Мейрімді, рақымды Алланың атымен бастаймын!
Қандай қоғам, қандай мемлекет болмасын өз азаматтарынан адалдықты талап етеді. Өйткені, өз істеріне жауапкершілікпен қарап, өзіне жүктелген міндеттерді абыроймен атқаруы үшін адамның бойында адалдық қасиет болуы тиіс. Адалдық жоқ жерде қандай биік мақсаттар мен кемел заңдар өз орындаушыларын таппағандықтан тек қағаз жүзінде ғана қалатын болады.
Сондықтан қоғам да, мемлекет те өз азаматтарының адалдығына мұқтаж. Бірақ, көп жағдайда қоғам да, мемлекет те өз азаматтарының бойында адалдық сезімін қалай қалыптастырып, оны қалай жоғары деңгейде ұстап тұрудың жолдарын біле бермейді. Тіпті білген жағдайда да оны мемлекеттік деңгейде басшылыққа алудан бас тартады.
Мұндай қоғамдарда, мұндай мемлекеттерде адами қарым-қатынастар мен мемлекеттік заңдар адамдардың бір-бірінің алдарында есеп беруіне негізделген. Яғни, адамдар қоғамда қалыптасқан моралдік заңдар мен мемлекеттік заңдар аясында бір-біріне есеп беруге тиісті. Мұндай жүйеде адамның ішкі дүниесі назардан тыс қалып жатады. Өйткені, мұндай жүйе үшін адамның ішкі дүниесі маңызды емес, тек оның қалыптасқан заңдар аясынан шықпауы ғана маңызды.
Мұндай жағдайда адамдардың бойларында сырттай адал адамның көрінісін жасап сенімге ену, сол сенімді пайдаланып заңдарды білдірмей ғана еппен бұзу әдетке айналып адамдардың бойында екіжүзділік сипат белең алады. Мұндай жүйеде адал адам болу міндетті емес, тек адал адамның ролін жақсы алып жүру міндет болады. Соған орай мүмкіндік болса заңдарды бұзу айып емес, ең бастысы тек жұрт білмесе болғаны.
Адалдық – жүректен бастау алатын қасиет. Ал жүректердің шынайы Иесі Алла. Сондықтан адамның жүрегіндегі нәрсені Алладан басқа ешкім де біле алмайды. Сондықтан адам өз жүрегіндегі нәрсе үшін есеп берсе тек Алланың алдында ғана есеп береді. Ал Алла Тағаланы алдау мүмкін емес. Сол себепті иманды адам сыртымен ғана емес ішімен, ісімен ғана емес жүрегімен адал болуға тырысады. Өйткені, ол өз істері үшін ең әуелі адамдардың емес Алла Тағаланың алдында есеп беруге тура келетінін біледі.
Мұндай адам жаман істер мен сөздер түгел жаман ойлар мен сезімдерге берілудің өзін Алла Тағала алдындағы күна, ар-ұяты алдындағы қылмыс деп біліп, олардан өзін тиып отыруға тырысады. Сондықтан адал адамның ойы да, сөзі де, ісі де бір жерден шығып отырады. Әрине, пендешілік тірлікте әртүрлі жағдайлар болады, бірақ ішкі адалдық өз дегенін істейді.
Ал екіжүзді адамға келер болсақ, ондай адам қара да лас сезімдер мен ойларды, сөздер мен істерді ұнатады. Сол себепті де ол өзінің бас пайдасы мен атақ-даңқын, көңілі мен нәпсісінің қызықтарын бәрінен де жоғары қояды. Мұндай жан үшін адал болу өз қолыңды өзің кесумен тең. Сондықтан ондай адам адалдық қасиетті жек көреді десе де болады.
Бірақ өзінің пендешілік мақсаттарына қол жеткізу үшін де адамға адалдық қажет. Өйткені, онсыз адамдардың сенімдеріне ену мүмкін емес. Ал сенімге ие болмай тұрып қандай да болмасын табысқа қол жеткізу қиынға түседі. Тіпті қылмысқа бара жатқан адамдар да бір-бірінен адалдықты талап етеді. Және істері сәтті болуы үшін бір-біріне адал болуға тырысады. Сондықтан адалдық қасиет өздеріне тән емес адамдардың өздері де
белгілі бір сәттерде адалдық танытуға мәжбүр.
Қандай болмасын қоғамдық, мемлекеттік істер ілгері басып жемісті болуы үшін ол іс сенімді адамға жүктелуі тиіс. Өйткені, қандай іске болмасын қаржы салынады, және ол істің жемісті болуы осы қаржының тиімді жұмсалуына тікелей байланысты болады. Егер мұндай іс бас пайдасын көздеген арам адамға жүктелсе ол ең әуелі осы қаражаттың белгілі бір бөлігін өз қалтасына түсірудің жолдарын ойластыра бастайды. Соған орай ол іс үшін тиімді емес өзі үшін тиімді жоспар бойынша жұмыс жасай бастайды. Соның нәтижесінде іс ойдағыдай ілгері баспайды, ал өз шаруасын түгелдеп алған іске жауапты адам болса енді өзінің қылмысын жасырып артын тазалаумен айналысып өзіне жүктелген істі мүлде жайына қалдырады.
