Мейрімді, рақымды Алланың атымен бастаймын!
Aidos Сарым Уақабиттер мынадай пəлені таратып жатыр екен уотсаппен. Сенім-нанымдары осы болса, оларды қазақ деуге де, мұсылман деуге де болмайды. Осындай бəлені таратқандарды арандатушы деп тауып, жауапқа тарту керек!
Даулеткали Асауов Алаш арыстары: «Біз бірінші қазақпыз, содан кейін ғана барып мұсылманбыз» деген, сондықтан ұлттық құндылықтарымызды бәрінен жоғары қоюға міндеттіміз!
Нур Итжанов Қазақстан Діни Басқармасы өкілдері мешіттерде бұл нəрсені ширк дейді. Өз құлағыммен естігем. Сұрасаңдар - тек Аллаһтан сұраңдар дейді, табынсаңдар - тек Аллаһқа табыныңдар дейді, кім де кімді риза қылайын десеңдер - тек қана Аллаһты риза қылыңдар дейді, қорықсаңдар - тек қана Аллаһтан қорқыңдар дейді.
Басир Дауылбаев Ағайын сіздер қалай ойлайсыздар, осы жерде бір-бірімізден дұға тілеп қолдау сұрасақ ширк емес те, бақилық болған аруақтардан дұға сұрасақ ширк бола ма? О дүниелік болғандар біздер үшін дұға тілеп қолдау жасай алмай ма? Әлде Аллаһу Субхана Тағала олардың ирада сифатын жойып жібере ме?
Ғалым Бақыткерейұлы «Аңыз түбі шын, аруақ түбі жын». Мұсылман үшін дұға ету ниетімен зиярат ету бар да сиынып, жалбарынып, жәрдем тілеу ниетімен зиярат ету бар. Бар мәселе ниетте ғой. Болымшы ғана айырмашылық сияқты бірақ жұмақ пен тозақтың қашықтығындай алшақ мәселе...
Басир Дауылбаев Аруақ әлем жаралмай тұрып әлімсақта алғаш жаралған адам баласының хақиқаты. «Әләсту би Раббикум» дегенде – «Қолу бәлә» деп уәде берген кезіміз сол кез. (Ағраф сүресі 172 аят). Оны жын шайтанмен шатастырып бұрмалай мақал құрау құрыған адамның әдісі.
Ғалым Бақыткерейұлы, «Аңыз түбі шын, аруақ түбі жын» - делінбейді, мақалдар жинағында «Аңыздың түбі шын, бақсының түбі жын» делінген яғни бұл жерде жынмен байланысқа түсетін бақсылар турасында меңзелген. Ол бөлек нәрсе. Ал аруақ адамзаттың әуелдегі пәк болмысы. Осы пәк рухтардың хақиқаты пайғамбарымыздың нұрында екен. Алла Субхана Тағалаға болған махаббаттан жетпіс мың жыл тәспі айтып, жаратқанның сегіз субути, жүз есім сифаттарының сәулесін қабыл етті дейді. (Хақиқатул Мухаммадия). Демек, әуел жаралған нәрсе пайғамбарымыздың нұры екенін аһлі сүннет ғалымдары айтқан.
Ғалым Бақыткерейұлы Мәселе рух жайында болса ол жайындағы ақиқат тек бір Аллаға ғана мәлім. Құранда Алла Тағала айтады: «(Мұхаммед Ғ.С.) олар сенен (рух) жан туралы сұрайды: «Ол, Раббымның әмірінен. Сендерге өте аз мәлімет берілді»» де. (Исра сүресі 85-аят).
Және пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с) өзінің бір хадисінде: «Рух жайлы терең кете бермеңдер, себебі сендерден алдыңғы қауымдар рух жайында терең кеткендіктен, жолдарынан адасып кеткен, сондықтан сендер де бұл жайында терең кетсеңдер, жолдан адасасыңдар» - деп түйіндеген.
Сондықтан бұл мәселе жөніндегі түрлі жорамалдарға иек арту орынсыз. Ал бізге ақ киімдегі аталар болып көрінетін, біз аруақ деп түсініп жүрген тылсым жаратылыс иелері бар болғаны паралель әлемдегі жындар ғана. Олар мұсылман және кәпір болып бөлінеді. Кәпірлері шайтан болып адам баласын азғырып қастық жасайды.
Қайтыс болған адамның рухы Барзақ әлеміне барып ақиретке дейін өз есебін тосатын болады. Ол жерде оның бұл дүниедегі біреулерге жәрдем етпек түгел өз басына жәрдем ете алуы неғайбіл. Жалпы, рух дегеніміз кім болғанда да адам баласының оған сиынып, жәрдем тілеп жалбарынуға қақысы жоқ. Бар мәселе осында. Осы шартты берік ұстанған адам рух жайындағы түсінігі қандай болса да адаспайды.
