суббота, 2 июля 2016 г.

Сөзден іске көшетін кез келді

Мейрімді, рақымды Алланың атымен бастаймын!
   
«Сәләфизм – бұл идеология. Оған жайдан жай тыйым сала алмайсын. Қоғамдық ұйым болса, жауып тастауға болатын еді. Ал идеологияға біз қалайша тыйым саламыз? Әрине, қандай да бір шешімдерді қабылдауға болады. Алайда идеологиямен күресудің ең тиімді жолы ол – оған қарсы басқа идеологияны қою. Біз оған қарсы өз идеологиямызды қарсы қоюымыз қажет. Біздің идеологиямыз – Ханафи мазхабы идеологиясы, толеранттылық идеологиясы, мәдениаралық диалог идеологиясы. Міне, біз осы тұрғыда күрес шараларын жүргізуіміз керек».  М.Әшімбаев. Baq.kz.

Салафизм-ваххабизм фитнасы соңғы жүзжылдықта мұсылман үмметінің ең үлкен бас ауруына айналған өзекті проблема екеніне дау жоқ. Қай елде болмасын ахли сүннет жамағаты арасына іріткі  салып жегідей жеп бара жатқан бұл қозғалыстың  идеологиясы қазіргі таңда діни тұрғыдан алғанда ең өтімді идеология болып тұр. Өйткені,   салафизм идеологиясының  үгіт-насихат жұмысы жақсы жолға қойылып ауқымды түрде атқарылуда.

Бұл идеологияға көптеген шейхтер мен дағуатшылар бірыңғай жұмыс жасап жатыр. Олардың айналысатын  бар істері  белгілі бір мәселелер бойынша қажетті дәлелдер іздеп тауып оны жүйелеп ұсынып отыру. Олардан басшылары тарапынан осы бағытта нақты нәтиже талап етіледі. Өйткені, олар тиісінше материалдық жағдаймен қамтамасыз етіліп олардың  алаңсыз  бірыңғай  өз істерімен айналысуларына барынша мүмкіншілік жасалған. Сондықтан  қарапайым салафиттер өздеріне қажетті ақида мен фиқһ мәселелері бойынша қажетті дәлелдер мен танымдық материалдардан еш таршылық көрмеуде.

Қазақстан қазіргі кезеңде ТМД аумағындағы діни бостандық пен төзімділікті басшылыққа алған жалғыз мұсылман ел ретінде салафизм идеологиясының нақты нысанасына айналып отыр. Елімізде үгіт-насихат жұмыстарын жүргізу үшін  түрлі деңгейдегі көптеген дағуатшылар жұмылдырылған. Соған орай  салафизм идеологтары Қазақстаннан нақты бір үлкен жетістіктер күтеді, және осы кезге дейін олардың үміттері ақталып елімізде салафизмге  бет бұрған мұсылмандар жылдан жылға көбейіп келеді.

Әрине, еліміздегі салафиттер жамағаты біркелкі емес. Олар өзара  бөлініп, іштей жіктеліп жатыр. Бірақ олардың бәрінің де көздеген мақсаттары бір. Олардың қай-қайсысының да түпкі мақсаттары елімізде салафизм-ваххабизм идеологиясына негізделген шариғаттық билік орнату.  Осы мақсатта олар өз қатарларына адам тарту арқылы көбейіп елеулі күшке айналу үшін  аса бір құлшыныспен белсенді түрде үгіт-насихат жұмыстарын жүргізіп  жатыр. 

Тіпті «қандай жағдайда да елдегі билікке қарсы шықпаймыз, оны толық мойындап, қашанда оған қолдау көрсететін боламыз» деп сендіріп  биліктің оң қабағына  ие болған, соны пайдаланып  қарқынды түрде көбейіп бара жатқан  ең жуас мадхалит-салафиттердің де түпкі мақсаттары  қазақ елінде Сауд Арабиясы типтес ваххабиттік негіздегі мемлекет құру екендігі еш жасырын емес. Тек олар өзге салафиттерге қарағанда «ақырын жүріп анық басу» тактикасын қолданып  салафизм идеологиясына тән емес ерекше жұмсақтық, төзімділік танытуда.  

Бірақ «қасқырды қанша бақсаң да түзге қарап ұлиды» дегендей жағдайға бейімделіп қаншалықты жуас болып көрінуге тырысса да түптің түбінде осы мадхалит-салафитер де өздерінің «қасқыр» тегіне тартпай қоймайды. Өйткені олардың радикалды салафиттермен ұстанатын ақидалары да, пікірлерін басшылыққа алатын ұстаздары да ортақ. Олардың бәрі де  Таймия мен Абдулуаххабты өздеріне ұстаз тұтады. Демек, «ат айналып қазығын табар» дегендей  мадхалит-салафиттердің де  өздерінің түпкі такфирлік ұстанымдарына адал екендіктеріне  еш күман болмауы тиіс.    

Осындай күшпен істес болып отырған  мемлекетіміз тірегі де, тегеуріні де күшті салафизм идеологиясына қарсы мешіт имамдарын қарсы қойып, солар арқылы оны еңсермек болуда. Шындығына келгенде  бұл жұмыс білімдері медресе, әрі кеткенде университет деңгейінен аспайтын қабілеттері орташа деңгейдегі имамдар атқаратын жұмыс емес. Оның үстіне  имамдардың  өз қызметтері аясында да шаруалары бастан асып  жатыр. Сондықтан олардың салафизммен ғылыми түрде терең айналыспақ түгел жалпы дін туралы мақалалар жазуға да уақыттары  жоқ.