Мұндай адал болғысы келмейтін, бірақ билікке пен істің құлағында отырып көсіп тұрып жеуді қалайтын жандар жүйенің басы мен қасында тек өзі тәріздес қолы лас адамдардың отырғанын қалайды. Өйткені, «қарға қарғаның көзін шұқымайды». Сол себепті де мұндай жандар мүмкіндігінше өзінің қол астына өзі тәрізді адамдарды жинайды.
Сондай-ақ, олар өзінен жоғары орындарда да өңеші тесік жебір адамдардың отырғанын қалайды. Сондықтан олар жоғарғы орындарға сондай жандардың өтуі үшін бар мүмкіндіктерін пайдаланып бағады. Егер сәтін салып сыбайластық жүйе құрып алса онда оларға бір-бірінің алдарында адал адам болып көрінуге тырысып адал адамның рөлін ойнап әлек болудың қажеттілігінен құтылар еді.
Ал адамнан адалдық талап етілетін тәртіпке негізделген қалыпты жүйеде мұндай жандарға міндетті түрде адал адам кейіпіне ену керек болады. Сондықтан олар екіжүзділікке салынып сенімді ақтай алатын адал адамның ролін ойнай бастайды. Олар өздерінің адал адам деген имиджіне кір келтірмес үшін сырт көзге азғындықтардан аулақ, отбасына адал, қайрымды, жауапкершілік сезімі зор адам болып көрінуге тырысады. Бұл ролді ол неғұрлым жақсы ойнай алса, солғұрлым жолы болып биіктерден көріне беретін болады.
Адалдық – адамның адамға деген сенімінің ірге тасы. Барлық адами қасиеттер адалдыққа негізделген. Ата-ана мен баланың, жігіт пен қыздың, ері мен әйелінің, туыстар мен достардың, басшы мен қол астындағылардың, биліктегілер мен халықтың, іскерлік қарым-қатынастағы адамдардың, жалпы адамдар арасындағы қандай болмасын қарым-қатынас адалдыққа, адалдықтан туындайтын шынайы сенімге құралмаса мұндай қоғамның болашағы жоқ.
Бірақ ішкі дүниесі бықсыққа толы, арамдықты, азғындықты сүйетін жандар қоғамда адалдықтың ешқандай да қадірі болмайтын жағдай қалыптыруға тырысып бағатын болады. Өйткені, олар үшін адал адамның ролін алып жүру оңай да емес, қызық та емес. Бірақ олар қаншалықты қаласа да адалдық қасиетті мүлде жоққа шығару мүмкін емес. Өйткені, мемлекеттік заңдардың орындалуы азаматтардан адалдықты талап етеді.
Мұндай қиындықтан шығу үшін адалдықты жек көретін жандар адалдық қасиетті адамдар алдындағы адалдық пен заң алдындағы адалдық деп жіктеп олардың араларын ажыратуға тырысады. Яғни, адамдармен қарым-қатынастағы моралдік тұрғыдағы адалдық бөлек те мемлекеттік заңға қатысты азаматтық тұрғыдағы адалдық бөлек.
Соған орай олар мынадай қортынды шығарады. «Ата-ана мен баланың, жігіт пен қыздың, ері мен әйелінің, туыстар мен достардың арасында моралдік тұрғыда адалдық сақтау адам үшін міндетті емес. Ол үшін адамды айыптаудың да қажеті жоқ. Өйткені, өзгелер алдындағы адалдық ерік бостандығына қайшы келіп адамның құқығын шектейді. Әрбір адам өз қалауы бойынша өмір сүруге құқылы. Адамның жеке басының ерік бостандығы – бұл демократиялық қоғамның басты құндылығы, зор жетістігі».
Осылайша адамдар арасындағы адалдықты батыл жоққа шығаратын мұндай жандар «мемлекеттік заңдарға бой ұсыну әрбір азаматтың борышы» деп мемлекеттік заңдарға қатысты адалдықты мойындағандай болады.
Өйткені, мемлекет адамгершілік заңдарының орындалуына мән бермесе де мемлекеттік заңдардың орындалуын қатаң талап етеді. Сол себепті арам жандар екіжүзділікке салынып мемлекеттік істерде, қызметтік, іскерлік қарым-қатынаста адалдық сақталуы тиіс деп мемлекет заңдарын мойындағандай сыңай танытады.
Адалдық ұғымын бұрмалап, оны адамдар арасындағы қарым-қатынастағы адалдық және мемлекеттік заңдарға қатысты адалдық деп бөліп қарастыруға тырысатын мұндай түсініктен адалдықты жек көретін жандардың табиғатына тән екіжүзді, алдамшы сипаттар көрініс береді. Шын мәнінде адалдық ұғымы ешқандай да бөлінбейді. Адамның бойындағы адалдық қасиет қандай жағдайда да көрініс беріп адал адам барлық жағдайда да адал болуға тырысады.