Басир Дауылбаев Ғалым Бақыткерейұлы, не айтқың келгенін түсініп отырмын. Исра сүресіндегі 85 аяттың шархында аруақ жайлы ізденбеңдер деген ешқандай мағына жоқ. Сопылық кітаптардың бәрінде бастан аяқ рух турасында айтылады. Әуелі өзіңді таны дейді. Адам өзін танымай Құдайын тани алмаса керек, демек адамның өзі дегені денесі емес сол рухы екен. Яки адам баласының хақиқаты сол аруақ. Мәселен Абай танымында рух пен тәнді бөлектеп менімен менікін мәнін айырып көрсетеді.
Әлбетте рухтың зати сифаттарын қазбаламайды, оған ешкімнің ақылы жетпес еді, бірақ әркім өз болмысына ұмтылып Алла берген сипаттарын пәктеу Хақ дініміздің дәйегі. Абайдың 38 қара сөзінде сол турасында тоқталады. Ибн Касирден келген бұл аяттың тәпсірінде яһудилер өтіп бара жатып пайғамбарымыздан Рух жайлы білесің бе деп сұрақ қояды, сол мезет Жебірейіл (Ғ.С) «Айт, Рух Алланың Әмірі, сендерге ол туралы мәлімет» аз дейді. Өйткені яһудилер пайғамбарымыздың рухын мойындамағаны үшін ақиқаттан адасқан болатын.
Олар Мұхаммед (С.Ғ.С) дүниеге келместен бұрын Тауратта жазылған пайғамбардың есімін уасила қылып әр қандай қиын жағдайларда ақырзаман пайғамбарының атымен үстемдікке жетуші еді дейді. Бірақ ақырзаман пайғамбары дүниеге келгеннен кейін біздің күткеніміз бұл емес, ол біздің арамыздан шығуы керек еді деп кітаптан атын өшіріп өзіне дұшпандық жасай бастады дейді.
Қастарындағы Тәуратты растаушы Құран келген шақта олар бұрын (ақыр заман пайғамбары арқылы кәпірлерге) үстемдік тілеген бола тұра өздері Тәуратта таныған (Мұхаммед Ғ.С.) келген уақытта оған қарсы шықты. Қарсы болушыларға Алланың лағынеті болсын. Бақара сүресі 89 аят.
Содан бері олар Құдайлары біреу болғанмен аруақ атқан қауымға айналып Құдайдың қаһарына ұшырай бастаған екен. Мұндай қауым зұлымдықпен жалғандыққа жақын болып руханият әлемінің наласына қалады екен, бүгінгі уахабилердің де ұқсастығы осы.
Zhumabek Tobagabulov, Ислам дінінде Аллахтан басқаға табыну, Аллахтан басқа біреуден тілек тілеу, қолдау сұрау, қорған іздеу расында ширк, яғни Аллахқа серік қосу деп аталады. Біз өзіміздің ата-бабаларымызды мақтан тұтып, дəріптеп, оларға артынан Құран бағыштағанымыз өте керемет жəне игі іс.
Бірақ өкінішке орай біздің əлі де көп қазақтарымыз сондай дүниеден өтіп кеткен бабаларымызға барып құрбандық шалады, «қолдай көр аруақ» деп неше түрлі тілектер сұрайды, мазарын сүйеді, сол жердің топырағын сүйеді, садақа тастайды, оны айналып, мазарларын қолдарымен сүртіп, бетін уқалап «аумин» деп түрлі əрекеттер жасайды.
Кейбіреуі басқалар не істесе сол дұрыс екен деп қайталап жүре береді, бірақ өзі болса не істеп жүргенінен бейхабар. Міне сол үшін жасаған шығар осы суретті, бұндай тірлік жасалмасын деген ниетпен. Менің ойымша бұнда асып бара жатқан қателік жоқ. Муфтияттан жəне мешіттерден де сұрасаңыз осындай əрекеттердің бұрыс екенін түсіндіреді. Ал салафиттік ағымға келер болсақ, олардың пікірлерінше біз бəріміз адасқан болып есептелеміз. Дұрысын Аллах біледі...
Басир Дауылбаев Аһлі сүннет ғалымдары осы Рухул Құддысқа төрт мағына берген. Ол өзі нұр, өзі ақыл, өзі кәлам. Кейбір ғалымдар үлкен періштелік сифат беріп Жебірейіл (Ғ.С) деген. Асылында рухтың құдіреті Жебірейілден (Ғ.С) жоғары. Миғраж түнінде Хазіреті Мұхаммад (С.Ғ.С) денесін алып ұшып сидратул мунтаһадан асқанда Жебірейіл (Ғ.С) ары қарай менің құзыретім жетпейді деп қалып қойыпты. Әуелде Алламен тікелей мәмледе болған осы рух болатын, бұл барлық адамзат баласының мүмкіндігі.
Басир Дауылбаев Zhumabek, барлық жәрдем ақиқатында Аллаһу Хақ Тағаладан. Бәрімізде Жаратқанға жалбарынып дұға қыламыз. Алла жәрдемді қалай береді? Аруақ арқылы ма, періштелер арқылы ма, әлде жедел жәрдем арқылы бір түйір дәрімен беріп қоя ма, ол Құдайдың құзырындағы нәрсе. Мен уахабилерге тікелей беремін деген Алланың келісім шарты жоқ. Жаратқан иеміздің Періштелер арқылы қорғауға хақысы жоқ па?