Жалпы,  қарап отырсақ Діни Басқарманың  сайттары мен газет-журналдары халыққа қажетті  діни-танымдық материалдардан қатты тапшылық көруде. Өйткені, мешіт қызметкерлерінің  еңбектеніп, ізденіп өз уақыты мен күш-жігерін сарып етіп жазған мақалалары үшін көк тиын да қаламақы төленбейді. Сондықтан оларда бұл тұрғыдан алғанда ешқандай да қызығушылық жоқ. Олар  көбінесе басшылықтың тапсырысымен, немесе мазхабтың  ақуалы үшін алаңдаушылықпен  талаптанып анда-санда тиіп-қашып азын-аулақ материалдар ұсынып отырады.  Оның өз көбінесе үстірт, асығыс жазылған  шикі мақалалар болып келеді.

Мұндай жағдайда олардан қарқыны күшті салафизм идеологиясына қарсы қарымды  жұмыс күту, олардан нақты нәтиже талап ету өте орынсыз.  Жалпы, өз қызметтері үшін үкіметтен жалақы алып  отырмаған имамдар діни ақуал үкіметке  үшін есеп беруге міндетті де емес. Олар онсыз да жергілікті жерлерде салафиттермен шама-шарықтарынша күресіп келеді. Және осы кезге дейін оларға белгілі бір шамада  тойтарыс беріп  олардың мүлдем күш алып кетулеріне мүмкіндік бермеуде.

Бірақ, әрине,  күш тең емес. Жалпы,  имамдар  мүмкіндіктері шектеулі жағдайда да мазхаб негіздерінің мықтылығының арқасында ғана  салафиттерге елеулі қарсылық көрсетіп олардың тегеуіріндеріне айтарлықтай тойтарыс беріп келеді. Ал  салафит шейхтер мен дағуатшылар болса  насихаттарының ауқымдылығы мен белгілі бір қулықтарға жүгіну арқылы  салафизм ұстанымдарының шикіліктерінің орнын толтырып тиісті нәтиже көрсетуде.  

Олар  үнемі жаңарып  отыратын топан материалдар ұсыну  арқылы қарапайым салафиттердің бастарын «білімге» толтырып олардың мойындарын басқа жаққа бұруларына  мүмкіндік бермеуде. Осы тұрғыдан алғанда салафит шейхтер мен дағуатшылар өз міндеттерін адал атқаруда. Әрине, тегін емес. Егер оларды қаржыландыру тоқтатылатын болса, онда олардың  көбісінің  жұмыс жасауға деген қызығушылықтары мүлде жоғалып, олар  күнкөріс қамымен  бет-беттеріне тарап кетер еді деп ойлаймын.

Сондықтан екі тарапта да қаржы мәселесі шешуші фактор болып тұр десе қателеспеймін. Егер мазхаб білімділері мен имамдарына салафит шейхтері мен дағуатшыларына жасалып жатқан қамқорлық жасалатын болса  олар идеологиялық тұрғыдан салафизмнің адымын аштырмас еді. Өйткені, салафизм негіздері әуел бастан берік тұғырға орналаспағандықтан оның шикіліктері өте көп. Тек ол шикіліктерімен жүйелі түрде айналысатын мықты қарсыластар  болмаған соң ғана салафизм идеологиясы өзінің белгілі бір үстемдігін сақтап тұр.

Жүйелі түрде айналысу дегеніміз салафизм идеологиясына маманданған, онымен ғылыми түрде жаңа заманның талабына сай  терең айналысатын  білікті мамандардың шоғырын қалыптастыру. Ол үшін бірінші кезекте мұндай жандарға  мүмкіндігінше жағдай жасалуы тиіс. Өйткені  уақыт пен  кұш-жігерді көп талап ететін ғылыми жұмыстармен айналысу жүйелі түрде айналысу үшін олар басқа нәрселерге алаңдамай өз істеріне басыбүтін толық  берілулері керек.

Жалпы, қандай істің болмасын  маманды қажет ететіні талас тудырмайды.  Ал маман дегеніміз бір мәселеге терең бойлап, оның қыр-сырын терең меңгерген адам. Маман мәселені терең меңгеру үшін оған ол мәселеге басыбүтін берілуі қажет. Адам бір мәселеге тереңдеп енген сайын ол мәселенің түйіндері  тарқатылып, ол жаңа қырынан, жаңа қалтарысынан ашылып өз қойнауын ашқан үстіне аша беретін болады.

Осы тұрғыдан алғанда бізде салафизм идеологиясымен терең айналысатын, салафизм ақидасы мен фиқһының жілігін шағып талдап, олардың  қателіктерін жіпке тізіп  беретін мамандар шоғыры әлі қалыптасқан жоқ. Ал дүниежүзілік ауқымдағы салафизм проблемасы  болса  мәселенің  бетін ғана қалқып, үстірт қана жазылған  бірен-саран шала еңбектермен шешілетін оңай мәселе емес. Сондықтан елімзде  бұл идеологиясымен күресу үшін мемлекет тарапынан қаржыландырылатын арнайы бір бөлім құрылуы тиіс.

Салафизм идеологиясына  ғылыми тұрғыдан  қарап бұл мәселемен жүйелі түрде айналысатын мүндай  бөлімге осы іске маманданған білікті де қабілетті адамдар іріктеліп алынып, олардың алаңсыз  жұмыс жасауларына тиісінше жағдайлар  жасалуы тиіс. Тек сонан соң ғана олардан нақты нәтиже талап етуге болады.  Егер мемлекетіміз үшін салафизм идеологиясымен күресу өзекті мәселе болса, егер мемлекетіміз салафизм идоелогиясына қарсы тегеурінді мазхаби идеологияны қарсы қойғысы келсе, онда сөзден іске көшетін кез келді.    

               2-шілде 2016 жыл.  

Келесі мақала Ашариттер әһли сүннеттен емес пе?                                  

Комментариев нет:

Отправить комментарий