пятница, 1 июля 2016 г.

Ұят пен күнә жайында...

Мейрімді, рақымды Алланың атымен бастаймын!

Айдос Сарым Ұят, күнә, кінә. Қазақты «ұятшыл» халық дейміз. Ар-ұятты дейміз. Бірақ, осы ар, ұят, күнә, кінә деген сөздердің ара-жігін аша алмай жатамыз. Байқасам, баспасөзде «кінә» деген сөз атымен жойылып барады. Әрі кетсе сотта айтылады, одан қалса әдебиетте. Есесіне «күнә» дегенді көп айтып жүрміз. Себебі түсінікті, уахабиттер талай сайтты құрып салды, насихатын жүргізіп жатыр.

Ең мықты сөзіміз, әрине, «ұят». «Ұят болады», «ұят болмасын» дейміз. «Жұрттан ұят болмасын» дегеніміз екінші ұлттық ұранымыз. Аста-төк, малшашпақ та осы «ұят болмасыннан» туындайды. 

Біз, қазақ, шын мәнінде «ұят мәдениетінің» адамдарымыз. Бізге «кінә мәдениеті» мүлдем жақындамаған сияқты. Мысалы, адам бір қателік жасаса, оны ішінен «кінә» деп түсінсе, онда я кешірім сұрайды, я түзеледі, я күйіктен өледі. Бұл «кінә мәдениеті». «Күнә мәдениеті» де түсінікті: «қателік жасасаң, алдағы уақытта сені Құдай ұрады, тозаққа тастайды» дегеннен туындайды. Бұның да асқан жамандығы жоқ, бірақ кейбіреулер бұны өз мақсаты үшін керемет пайдаланады. 

«Ұят мәдениеті»  кішкене басқашалау. Біздер ұятты болудан сақтанамыз. Ұятты жағдайға түсуден қашамыз. Тіпті ұятты шаруа жасасақ та, егер оны ешкім байқамаса, сезбесе, оны «ұятты» шаруа деп ұқпаймыз. Жұрт көрмесе, білмесе, естімесе, ештеңенің ұяттығы жоқ. Бұл тек біздің басымыздағы дүние емес. Бірақ, табиғаты осындай.

Менің ойымша, «кінә» - адами қағидаттан, қоғам мәдениетінен туындаған категория. Осыны мықтап аңғару керек. Өз басым иман мен мәдениет, шынайылық пен патриотизм, адамгершілік пен ізгілік тек діни қағидаттан, яғни «күнә» категориясынан туындайды дегенге сенбеймін. Егер «ұятты», «кінәні» түсінетін адам «күнәні» де ұғып жатса керемет. Шешем марқұм, мысалы, ешқашан аса діндар адам болмаған, бірақ ар, ұят, кінә дегенді бүгінгі 500 дүмшеден артық білген. Ойланып жүрейікші осы тұрғыда.

Ғалым Бақыткерейұлы Ұят - нақты бір бекітілген айнымас қағидалары бар мызғымас ұғым емес. Ол адамдарың көзқарастарына қарай құбылып, өзгеріп отырады. Сол себепті де көп адамдар ұялатын жерде ұялмай, ұялмайтын жерде ұяттары ұстап қалып жатады.

Мысалға, қазіргі көп қыздар ұзын етек көйлек киюді ұят санап ішкиімі көрініп жүретін қысқа киім кисе ғана өздерін еркін сезінеді. Бұрын қыздар үшін шалбар киген ұят болса қазір бөксесінің пішінін айқын көрсетіп, тіпті жырығына дейін кіріп тұратын леггинсы тәрізді нәрселерді кемпірлерге дейін тыртитып киіп алатын болған.

Ал күнә ұғымына келсек - ол қашанда күнә болып қалады. Бүгін күнә болған нәрсе осыдан мың жыл бұрын да күнә саналған, және мың жылдан кейін де күнә болып саналатын болады. Сондықтан  «күнә» ұғымы адамзатты адастырмайтын рухани темірқазық болып табылады. Ұят ұғымы күнә ұғымымен қабысқанда ғана ол шынайы мәнін табатын болады. Күнә ұғымымен сәйкес келгенде ғана ұят - ұят болады, ал күнә ұғымына қайшы келсе ол ұят емес адамшылыққа қиянат болады.

9 наурыз 2015 жыл.

Комментариев нет:

Отправить комментарий