Әркімнің алды-артынан Алланың әмірі бойынша, өкшелеп, қорғаушы (періштелер) бар. Рад сүресі 11 аят.
Әруақ арқылы қолдаса ше? Мужадәле сүресі 22 аятта: «Уа айиадуһу би Рухи мин ху» деп келеді. Бір елдің ата-бабалары деп басталып, сендерді өз жағынан болған аруақпенен қолдаймын - дейді. Сонда қолдау заңдылығына қарсы шығатын сіздер қандай жансыздар, өздерің отырған бұтақты өздерің кесетіндерің қалай?
«Əмир-ул-муминин Омар (радиаллаһу анһу) дəуірінде жұт болды. Билал бин Харрис (р.а) пайғамбарымыздың қабіріне келіп: «Ей Расулуллаһ! Үмбетіңе жаңбыр жаууы үшін дұға ет! Үмбетің өлер халге жетті» деп жалбарынды. Расулуллаһ алейһиссалам оған түсінде көрініп, жаңбыр жауатынын айтты және Омарға барып, сəлемімді айт, жұмсақ мəміледе болсын де!» деп те айтқан. Омар (радиаллаһу анһу) діннің бұйрықтарын орындауда қатаңдық танытатын.
Əлгі сахаба халифаға барып, болған жайды айтып береді, шынында нөсерлеп жаңбыр жауады, Омар (р.а) хабарды естіп жылаған екен дейді. (Имам аль-Бухари «ат-Тарих»,кітабынд а № 304/7; «Фатх аль-Бари», № 2/557 Сахих ) және (ибн Касирдің «Тафсин»,кітабы нда № 91/1,Сахих)
Қиыншылық жағдайда әулие әнбиелерден дұға сұрау абзал болған амалдардың бірі. Алланың алдында өлі-тірісі бірдей, Ниса сүресі 64 аятта бір кесір келгенде пайғамбарға барып Алладан жарылқау тілесе, немесе пайғамбар олар үшін жарылқау тілесе дұға ерекше түрде тез қабыл болатыны айтылады. Сол сияқты әулие құлдарымның дұғасын қайтармаймын деген бар.
Ғалым Бақыткерейұлы Басир, Сіз «Аруақты жын шайтанмен шатастырып бұрмалай мақал құрау құрыған адамның әдісі» деп мені айыптайсыз. Сіз Рух дегеніміз аруақ, аруақ дегеніміз адамзаттың әуелгі пәк болмысы деп түсіндіріп, оны Пайғамбарымыздың (Алланың сәлемі мен рахметі болсын) нұрына әкеліп теліп қанша жерден терең талдау жасап алыстан орағытсаңыз да сіз аруаққа сиынып, табыну күнәсін ақтап ала алмайсыз.
Сіз нақты өмір шындығынан қашпаңыз. Белгілі бір кесенелер мен қабірлерге зиярат еткен қарапайым халық адамзаттың пәк болмысын, пайғамбарымыздың (Алланың сәлемі мен рахметі болсын) нұрын іздеп келмейді. Олар қайтыс болған нақты бір кісінің, нақты бір атаның аруағын іздеп келіп соларға жатып-тұрып жалбарынып қиындықтарына жәрдем сұрап, дерттеріне шипа тілейді. Олар сол кісінің аруағы, яғни рухы сол қабірді төңіректеп өздерін іздеп келген адамдарға қол ұштарын береді деп сенеді. Және солардың нақты нұсқау еткен нәрселерін орындасақ олар бізге риза болып бар қиындықтарымыз шешіліп, бар дерттерімізден айығамыз деп сенеді.
Тіпті сіз айтатындай Рух, яғни аруақ дегеніміз адамзаттың әуелгі пәк болмысы болса да, ол Пайғамбарымыздың (Алланың сәлемі мен рахметі болсын) нұры болса да ешкімнің оған сиынып табынуына рұқсат жоқ. Сіз білімді адамсыз ғой Құранда өлген адамдардың қабірлерін зиярат етіп олардан жәрдем тілеп жалынып, жалбарыныңдар деген аят жоқ екенін жақсы білесіз. Және пайғамбарымыздың да (Алланың сәлемі мен рахметі болсын) ондай кеңес бермегенін де жақсы білесіз.
Керісінше, сіз Құран мен Сүннетте Алладан басқаға сиынып, табынуға қатаң тиым салынған жақсы білесіз. Осы біліміңізге орай сіз адамдарды зор күнәдан тиюдың орнына алыстан шырмай отырып Құранда да жоқ, Сүннетте де жоқ нәрсені дұрыс деп дәлелдеп білімсіз адамдарды алжастырмақ болудасыз. Алладан қорқыңыз!
