Мейрімді, рақымды Алланың атымен бастаймын!
Әр адамның да өзіне тән әлсіздіктері мен кемшіліктері болады. Бірақ, иманы, адамгершілігі сыналар тұста пендешілік атаулыдан биік тұрып ірілік таныту әркімге де міндет. Соның ішінде, ел аузына қараған, атқа мінуге жараған ер-азаматтарға талап жоғары. Даңқ пен дәреже, билік пен байлық үшін пендешілікке бой ұрып ұсақталу ондай ер-азаматтар үшін лайық емес. Мұндай пендешіліктерге бой алдыру олардың өздерінің ғана емес, елдің де түбіне жететін қауіпті індет.
Кім Алланы еске ала отырып кісілік танытса, кішілік арқылы ірілік танытса, ол тек өзін ғана емес, өзіне қараған ел-жұртын да биікке көтереді. Сондықтан ер-азаматқа қашанда ел мүддесі үшін өз мүддесін құрбан етіп отыру қажет болады. Бар бәле адамның қара басының қызығын, қара басының мүддесін бәрінен де жоғары қоюдан туындайды.
Өз мүддесін ойламаған жерде күншілдік тумайды. Күншілдік жоқ жерде бақталастық болмайды. Ал, бақталастық жоқ жерде етектен тартып, аяқтан шалу да болмайды. Сондықтан да ел тағдыры үшін Алла Тағала алдында да, ар-ұяты алдында да зор жауапкершілік жүктелетін жауапты орындарға отырған ер-азаматтар өзінің жеке басының мүддесін ел мүддесінен, халық мүддесінен жоғары қоюға тиісті емес.
Ел қамын ойлаған нағыз ер-азаматтар қашанда бірін-бірі бақталас, бәсекелес емес, бірін-бірі қара, бірін-бірі пана тұтады. Өйткені, ел мүддесі, халық мүддесі бір адамның өзі ойдағыдай алып жүретін оңай шаруа емес. Сондықтан олар бірін–бірі қадірлеп, «осындай жандарды тұстас та, істес те еткен Аллаға шүкір, егер бұлар болмаса маған өте қиын болар еді» деп бір-бірінің қадіріне жете білулері тиіс.
Елдің мұңы қашанда ердің мұңы. Сондықтан ер-азаматтардың мұңдары да қашанда ортақ. Сондықтан олар бір-біріне қолдау көрсетіп, бірін-бірі қолтықтан демеп, бірін-бірі көтермелеп отырулары тиіс. Олар бірін-бірі көтермей ел еңсесі көтерілмейді, ал егер ел еңсесі көтерілмесе өздері қаншалықты күмписе де ол адамдардың шын құны көк тиын.
09.04.05.
Комментариев нет:
Отправить комментарий