді болып жүрген қазақтардың «батыр халықпыз» деп құр күпінгені кімге керек?
Нағыз батыр адам күшке де жүгінбей, артық мінез де көрсетпей сұсымен-ақ ықтырып, қарсыластың мысын басады. Егер осындай қазақтары көп батыр халық болсақ ешбір жат жұрттық бізді басынбай, бізге құрмет көрсетіп, өз орындарын біліп жүрер еді. Бірақ өкінішке орай олай емес. Оны өзің де мойындарсың деп ойлаймын.
Тимур Қазақты жапонмен салыстыруға болмайды, олар біреудің қол астында болған емес.
Ғалым Бақыткерейұлы Жапондардың өзгенің қол астында болмауының өзі олардың батырлықтарына дәлел. Өзге елдерді жаулап алып, оларды өздеріне отар етіп, оның халқын арзан жұмыс қолы етіп, елді өздерінің тауарын өткізетін рыногі етіп пайдаланғысы келетін империалист елдердің кезінде Жапонияға да көз тіккені анық. Бірақ бұл елді жаулап алып, халқын құл етіп ұстап тұрудың пайдасынан көрі шығыны көп болатын бағамдаған олар бұл елден аяқтарын тартқан.
Тимур Олардың біреудің қол астында болмау себебі батырлықтан емес, тек географиялық аралда орналасуынан.
Ғалым Бақыткерейұлы Сонда оларға отар іздеп жалаңдаған европа империалистерінің аяғы жетпей қалды демексіз бе? Сонау қияндағы Америкаға жетіп, оны қанға бөктірген империалистер үшін Жапон аралдарына аяқ басудың еш қиындығы болған жоқ деп білемін. Іргесіндегі Қытайды жаулап алған европалықтырдың Жапонияға жете алмай қалуы ақылға симайды. Ал Жапонияға көрші отырған Ресей империясын қайда қоясыз?
Тимур Ресейге де, европалықтарға да жапон жерінің ешқандай да маңызы болған емес. Олардың Үндістанды жаулаған себебі, оларда алтын қоры, кені көп болғандықтан ғана, ал Ресей Алясканы сата салды.
Ғалым Бақыткерейұлы Егер әлсіз ел болғанда Жапонияны да жаулап алу империялистердің жоспарында болғаны анық. Өйткені олар жаулап алу соғыстарында бір-бірімен жарысып, бәсекелесіп мүмкін болған елдердің бәрін жаулап ала берді. Ешқандай қызығарлық табиғи байлықтары жоқ талай Африка мен Азияның елдері құлдыққа түсті. Экономикасы дамып өз тауарларын өткізетін рынок іздеген капиталистер үшін халқы көп Жапония жақсы рынок болар еді. Бірақ Жапония өзге елдерге отар болмақ түгел өздері көрші елдерді жаулап алатындай мықты ел болды.
Тимур Шыңғысхан әскерінің кемелерінің аударылып жорықты тоқтатқанын ұмытпаңыз. Гитлер Францияны бір аптада басып алған, ал Англияны басып ала алмағанына арадағы теңіз кедергі болған.
Ғалым Бақыткерейұлы Құбылай хан басқарған моңғолдар Жапонияға бір емес екі жорық жасаған екен. Олар жарты жолда тайфунға ұрынып сәтсіздікке ұшырағандай болып көрінеді. Негізінде, олар Жапон аралдарына жетіп онда шайқас жүргізген. Әрине, екі ретінде де тайфун соғып моңғолдардың кемелерін қиратқан. Бірақ екі жорықта да олардың жапон жағалауларына жеткендері анық. Бірақ жапондар олардың жағаға түсіп жаулап алу операциясын жалғастыруларына мүмкіндік бермеген.
Моңғолдардың үлкен армия жасақтап әкелгенін, және жапондардың мұндай ауқымды соғысқа тәжірибесіздігін ескергенде тайфун болмағанда жапондардың жеңілетіні анық еді. Бірақ моңғолдардың Жапон аралдарын ұзақ ұстап түра алатындарына күмән бар. Тарихына қарап отырсаң сол моңғолдардан өзге ешкім де Жапонияға жорық жасамаған.