Галымжан Ергешов Сұрақ: «Әулиенің қабіріне барып, тікелей сол әулиенің өзінен жәрдем сұрау ширк болады» деп естідім. Бұл сөз дұрыс болса, жанына бармай-ақ үйден сұрау да ширк бола ма? Жауап: «Өлі-тірі, бәрінен жәрдем сұрауға болады. Рух өлмейді. Аллаһу та'ала тірілерге жәрдем еткізгені сияқты, өлілерге де жәрдем еткізеді. Хазреті Хызырдың рухы шарасыздарға көмектесуде.
Егер әулиені жаратушы деп білсе, үйден сұраса да, қабіріне барып сұраса да, айырмашылық жоқ, ширк болады. Бірақ ешбір мұсылман әулиені жаратушы деп білмейді. Әулиені себеп деп біледі, Аллаһу та’аланың сүйікті құлы деп біледі. Үйінен немесе тікелей жанына келіп көмек сұрау ширк болмайды. Әулиенің тірі немесе өлі болуында айырмашылық жоқ. Тіпті қайтыс болғаннан кейін де әулиеден келетін файз тоқтамайды, артады». (Иршад ут-Талибин).
«Өлі, немесе тірі әулиелерден көмек сұрау, оларды жаратушы санау деген сөз емес. Бұлттың себебімен жаңбыр, дәрі ішу арқылы шипа және қару қолданып жеңіс күту, су үшін бұлаққа, нан үшін наубайханаға бару, бәрі Аллаһтан тілеу болып саналады. Бұлардың бәрі себеп. Раббымыз барлық нәрсені себеппен жаратқан. Бұл себептерге жабысуға ширк делінбейді. Аллаһу та'аланың, әулие құлдарының рухтарына жәрдем ету қуатын бергендігін ойлап, рухтардан жәрдем күту жаиз. Олар қабірлерінде тірі. Рухтарына керемет берілген. Бұлай сенгендерге мушрик делінбейді». (Малумати нафиа).
«Әулиенің Аллаһтың жәрдемімен мәртебеленгендігін, Раббымыздың барлық нәрсені себеппен жаратқандығын, оның да бір себеп болғандығын ойлап одан көмек сұрау – Аллаһтан сұрау болып саналады». (Тахқиқ ул-хаққил мубин).
«Әбул Хасан Харқани хазреттері сапарға шыққан шәкірттеріне: «Қиналған кездеріңде менен көмек сұраңдар!» дейді. Жолда қарақшыларға тап болады. Шәкірттері дұға етеді, бірақ құтыла алмайды. Бір шәкірті: «Йа Әбул Хасан, көмектес!» дейді. Оны қарақшылар көрмей қалады. Ал басқаларының бар мүлкін алып қояды.
Сапардан қайтқаннан кейін, «Біз дұға еттік, тоналдық, ал мына досымыз сізден жәрдем сұрады да құтылды» дейді. Сонда хазреті Әбул Хасан Харқани: «Аллаһу та'ала күнәһарлардың дұғасын қабыл етпейді. Ол менен жәрдем сұраған кезде, Аллаһу та'ала оның даусын маған есіткізді. Мен де, «Йа Раббым, мына шәкіртімді құтқара гөр!» дедім. Мен тек қана себепші болдым, дұға еттім. Құтқарған Раббымыз еді» деп жауап берді». (Тәзкирәт-ул-әулия).
Хадиси Әрбаиндағы «Бір жұмыстарыңда қиыншылық көргендеріңде қабірдегілерден жәрдем сұраңдар» және Дәйләмиде білдірілген «Қабірдегілер болмағанда, жер бетіндегілер құритын еді» хадис шәрифтері де Раббымыздың рұқсатымен өлілердің тірілерге жәрдем ететіндігін білдіреді.
Ғалым Бақыткерейұлы Ғалымжан, сіз бір кісінің «Өлі-тірі, бәрінен жәрдем сұрауға болады» деген пікірін дәлел етіп келтіріпсіз. Ал қасиетті Құранның Фатиха сүресінде Алла Тағала мұсылмандарға «Йака нағбуду, уа йака настағин», яғни «Саған ғана құлшылық қыламыз, және Сенен ғана жәрдем тілейміз» деп тілек тілеуді әмір етеді. Сонда біз кімді тыңдаймыз? Егер ғұлама саналатын жандар Фатиха сүресінің осы бір аяттының айқын мағынасын түсіне алмай оны теріске шығаратын пәтуа берсе онда қарапайым білімсіз адамдарға не деуге болады?
«Рас тозақ үшін де көптеген жын, адамдар жараттық. Олардың жүректері бар, алайда олар онымен түсінбейді. Көздері бар, онымен көрмейді. Және олардың құлақтары бар, ол арқылы естімейді. Олар хайуан тәрізді, тіпті одан ары адасуда. Міне солар мүлде кәперсіздер». Құран Кәрім. Ағраф сүресі 179-аят.
