Мейрімді, рақымды Алланың атымен бастаймын!
Өкініш, күйініш, торығу, түңілу тәрізді сезімдер адам баласына осынау өткінші дүниенің жалғандығын сезіндіретін күйікті сезімдер. Бұл дүниеде өзінің бар қиындықтарын шешіп тастадым деп ойлайтын бір адам болса оның өзі де үнемі қанағат сезімін бастан кешіріп қуанышта өмір сүре алмайды. Ондай жанның да көңіл түкпірінен өмірге қанағаттанбаушылық, өкініш тәрізді түсініксіз бір сезімдер бой көтеріп, ол да қараптан қарап мұңға беріліп іштей құлазуды бастан кешіреді.
Осынау адам баласына ғана тән болып келетін, кейбір сәттерде оның еңсесін езіп жігерін жүн ететін өкініш, күйініш, торығу, түңілу тәрізді ауыр сезімдер өз қалауын болдыра алмай, Алланың қалауына сабыр ете алмай, оны өзгертуге тағы да шамасы келмеген шарасыз дәрменсіздіктен туған сезімдер. Бұлар Алланың маңдайға жазған тағдырына деген қарсылық сезімдер. Демек, бұлар Аллаға қарсылық сезімдер. Сондықтан бұлар күнә сезімдер.
Қандай болмасын күнә тәубе ету арқылы, Алланың ризалығы үшін атқарылатын құлшылық амалдар арқылы өтеледі. Олай болса өкініш, күйініш, торығу, түңілу тәрізді ауыр сезімдер Аллаға иман келтіріп Оның өзіне міндеттеген парыз құлшылықтарын мұқият өтейтін діндарларға тән емес деп айтуға болады. Себебі, мұндай діндарлардың жүректері құлшылық арқылы мұндай күнә сезімдерден тазарып отырады.
Алланың ризалығы үшін атқаратын құлшылықтары арқылы мұсылмандар қиындыққа мойымайтын, сәтсіздікке налымайтын, торығып жасымайтын, жігерлі де жарқын мінезді болып қалыптасады. Өйткені Алланы еске алумен (Құран оқу, намаз құлшылығын атқару, Алланы ұлықтап, мадақтап, пәктеу арқылы) олардың жүректері орнығады.
Сондай иман келтіргендер Алланы еске алу арқылы көңілдері жай тапқандар. Естеріңде болсын Алланы еске алумен жүректер орнығады. Құран Кәрім. Рағыд 13:28
Мұндай жандар бір Аллаға сенім артады. Және Мейрімді де Қамқор Иелерінің Өзіне сенім артқан адамды қор етпейтініне сенеді. Сондықтан олар қандай жағдайда да Алланың рахметінен күдер үзбейді. Шын мәнінде Алланың рахметінен тек иман келтірмеген жандар ғана күдер үзеді.
«Алланың мәрхаметінен күдер үзбеңдер. Өйткені Алланың рахметінен қарсы болған қауым ғана күдер үзеді...». Құран Кәрім. Йусуф 12:87.
Алланың рахметінен күдер үзу дегеніміз жалпы жақсылықтан күдер үзу. Жақсылықтан күдер үзген адамды өкініш, күйініш, торығу, түңілу тәрізді ауыр сезімдер мүлде тұмшалап алады. Олар алдарынан ешқандай да жарық байқай алмайды, сондықтан олар болашақтан ешқандай да жақсылық күтпейді. Қандай жағдайдан, қандай құбылыстан болмасын олар тек қана жамандықты байқап, жарық дүниенің өзі оларға қара күңгірт сүреңсіз болып көрінеді.
Олар мұсылмандар тәрізді бұл дүниенің қиындықтары сынақ деп ойламайды. Және «осынау сынақтардан сүріндірмей өткізе көр!» деп Аллаға сиынып, жалбарынбайды. Және олар атқарған құлшылықтары мен жақсы амалдарының пайдасы бұл дүниеде, бұл дүниеде болмаса ақиретте анық алдарынан шығып болашақтарының жарқын болатынына еш күмәнсіз сенбейді. Өйткені олар Аллаға сенбейді. Сондықтан олар Алланың рахметінен күдер үзушілер.
Жүректері Алланы еске алумен орнықпайтын мұндай жандар өкініш, күйініш, торығу, түңілу тәрізді ауыр сезімдерден ешқашан да құтыла алмайды. Бұл сезімдер олардың соңдарынын қалмай өле өлгенше өкшелеп отыратын, әсіресе оңаша қалған сәттерінде жандарын қинап жүректерін езгілейтін өмірлік серіктері. Бұлардан бір сәтке болса да құтылып, бір сәтке болса да оларды ұмыту үшін олар қызық пен думан іздеп небір күналарға бас қояды. Ішімдікке салынып есірткіге құнығады.
Бірақ аз ғана уақытқа серпілген осынау ауыр сезімдер жаңа күшпен қайта оралып оның басын қайта торлап тұмшалай беретін болады. Сондықтан мұндай жандар өзіне берілген жалғыз мүмкіндік, онсыз да қысқа ғұмырын қадірлемей оны бір сәттік қызықтарға жұмсап аяусыз сарқа бастайды. Соның салдарынан олардың жандары үздіксіз жұтап бір күні олар тапқанынан жоғалтқаны көп күйде ақиретке қадам басады.
Комментариев нет:
Отправить комментарий