Мысалға, Мин империясы кезінде қытайлықтар флот жасақтап Оңтүстік Азия елдеріне, Үндістанға, тіпті Африканың шығыс жағалауларына дейін жорық жасаған. Бірақ олар өздерінің қолтығы астында тұрған Жапонияға тиіспеген. Бұл нені білдіреді? Керісінше, жапондар Кореяны билеп, қытайдың кейбір жерлерін басып алып билік жүргізіп отырған.
Егер халықтың аралды қоныстанғаны оларды жаулап алудан құтқаратын болса Англия да ешбір шапқыншылық көрмеген болар еді. Бірақ тарихын қарап отырсаң оларды жаулап алмағандар жоқ екен. Рим империясы, англо-сакстер, викингтер, Дат королдігі, нормандар ол аралға басып кіріп өз үстемдіктерін жүргізген.
Ал Гитлерге келетін болсақ, менің білуімше, ол Англияны басып алуға дайындалғанмен Кеңестер Одағыны тарапынан төнген қауіпті сезіп сол жаққа қарай бетін бұрған. Егер неміс армиясы Кеңес Одағын жеңгенде Англияны жаулап алу оған айтарлықтай қиындық тудырмас еді деп ойлаймын.
Тарихты қарап отырсаң европа колониалистері кемемен жүзіп барып-ақ бүткіл Американы, Азия мен Африканы жаулап алған. Ал Жапонияның өзі теңіз әскер күшімен 19 ғасырда Қытай, Корея, Оңтүстік Азияның біраз елдерін жаулап алған. Сондықтан оларды арал болғандықтан ғана шапқыншылықтан аман болған деген пікір қисынға келмейді.
Тимур Қазақты жапонмен салыстыруға келсек, бұл 1944 жылғы оқиға, ал сол соғыста қазақтар ешкімнен кем түскен жоқ
Ғалым Бақыткерейұлы Жоғарыдағы оқиға 1944 жылғы болған, ол кезде қазақтардың да Отан соғысында батырлық көрсеткені рас. Қазақтар арасынан халықтың жан басына шаққандағы пайыз бойынша батыр атағын алғандардың көп болды. Егер көптеген қазақтардың ерліктері ескерілмей, қазақ болғандығы үшін басшылық тарапынан қағажу көріп батыр атағына ілінбей қалғанын ескерсек, әрине қазақтың батырлығына күмән жоқ.
Бірақ жапондармен салыстыра қарағанда қазақтың бір басты ерекшелігі болғанын ескерген жөн. Қазақ мұсылман халық. Ал Ислам діні адамның жауынгерлік рухын шыңдайтын дін. Бес уақыт, намаз, бір айлық ораза тәрізді жігерді шыңдап, табандылықты қалыптастыратын құлшылық амалдары мен нәпсіні тәрбиелейтін тиым, шектеулерінің көптігі Ислам дінін батырлар тәрбиелейтін дін ретінде де ерекшелейді.
Қанында батырлық қасиет бар жауынгер қазақтардың осындай дін ұстануы оларды жапондарда жоқ артықшылықтарға ие етті. Қазақтың өткен заманғы батырларына қарап отырсаң олардың көпшілігінің бес уақыт намазын қаза етпеген мұсылмандар екенін байқайсың. Ал Отан соғысындағы батырлардың әкелері мен аталары мықты мұсылман болған. Мысалға, Бауыржан Момышұлының әкесі бес уақыт намазын үзбеген молда екені белгілі. Сол себепті де қазақтар Екінші дүниежүзілік соғыста батырлық жағынан жапондардан артық болмаса кем болмады деп білеміз.
Бірақ егер жапондар мұсылман болғанда қалай болар еді деп ойлап көрелік. Самурайлық жауынгерлік дәстүрі бар, өздері антқа берік, тәртіпке мықты, Отан алдындағы борыштарына адал, өлімнен қорықпайтын жанкешті, еңбекқор, тиянақты, қабілетті жапондар бұл қасиеттерімен Ислам дінінін ұстанып бес парызын орындайтын болса олар мықты мұсылман ұлт ретінде қалыптасып батырлықтың да үлгісін көрсетер ме еді ойлаймын. Мұндай жағдайда бізге оларға қызыға қарап, оларды өзімізге үлгі тұтудан басқа не қалады?
Комментариев нет:
Отправить комментарий