Әлмухаммад Абдулла Ғалым, басқалар Құранды түсіне алмай жатыр да, сіз түсініп қалдыңыз ба? «Усжуду ли бани адама» - «Адамға сəжде қыл» - деп жатыр аятта. Бұны қалай түсінеміз? Адамның тәніне ме, жанына (рухына) - ма? Рух деген не? «Кул рух мин амри робби» - «Рух Раббымның әмірінен болған бір әмір». Рух, Аруақ, - адамның жаны. Ол да жаратылынған. «Əла лаhу амру уәл халку» - «Алланың мүлкі емес пе амр» (рух, жан) - Құранды тәпсірлеген ғұлама Муфассирлер бар, солардың тәпсірлеріне қараған абзал, өзімізше тәпсірлемей. «Уабтагу илайhи уәсилә» - «Аллаға уәсилә тап» - деп АЛЛА айтып жатыр Құранда.
Бұл дүние себеп дуниесі. Бұл материальный әлемнің (КУРСИ әлемі) - өз заңдылықтары бар.
Мысалы, ауырып қалсаңыз дәрігер шақырамыз. Неге? «Алла емдейді» деп отыра бересің бе? Жоқ әрине. Шипа беретін Алла, дәрігердің қолымен. Нан жейміз, су ішеміз неге? Қуатты Алла береді ғой. Нан, су, тамақ арқылы. Қуатты Алла береді тамақ жемеймін, су ішпеймін ширк болады демейміз ғой дұрыс па? Сол сияқты барин Алла береді, Аруақ, Руханият арқылы.
Юсуф 87 - аятында «Уа ла ти асумин роухилла» - «Алланың жаратқан Аруағынан үміт үзбе».
Жалғасы: «Инниhу ла иаиасмир рухиллаhи иллал коумил кафирин рәухиллаһ» - «Алланың жаратқан Аруағынан кафирлер кауымы үміт етпейді» деген. Алланың мүлкі емес пе АМР (рух, жан) - әлемі де, ХАЛҚ (тән, материя) – әлемі де.
Сонда Алла тағала Адамға сəжде қыл дегенде РУХқа, Алланың амріне сəжде қыл, бағын деп жатыр. Дене өлі, материя өлі. Алланың әмірімен, рухпен, жанмен тірі тұр. Рух (жан) - Алланың әмірінен болған бір әмір. Сол әмірмен (жанмен) - әлем жаралды, сол амрмен (руханиятпен) - әлем тұрады. Рух, Аруақ ол өлмейді, мәңгі қылып жаратқан Алла оны. Тек Алла өзі жоқ қыла алады қаласа.
Галымжан Ергешов Аруақтарға сәжде жасалмайды, оларға Құран оқылады рухтарына бағышталады! Оны дұрыс түсіну керек! 14 ғасыр бойы Пайғамбарымыз салаллаху алайхи уассаламнан келе жатқан, жане ата-бабамыздың да осылай істеп аруақтарға дұға етіп құран бағыштағанды бір сәтте шетке шығарту дурыс емес, ағайын! 14- ғасырдан бері ата бабаларымыз айтқандарын дұрыс деп есептемеу, ол Пайғамбарымыздың салаллаху алайхиуассаламның сөзін дұрыс емес бұрысқа шығарту!
Сұрақ: «Мен араласып жүрген жамағат дұрыс жолда ма, әлде бұрыс жолда ма деп күмәнданып жүрмін. Қай жамағатқа барсам да біз дұрыс жолдамыз деп айтады. Осы мәселеде сіз қандай кеңес бересіз?».
Жауап: Құран кәрімде былай делінген: «Адамдар дінде әр түрлі топтарға бөлінді. Әр топ өз жолын дұрыс деп ойлап қуануда». (Мү’минун 53).
Пайғамбарымыз үмметінің басына келетіндерді білдіріп жатып: «Үмбетім 73 топқа бөлінеді. Олардың ішінен 72-сі тозаққа барады, тек бір топ қана құтылады.» деді. Сахабалар мұны естігенде “Ол қай топ?” деп сұрады, сонда пайғамбарымыз «Бұл топтағылар менің және сахабаларымның жолымен жүргендер!» деп бұйырды. (Тирмизи).
Ислам ғалымдары бір ауыздан бұл құтылатын топтың «Әһли сүннет» екендігін білдірген. (Абдулхақ Дәхләуи, Имам Раббани). Ешкім өз ақылымен құран кәримді және хадис шәрифтерді оқып дұрыс жолды таба алмайды. Дұрыс жолды табу үшін бұл істердің маманы болған ғалымдар қажет. 72 дана жасанды алтынмен бір дана таза алтынды араластырса, мұны зергерден, алтын қолөнерін кәсіп еткен адамнан басқа ешкімнің біле алмайтыны секілді, 73 топтан қайсысы дұрыс екенін де тек қана Әһли сүннет ғалымдары біледі.
Пайғамбарымыз салаллаху алайхиуассалам және сахабалардың жолында болу ата-бабаларымыздың жолында болу деген сөз. Ханафи масхабында бол да ата-бабамызға тіл тигізбеңдер!
