четверг, 2 июля 2015 г.

Кімнің құлы болсаң соны мақтарсың

Мейрімді, рақымды Алланың атымен бастаймын!

Түрлі қиындықтары көп, жанды қажытатын уайым-қайғы, өкініштері де жиі еңсені басатын  бұл тірлікте  адам баласы өзінің өмірін жайлы, әрі қызғылықты өткізудің жолдарын іздестірумен болады. Өйткені, ауырлықтан қашып жеңілдікке ұмтылу көңіл қалауы. Сондықтан  адам баласы өзіне жеңілдік, жақсылық, табыс  әкелетіндей көрінетін нәрсенің  бәріне де басы байланып тәуелділікке түсуге бейім тұрады.

Олар небір жын-шайтан, аруақ тәрізді тылсым күштерге бас иеді,  небір «мықты» адамдардың қолтығының астына кіріп соларға қызмет етеді, немесе оңай, әрі тиімді небір табыс көздерінің орайын іздеп табады. Осылайша  болашағына деген сенімділік, жанына жайлылық, ісіне жеңілдік  сезінген адам олардан бас тарта алмай, бірте-бірте солардың  құлына айналып тынады.

Мұндай адам  өзінің  таңдауының бұрыс екендігін ойлап, істеп жүрген істерінің   жаман екендігін біліп,  түсінуге тырыспайды.  Себебі, оның бар іздегені  жеңілдік пен өз қалауын алу ғана. Егер қолдау көріп, табыстары артып, сол арқылы болашағына деген сенімі бекіп өзін жақсы сезінетін болса оған басқа нәрсеге алаңдап бас қатырудың қажеті не?

Мұндай адам табынатын «құдайлары» мен табыс көздеріне құл болғанымен қоймай оларды  мақтап, оларды өзгелерге де насихаттауға ден қояды. Өйткені, ол солардың мәртебесін көтеру арқылы өзінің де абыройын көтеріп, олардың табысын арттыру арқылы өзі де табыс табуға тырысады. Сол арқылы  өз жағдайын жақсартып табыстан табысқа жетіп, абырой – атаққа кенелгісі келеді.   

Осы бағыттағы қол жеткізген табыстарының неғұрлым қомақты, көріп жүрген қызықтарының неғұрлым  мол болуы оған өзінің кімді мақтап жүргенін, кімді насихаттап жүргенін, сондай-ақ,   кімге қызмет етіп жүргенін ойлауға мұрша бермейді. Тіпті, өзінің бұл істерінің дұрыс емес екенін анық білген жағдайда да ол кісі өзінің қожайындарына қарсы келе алмай, қол жеткізген табыстарын, болашақ мүмкіндіктерін қия алмай жамандыққа басын тыққан үстіне тыға береді. Сөйтіп жүріп ол өзінің әлсіздіктерінің құрбаны болып тынады.    

Комментариев нет:

Отправить комментарий