четверг, 2 июля 2015 г.

Қазақтың сыр сандығы қазыналы

Мейрімді, рақымды Алланың атымен бастаймын!

Қазақты қазақ етіп тұрған оның тілі. Егер қазақ өзінің тілінен айырылатын болса онда  қазақы сана да өшеді. Сол кезде қазақтың  өз ұлдарын елдік пен ерлікке сусындатқан асқақ рухы өледі. Сол кезде осынау сағым ойнап, мұң тұнған сары далада түрі қазақ болғанмен тілі басқа, аты қазақ болғанмен ділі басқа, «елім» деп соққан ыстық жүрегі мүлде суып, «бақ-дәулет» деп аптыққан тілегі ғана қалған қазақ халқының сүлдесі ғана қалады. 

Қазақтың тілінсіз қазақтың ғасырлар бойына жинақтаған бай мұрасы, қалыптастырған өзіндік дүниетанымы қолданыс таппай қазақ жанының терең де нәзік иірімдері өзін қалыптастырған, өзіне нәр беріп, бағыт көрсететін төл рухынан айрылып қалады. Мұндай жағдайда қазақ міндетті түрде өзгелердің таным-түсініктерін қабылдап, олардың әбден таптауырын етіп, бар қазынасын сарқып тастаған жолдарын босқа шиырлап, ойына нәр, жанына әр таппай рухани дағдарысқа ұшырайтын болады.               

Халықтың тілі мен оның жан-дүниесі арасында тығыз байланыс бар. Халықтың жан-дүниесі тіл табиғатынан көрініс тапса, тіл сиқырына бойламай халықтың жанын түсіну мүмкін емес. Тілдің құдіреті сонда адам жаны тіл арқылы, тіл ерекшеліктері арқылы өзінің белгілі бір қырларын ұштап, белгілі бір қасиеттерін дамытуға мүмкіндік алады.

Тіл арқылы белгілі бір мінез-қылық қалыптасып, сол мінез-қылықтың адамды белгілі бір дүниетанымға бейімдейтіні шындық. Тіпті, қаны да, тілі де туыс, тұрмыс салттары да бір туыс халықтардың тілдеріндегі сөздердің дыбысталу ерекшеліктері олардың мінез қылықтары мен дүниетанымдырына   айтарлықтай айырмашылықтар береді.

Осы тұрғыдан алғанда сабырлылық тұнып, жылылық ескен қазақтың қоңыр сазды сөздерінен қазақ жанының тереңге жасырынған парасаты мен сезімі көрініс береді. Сондықтан қазақ тілін терең меңгеріп сол арқылы қазақ жанына дендеп еніп, оның сыр сандығын ашқан жанның  өзіне қажетті, жан-жүрегіне қажетті мол қазынаны табары  анық.   

Комментариев нет:

Отправить комментарий