Ғалым Бақыткерейұлы Әлмухаммад, Сіз «...Ғалым, басқалар Құранды түсіне алмай жатыр да, сіз түсініп қалдыңыз ба? «Усжуду ли бани адама» - «Адамға сəжде қыл» - деп жатыр аятта. Бұны қалай түсінеміз? Адамның тәніне ме, жанына (рухына) - ма?...» дейсіз. Өлген адамдардың кесенелері мен қабірлерін жағалап олардан жәрдем тілеп жалбарынып жүрген адасқандарды ақтап алу үшін қиыннан қиыстырып дәлел құрап бүлінетін адамдарға не дерсің?
Алла Тағала «Адамға сəжде қыл» дегенде оның тәніне де емес, жанына (рухына) да емес тән мен рухтан тұратын тұлғаға (личность) сәжде қыл деді. Адам тән мен рухтан тұратын жаратылыс. Алла Тағала Адам пайғамбарды (Алланың сәлемі болсын) балшықтан жаратып оған өз рухын үрлеген соң ғана періштелер мен Ібіліске сәжде етіңдер деді. Ол Адамның тәні жаратылмай тұрғанда оның рухына сәжде еткізген жоқ, немесе рухын үрлемей тұрғанда оның тәніне сәжде еткізген жоқ.
«(Мұхаммед Ғ.С.) сол уақытта Раббың періштелерге: «Әрине мен жерде бір орынбасар жаратамын!»,- деген еді. (Періштелер): «Онда бұзақылық істеп, қан төгетін біреу жаратасың ба? Негізінен біз Сені дәріптеп, мақтау мен пәктаудамыз» деді. Алла: «Мен сендердің білмегеңдеріңді жақсы білемін!»,- деді». Бақара сүресі 30-аят.
Бұл аятта періштелер «Онда бұзақылық істеп, қан төгетін біреу жаратасың ба?» деп нақты тән мен рухқа ие болып жер бетінде тіршілік ететін Адамды меңзеп тұр. Және Алла Тағала оларды осы тән мен рухтың қосындысы болып табылатын Адамға сәжде еткізді. Ал Алла Тағаланың Адамды жарату себебі мен оған періштелер мен Ібілісті сәжде еткізу себебі Алланың бір Өзіне ғана аян. Оны біз түгел періштелердің де біле алмағаны Алла Тағаланың «Мен сендердің білмегеңдеріңді жақсы білемін!»,- деген сөзінен аян.
Алла Тағаланың періштелер мен Ібілісті Адамға (Алланың сәлемі болсын) сәжде еткізу себебін бізге тек жорамалдауға болады. Жоғарыдағы аятта айтылғандай Адам Алланың жер бетіндегі орынбасары. Және Адамға материяның ең тұрпайы түрінде еніп жамандық пен жақсылықтың майданының бел ортасында жүріп азап пен қасірет шегу арқылы зор сынақтан өту миссиясы жүктелген. Басқа себептерін айтпағанның өзінде көктер мен жердің және таулардың мойындарына алуға қорқып бас тартқан аманат - діннің, Құранның Адамға жүктелінуінің өзі неге тұрады?
«Рас аманатты (дінді), көктер мен жерге және тауларға ұсындық; сонда олар оны жүктелуден бас тартып, одан қорықты. Оны адам баласы жүктелді. Өйткені ол өте залым, тым білімсіз... Нәтижеде Алла мұнафық ерлер мен әйелдерді және мүшрік ерлермен әйелдерді азапқа салады да, мүмін ерлер мен әйелдердің тәубесін қабыл етеді. Алла (Т.) аса жарылқаушы, ерекше мейірімді». Азхаб сүресі 72,73.
Сіз айтасыз «...Рух деген не? «Кул рух мин амри робби» - «Рух Раббымның әмірінен болған бір әмір». Рух, Аруақ, - адамның жаны. Ол да жаратылынған. «Əла лаhу амру уәл халку» - «Алланың мүлкі емес пе амр» (рух, жан) - Құранды тәпсірлеген ғұлама Муфассирлер бар, солардың тәпсірлеріне қараған абзал, өзімізше тәпсірлемей...». Сіз бұл жерде «Рух, Аруақ, - адамның жаны» деп тағы да мықтап қателестіңіз. Құранда Рух тек адамның жаны мағынасында айтылмайды. Құранда Жәбрейіл періште де Рух деп аталады.
«Оны (Құран) сенімді Рұх (Жебрейіл) келтірді». Шұғара сүресі 193-аят. «Сонда олардың бер жағынан шымылдық ұстап қойған еді. Сондай-ақ оған рухымызды (Жебірейілді) жібердік те ол, оған толық адам бейнесінде көрінді». Мариам сүресі 17-аят.
«(Мұхаммед Ғ.С.) Жебірейіл (Рухул қудус), Құранды шынайы түрде иман келтіргендерді бекемдеу әм Мұсылмандар үшін туралық әрі қуаныш түрінде Раббың тарапынан түсірді». Нахыл сүресі 102-аят.
