вторник, 9 февраля 2016 г.

Дінмен санаспау мүмкін емес

Мейрімді, рақымды Алланың атымен бастаймын! 

Дін - адам баласы үшін өмірлік қажеттілік. Себебі, ол рухани тазалықтың тірегі. Сондықтан рухани тазалықты, содан туындайтын адамдықты жаны қалайтын, сол жаны оны иманмен табыстырған, имандылықты өз өміріне өзек етіп алған жандар қашанда, қандай қоғамнан  болмасын табылып отырады.

Міне, осындай жандар қоғамды небір сұмдық  азғындықтар мен қылмыстар  жайлай бастаған кездерде жан-жүректерімен күйзеле бастайды. Өйткені, айналасында орын алып жатқан түрлі келеңсіздіктер оның өзін де, оның балаларын да, оның жақын-жуықтарын да төңіректеп оны ұдайы мазасыздыққа салып, оның жан тыныштығын бұзумен болады.

Мұндай  мазасыздықта жүрген жандар осындай азғын да әділетсіз қоғамды қатаң айыптай отырып, имандылықты,  адамгершілік құндылықтарды басшылыққа алатын әділетті қоғам орнатуды  ұсынатын небір ұшқары көзқарастағы діни топтардың ықпалдарына оңай түсіп соларға қолдау көрсете бастайды. 

Әрбір жеке мүшесінің  жанқиярлығына  негізделген мұндай ұйымдасқан  топтардың әрекеттеріне  тиым салу  тиісті нәтиже бере бермейді. Сондықтан адамның санасына ықпал ету арқылы оны азғындықтан да, көзсіз жанқиярлықтан да тия алатын, иман мен парасатты тең ұстайтын кең тынысты діни  танымды насихаттау өзекті мәселе. Сол арқылы діни фанатизмнің  сұрапыл күшін өркендету ісіне пайдалану қажет.

Адамдардың  қалаған ақпараттары мен білімдеріне қол жеткізу мүмкіндігі еселеп артқан, және  сенім бостандығы заңмен қорғалатын  қазіргі демократиялық ашық қоғамда бұл күшпен санаспау мүмкін емес.  Егер қоғам діни фанатизмді өркендету арнасына бұра алмаса, немесе оны ол істен әдейі шеттететін болса, онда бұл күш  міндетті түрде қиратушы күштерге қызмет ететін болады.  Бұл ескермеуге болмайтын өмір шындығы.    

Дін өзінің шынайы мәнінде ақиқат болып табылады. Егер дін кез келген адамның санасына жетіп, оның ойына қозғау салып, оны жақсы істерге құлшындыра алмаса, онда ол  оның әлі де ақиқат мәнінде ашылмай жатқандығын көрсетеді. Дін ақиқаттан  алшақтаған кезде  небір ұшқары көзқарастар кеңінен тарап діндарлар ақылға  емес  күшке жүгіне бастайтын болады.

Олай болса дін ұғымын ақиқат ұғымымен қайта табыстырып, сол арқылы адам санасына ықпал етіп, әрбір адамның жан-дүниесінде рухани төңкеріс жасаған кезде ғана адамды күшпен тәрбиелеу мәселесі күн тәртібінен түседі. Сол кезде ғана адамдар рухани түлеп, қоғамда адамгершілік құндылықтар үстемдік етіп, мемлекет шын мәнінде өркендеу  арнасына бет бұратын болады.


Комментариев нет:

Отправить комментарий