Ал арам адам болса барлық жағдайда да өзінің арамдығын жасайтын болады. Адами қарым-қатынастарда, яғни өзінің ата-анасының, туған-туыстарының, жарының, балаларының алдында адалдық сақтамайтын жауапкершіліктен жұрдай арсыз адам қызметте де, іскерлік қарым-қатынаста да адалдық сақтамайтын болады. Өйткені, ондай жанда адалдықтың ішкі өзегі жоқ. Ондай жандар сәті түсіп, мүмкіндігі келіп тұрса қызметте де, іскерлік қарым-қатынаста да заңды белден басып ойланбастан алдап соғатын болады.
Қандай қоғамның болмасын қалыпты тыныс-тіршілігі үшін заң қажет, және сол заңдарды орындау азаматтардың міндеті. Ал, шынайы адалдық жоқ жерде ешқандай да заңның қалыпты жұмыс істеуі мүмкін емес. Сондықтан қандай мемлекет болмасын өз азаматтарының бойында адалдық қасиетін дамытуға мүдделі. Тек адал жандар ғана заңды берік ұстанып мемлекетті шынайы тәртіппен қамтамассыз ететін болады.
Ал адамдардың бойында адалдық қасиетін қалыптастырудың бірден-бір жолы дінді дамыту арқылы адамдарды имандылыққа тәрбиелеу. Себебі, иманды адам ғана адалдықты берік ұстануға тырысады. Тіпті, ол адалдықты жанқиярлықпен ұстанатын болады. Өйткені, адал болу Алланың Тағаланың талабы. Ал Алланың талабын орындау сауапты іс болса, Алланың талабына қарсы шығу бұл дүниеде де, ақиретте де қатаң жазаланады.
Дінді дамытуға тырыспайтын мемлекеттер дін неғұрлым әлсіреген сайын адал жандардың тапшылығын көбірек сезінетін болады. Қазіргі дамыған мемлекеттердің бәрі де кезінде дін үстемдік еткен кезеңдерді бастан өткерді. Сол кезеңдерде мемлекеттік заңдар діни заңдарға иек артып, адамдар тәртіпке иман арқылы міндеттеліп отырды. Ал, дін мемлекеттен ажыратылған кезде мемлекеттік заңдар да өзінің мәңгілік рухани тұғырынан айрылып қалды.
Бұл жағдай екіжүзді жандарға заңдарды өз қажеттіліктеріне қарай бұрмалап өзгертуге мүмкіндік берді де, соның нәтижесінде арам, азғын жандардың күндері оңынан туып екіжүзділіктің өркен жаюына кеңінен жол ашылды. Діннен ажырап, құрғақ адамгершілік ілімдеріне отырғызылған адалдық болса өзіне нәр беретін тамырынан айырылып күннен күнге өз құнын жоя бастады.
Дінді қажетсіз нәрсе ретінде санап оны қоғам тіршілігінің бір қалтарысына ысырып тастаған қазіргі өркениетті дамыған мемлекеттер иманға негізделген шынайы адалдықтың орнын немен толтырарын білмей адамдардың ақша санаған пайдақорлық, бірін-бірі аңдыған бақталастық, бір-бірін батыруға тырысатын бәсекелестік, өзгелердің осал жерін іздеген тіміскілік қасиеттерін қоштап, солар арқылы заңдарының орындалуын қамтамассыз етпек болуда.
Пайдақорлық, бақталастық, бәсекелестік, тіміскілік тәрізді қасиеттер - пендешілік қасиеттер. Мұндай пендешілік қасиеттер күш алған жерде адамшылық қасиеттерге орын қалмайды. Ал адамшылық қасиеттер жоғалған қоғам іштей іріп күйреп тынады. Сол себепті де мәңгілік құндылықтар болып саналатын діни құндылықтарды ескермей мәңгілік ел болу мүмкін емес. Сондықтан қазіргі кезеңде мемлекеттік ды орындату мәселесінен бұрын, оларды діни құндылықтар негізінде қайта сараптан өткізген жөн болар еді.
Қазіргі ең озық саналатын мемлекеттердің заңдарының өзі діни, адамгершілік құндылықтардан қол үзіп адамдардың жан-жүректерін емес олардың қалталарын ғана қорғауды басшылыққа алады. Сондықтан ол заңдар орындалса да, орындалмаса да қоғамды рухани тұралатып тығырыққа тірейтін қауіпті рең алған. Бұл өзінің ғылыми-техникалық жетістіктеріне дандайысып, діннің көмегінсіз де кемел қоғам құрып жарқын болашаққа барамыз деген желікпе сеніміне алданған «өркениетті» қоғамның түскен қақпаны.
Комментариев нет:
Отправить комментарий