Егер Рух дегеніміз аруақ, яғни адамның жаны болса, сонда Құранда Рух делінетін Жебрейіл періште де адамның жаны болғаны ма? Яғни, Жебірейіл періште періште емес аруақ болғаны ма? Егер бұл аяттардағы Рухты Жебірейіл періште емес аруақ десек, онда Құранды адамзатқа аруақ түсірген болып шығады. Бірақ, Мұхаммад пайғамбарға (Алланың сәлемі мен рахметі болсын) Құранды Жебірейіл періштенің түсіргені Исламдағы хақ нәрсе. Сонда сіз Рух дегеніміз тек аруақ, яғни адамның жаны деп хақты жоққа шығармақсыз ба?
Әлмухаммад Абдулла, Сіз «...Уабтагу илайhи уәсилә» - «Аллаға уәсилә тап» - деп АЛЛА айтып жатыр Құранда...» дейсіз. Бірақ бұл аяттың қай сүредегі нешінші аят екенін көрсетпейсіз.
«Расында кітап иелерінен бір бөлімі, Кітапта болмағанды Кітапта бар екен деп ойлауың үшін тілдерін бұрмалап оқиды да: «Осы Алланың қасынан келді» дейді. Бірақ ол Алланың қасынан емес. Сондай-ақ олар біле тұра өтірік айтады. (Әли Имран сүресі 78-аят.
Егер аятта айтылған өтірікші яхудилер сияқты болғыңыз келмесе Құран сүрелері мен аяттарын көрсетіп отырыңыз.
Сіз тағы «...Бұл дүние себеп дүниесі. Бұл материальный әлемнің (КУРСИ әлемі) - өз заңдылықтары бар. Мысалы, ауырып қалсаныз дәрігер шақырамыз. Неге? «Алла емдейді» деп отыра бересің бе? Жоқ әрине. Шипа беретін Алла, дәрігердің қолымен. Нан жейміз, су ішеміз неге? Қуатты Алла береді ғой. Нан, су, тамақ арқылы. Қуатты Алла береді тамақ жемеймін, су ішпеймін ширк болады демейміз ғой дұрыс па? Сол сияқты барин Алла береді, Аруақ, Руханият арқылы...» дейсіз.
Ауырып қалған адам дәрігер шақыртады, және біз нан жейміз, су ішеміз. Бірақ дәрігердің шипасының, нан мен судың ешқандай тылсымдық құпиясы жоқ екенін ұмытпаған жөн. Сондықтан ешкім де оларға құдай ретінде қарамайды. Егер біз қаралатын дәрігер де бақсы-балгерлер тәрізді бойыңда қорқыныш сезімін тудыратын белгісіз бір тылсым қасиеттермен, белгізсіз бір тылсым күштер арқылы ем жасайтын болса, және «менің қасиетіме, менің аруағыма сен, маған, менің аруағыма сиын» деп жатса онда бұл басқаша сипат алар еді. Бақсы-балгерлер қашанда өзі мен өзінің аруақтарына бой ұсынып, сиынып, жалбарынуды талап ету арқылы өздері мен өздерінің аруақтарын адамдарға құдай ретінде таңып отырады.
Шипаны да, ризықты да тек Алладан сұрау керек. Алла Тағала беруші, бірақ Алла Тағала адамдарды сынау үшін берген нәрсесінің бәрін біреуге, немесе бірдеңеге орайластырып қояды. Сондықтан надан адамдар Алла берген нәрсені Алла берді деп ойламайды. Сол себепті де олар бар ризашылықтарын Аллаға емес арадағы адамдар мен аруақтарға арнап, өздерін Аллаға емес соларға қарыздар сезінеді.
Сондықтан да олар сол адамдар мен аруақтарға жалбарынып солардан тілек тілеуді жөн көреді. Және Алланың емес сол адамдар мен аруақтардың талаптарын орындау арқылы соларды неғұрлым риза ете отырып солардан қалағандарын алған үстіне ала бергісі келеді. Егер қалаған нәрсесінің бәрін адам арқылы, аруақ арқылы алып жатса олардың Аллада не шаруасы бар?
Осы себеппен де олар Алла Тағала мен Оның өздеріне қойған талаптарын назарларынан тыс қалдырып бірыңғай адамдар мен аруақтарға табынуға шығады. Қанша жерден олар ауыздарымен «Алла, Алла» дей берсін олардың шын дәмелері адамдар мен аруақтарда ғана болады. Ширк дегеніміз міне осы.
Әлмухаммад, Сіз айтасыз: «...Юсуф 87 - аятында «Уа ла ти асумин роухилла» - «Алланың жаратқан Аруағынан уміт үзбе». Жалғасы: «Инниhу ла иаиасмир рухиллаhи иллал коумил кафирин рәухиллаһ» - «Алланың жаратқан Аруағынан кафирлер қауымы үміт етпейді» деген...».
