среда, 10 июня 2015 г.

Қоғамның тірегі адал жандар

Мейрімді, рақымды Алланың атымен бастаймын!

Қандай қоғамның   болмасын тірегі адал жандар. Өзгелердің алдындағы өз жауапкершілігін терең сезіне  отырып, өз міндеттерін адал орындайтын ондай жандар қандай қоғамның болмасын байлығы болып табылады. Ал, егер ондай жандар Аллаға берілген болса, онда олар шын мәнінде елінің құтына айналады. Өйткені, ондай жандар  сатылмайды да сатпайды. Олар өздеріне артылған Алла Тағала мен халқының сенімдерін бағалайды.

Алла Тағаланың, сондай-ақ  халқы мен жақын-жуықтарының  сенімін бас пайдасы мен көңіл қызықтары үшін айырбастау сатқындық болып табылады. Сатқындық  ең ауыр күналардың біріне  жатады. Өйткені, қандай сатқындық болмасын адамның адамшылыққа, жақсылыққа деген сеніміне селкеу түсіріп, оны адамшылықтан, жақсылықтан түңілдірумен болады.

Адамшылықтан, жақсылықтан түңілу барысында  адамның жүрегі бірте-бірте жеккөрінішке толып ол  ешкімнен де жақсылық күтпей тек өзінің қара басы үшін ғана өмір сүретін тасбауыр жанға айналады. Осындай өзінің қара басының пайдасы мен қызығы үшін бәрін де еш ойланбастан сатып жіберетін өзімшіл  жандардың кесірінен  діннің, елдің, халықтың мүддесі қорғаусыз қалып, аяқ асты болып жатады.
Егер адал адам сенімді алдап жатса, онда негізінен адамшылыққа, жақсылыққа деген сенімге нұқсан келеді. Ал иманды адамның сенімді алдауы алданушы кісіні діннен түңілдіріп, оның иманын өлтіріп жіберуі де мүмкін. Ал адамның иманын өлтіру оның өзін өлтіргеннен де зор күна. Иманы өлген адам тура жол таба алмай адасып күнә үстіне күнә жасап жамандықтан көз ашпай  бұл дүниеден өтсе, істеген бар күнәлары  ақирет күні тағы алдынан шығып мүлде сорлап қалатын болады.
Сондықтан шынайы мұсылман  таңдау мәселесі туындаған шешуші сәттерде Алланың қаһарына ұшыраудан қорқып, адалдығынан таймай табандылық танытып отырады. Сол себепті де бұл дүниеде Алладан қорқатын иманы күшті  адамнан  артық сенімді адамды табу қиын. Өйткені, ондай жан өз істері үшін бәрін де Көруші, бәрін де Білуші Алла Тағала алдында есеп  беруге тура келетінін біледі.  
Мұндай жандар өзінің сенімділігімен, кішіпейілдігімен, қайрымдылығымен, сабырлылығымен, әділдігімен, қайсарлығымен өзгелерді  баурап, жүрген жерінде жақсылықтың ұйытқысы  болып жүруге тырысады. Олар қандай жұмыс істеп, қандай қызмет атқарса да өз саласында тәртіптің орнығуына атсалысады.  Міне осындай  үстінен қадағалап, қайта-қайта тексеріп отыруды қажет етпей өзіне жүктелген міндеттерді адал атқаруға тырысатын  мұндай жандар өз елінің нағыз азаматтары болып табылады.             
Нағыз азамат дегеніміз Алланың алдындағы парыздары мен ел-жұртының алдындағы қарыздарын адал өтейтін адам.  Ондай адам  даңқ пен дәреже, билік пен байлық қуып талас-тартысқа түсіп, құйтырқы әрекеттерге бармайды.  Керісінше, даңқ пен дәреже де, билік пен байлық та оның өзін қуып, оның істеріне қиындық тудырумен болады. Өйткені, ондай дүние игіліктеріне басы байланған жанның өзі шыққан рухани биігіне табан тіреуі қиынға соғады.
Сондықтан ондай жандар  бір Алладан қол үзбей, өзінің мұсылмандық парыздарына мұқият орындап отырады.  Сол арқылы  олар Алла Тағаланың қолдауына ие болады. Тек сонда ғана олар  бұл дүниенің қызықтарына аяқтарын шалдырмай, ел-жұртының алдындағы қарыздарын да адал өтеуге мүмкіндік алады.
                                                                                                                           12.04.15.

Комментариев нет:

Отправить комментарий