Сіз Йусуф сүресінің 87 аятын келтіріп ондағы «роухилла» сөзін «Алланың жаратқан аруағынан» деп аударыпсыз. Ал келесі аяттағы «роухилла» сөзі «рухилла» деп өзгертіліп жазылып аяттың соңында тағы да бір «роухилла» қосылыпты. «Инниhу ла иаиасмир рухиллаhи иллал коумил кафирин рәухиллаһ». Сіз келтірген бұл аудармамен салыстыру үшін мен Һибаттулла мешітінің сайтынан алынған осы аяттардың транскрипциясын ұсынамын.
(87) ... уәлә тәйәсуу мир рәухиллаһи иннәһу лә йәйәсу мир рәухиллаһи илләл қаумул кәфируун».
Мұнда сіз бір жерде «роухилла» екінші жерде «рухилла» деп жазған сөздеріңіз Құрандағы нұсқасындай екі жерде де ешқандай айырмашылықсыз «рәухиллаһи» деп жазылған. Және Халифа Алтай атамыздың аудармасында сіз «Алланың жаратқан аруағынан» деп аударған сөзіңіз «Алланың мәрхаметінен», «Алланың рахметінен» деп аударылған.
«(Яғқұп Ғ.С.): «Мен күйзелісімді де күйінішімді де Аллаға ғана шағамын. Әрі Алладан сендер білмеген нәрсені білемін” деді. “Әй ұлдарым! Барыңдар да Юсыпты және туысын іздестіріңдер! Сондай-ақ Алланың мәрхаметінен күдер үзбеңдер. Өйткені, Алланың рахметінен, қарсы болған қауым ғана күдер үзеді…». Йусуф сүресі 86,87 аяттар.
Мен қарапайым мұсылман ретінде «рух» пен «роух» сөздерінің мағыналары жөнінде нақты пікір айта алмаймын. Бірақ менің байқауымша, біріншіден, Құранда Рух жайында сөз болатын аяттарда «рух» сөзі «роух» деп жазылмаған.
Екіншіден, мен қарап шыққана Құран аудармаларында ешбір аудармашы «роух» сөзін «рух» мағынасында, яғни «аруақ» мағынасында аудармаған. Дінде ижмағ, яғни бір мәселедегі ғұламалардың бірауызды келісімі деген ұғым бар. Бұл мәселеде де мен «роух» сөзін «рух» ретінде қабылдамаған аудармашылардың бірауызды келісімін байқаймын. Соған қарағанда аяттағы «роух» сөзі «рух» мағынасын бермейді деп ойлаймын.
Үшіншіден, Құранның бір аятының мағынасы екінші бір аят арқылы ашылып отырады. Жоғарыдағы «иннәһу лә йәйәсу мир рәухиллаһи илләл қаумул кәфируун» деген аятпен мағыналас басқа бір аят Хыжыр сүресінде келтірілген. Мұнда «роух» сөзі «рәхмат» сөзімен ауыстырылады.
«(56) қалә уәмәй йәқнәту мир рәхмәти раббиһи илләд даллуун». (Ыбырайым Ғ.С.): «Раббының рахметінен адасушылардан басқа кім күдер үзеді?», – деді». Хыжыр сүресі 56-аят.
Демек, «роух» сөзі мен «рәхмат» сөзі бір мағынада айтылатын сөздер. Төртіншіден, сіз «Алланың жаратқан Аруағынан үміт үзбе» деген мағына арқылы Алланың орнына аруақты қойып таухидты, яғни «Алладан басқа құдай жоқ» деген мағынаны жоққа шығарып тұрсыз. Бар жақсылық аруақтан емес Алладан болады. Сондықтан адам аруақтан емес Алланың рәхматынан күдер үзбеуі тиіс.
Жоғарыдағы сіз келтірген Йусуф сүресінің 87 аятының алдындағы 86 аятта Йусуф пайғамбар (Алланың сәлемі болсын) «Мен күйзелісімді де күйінішімді де Аллаға ғана шағамын. Әрі Алладан сендер білмеген нәрсені білемін» дейді. Ол «Мен күйзелісімді де күйінішімді де аруаққа ғана шағамын. Әрі аруақтан сендер білмеген нәрсені білемін» демейді. Ол «күйзелісімді де күйінішімді де Аллаға ғана шағамын» деп бар ықлас-ниетін Аллаға бағыштай отырып «Алланың рахметінен қарсы болған қауым ғана күдер үзеді» деп Алланың өзіне кеңшілік ететініне сенімділік білдіреді.
Сонымен сөзді қортындыласақ сіз «Уа ла ти асумин роухилла. Инниhу ла иаиасмир рухиллаhи иллал коумил кафирин рәухиллаһ» деген нұсқада ұсынған аяттағы «роухилла» сөзі сіз айтатындай «Алланың жаратқан аруағы» деген мағына бермейді. Бұл сіздің тарапыңыздан аяттың мағынасын өрескел бұрмалау болып табылады.
23-28 шілде 2015 жыл.
Комментариев нет:
Отправить комментарий