воскресенье, 13 марта 2016 г.

Хиджаб - әйелдік ар-ұяттың қорғаны

Мейрімді, рақымды Алланың атымен бастаймын!

Ерганат Алданов‎ BOITUMAR Мұсылман болуды араб болумен шатастырмайық. Біздің қыздарға осылай киінсе жарасып кетер еді. Шынайы дін - ол жүректе.

Нурхан Ибадуллаев Проста красавица...

Лайла Ахан Нағыз қазақ, осылай орамал тағып қамзол кисе, қандай күшті!

Гулара Халмурадова Маңғыстаудың келіндері осылай киінеді.

Бекжамал Ахметова Тіл көзден сақтасын, хордың қызындай қандай сұлу. Осындай жастарды көргенде өмірге сүйсініп кетесің. Менің де келінім осындай болса. Алла тек сендей келіндерге баянды бақыт пен жақсылықты нәсіп еткей!

Ғалым Бақыткерейұлы Ал жабыла сұқтандық, тамсандық, нәпсіміз қозды. Тапқан пайдамыз көздің зинасы ма? Әйелдер өздерінің әурет болып саналатын жерлерін жасырса оның несі жаман? Мен өз қызым мен жұбайыма өзге еркектердің сілекейін шұбыртып сұқтанғанын қаламас едім. Сондықтан олардың шариғатқа сай жабық киінгенін жөн көремін. Менікі дұрыс емес пе сонда? Негізінде дұрыс пен бұрысты ажыратуға көп жағдайда нәпсіміз жібермей қалып жатады... сұқтанып, тамсанып, нәпсімізді қоздырғымыз келіп тұрса дұрыстықты қайтейік...

Қыздарымыздың сұлулықтарын осылай көзге тосамыз, өзіміз де тамсанып өзгелерді де тамсандырамыз. Сонан соң қыздарымыз кім көрінгеннің қолтығында кетіп ермегіне айналып жатса бұған кім кінәлі деп жағалай кінәліні іздейміз. Егер қыздарымыз шариғатқа сай киініп өздерін шариғатқа сай ұстаса ұлттық намысымыз кім көрінгеннің табанының астына тапталар ма еді?

Мұсылмандық киімнің мәні әйелдің сұлулығын айқыштау емес, керісінше оның сұлулығын жасырып оны зина күнәсінен сақтау. Бізде қалыптасқан түсінік бойынша әйел міндетті түрде өз сұлулығын көзге тосып көрінген еркектің «көз қуанышына»  айналуы керек. Мұның арты басқа «қуанышқа»  айналып жатса оған кім кінәлі болады сонда?

Хиджаб кигендерге қатысты алыпқашпа өсек бар. «Таксиге беті аузын тұмшалап қап-қара киінген бір әйел отырыпты. Баратын жеріне жеткен соң ол  таксистке «күте тұрыңыз, мен қазір қайтып келемін» деген екен. Біраз уақыттан соң  қысқа шортик киіп боянып алған бір қыз келіп таксиге отырып жатыр дейді. Таксист «кешіріңіз, мен басқа бір кісіні күтіп отыр едім» десе қыз  «танымай қалдыңыз ба мен сол қызбын ғой» дейді екен».

Егер бұл шын болған оқиға  болса онда оған нақты  дәлелдер келтірілсін, сол үйдің адресі берілсін, журналистік зеріттеу жүргізілсін. Әйтпесе «біреу айтыпты, біреу көріпті» деген қатын өсек ақылды адамға қол емес.

Айсулу Касымбек  Келісемін, ұлттық киімімізге жетері жоқ, ұзын, сәнді әрі жабық. Ғалым мырза, тәжікелесу емес - өз ойымды білдіру: тап осылай киінген қазақ қызы намысы бар қыз деп ойлаймын, әдемілігі мен ар-намысын қатар ұстай білетін мәдениеттің адамы, ол арзан қызыққа жол бермейді, ғайбат ойға жол бергеніңіз қалай?

Беисен Жабелов Керемет.

Алещ Хожа Дұрыс айтылған сөз...

Ғалым Бақыткерейұлы Айсұлу Қасымбек, сіз   «Ғалым мырза, тәжікелесу емес - өз ойымды білдіру: тап осылай киінген қазақ қызы намысы бар қыз деп ойлаймын, әдемілігі мен ар-намысын қатар ұстай білетін мәдениеттің адамы, ол арзан қызыққа жол бермейді, ғайбат ойға жол бергеніңіз қалай?» депсіз. Бұл қарындасымыздың күнделікті өмірде, үйде де, көшеде де осындай қазақы киімдерді киіп басына орамал тартып жүретініне көзіңіз жетіп тұр ма?

Көбінесе қыздар мұндай киімдерді мейрам кезінде сценарий бойынша киіп суретке түседі де қалған уақытта өздеріне үйреншікті «современный» киімдерін киіп алады. Сондықтан намыс сөзін бұл жерде қолдану орынсыздау болар. Сіздіңше намысты қыздар ғана осылай киінетін болса, онда күнделікті өмірде бұлай киініп жүрмейтін қазақ қыздары түгелдей намыссыз болғаны ма? Сонда намысты қыздарды қайдан табамыз? 

Мен тек қана бұл қызды емес бүткіл қазақ қыздарын «әдемілігі мен ар-намысын қатар ұстай білетін мәдениеттің адамдары, олар арзан қызыққа жол бермейді»  деп сенгім келеді. Бірақ, күнделікті көз көріп, құлақ естіп жүрген өмірдің ащы шындықтары менің көп жағдайда қателескендігімді мойындатады. Айсұлу, мен бұл қызымның жеке басы жөнінде ешқандай ғайбат ой білдірмеген сияқты едім, мені жазықсыз ғайбаттағаныңызға жол болсын?

Arman Rakhmetov  Ғалым аға, сізбен мүлде келіспеймін. Суреттегі қыздың беті ғана көрініп тұр, әдемі екен. Сіздіңше, әдемі бетті де жасыру керек пе? Егер әдемі бетті ғана көргенде еркектің нәпсісі қозып кетсе ол әдемі беті бар қыздың емес сол еркектің проблемасы. Мен сізге қосылар едім, егер денесінің ұятты жерлерін ашып жүрсе, ал мына суретте олай емес. Кейбір мұсылмандардың  кесірінен қазақтар арабтардың ұлттық киімдерін киіп жүр.  

Атам қазақ «әлмисақтан бері мұсылманмын» деген, сол әлмисақтан бері қазақ қыздары бетін жаппаған. Менің үлкен әжем 13 жасынан 90 жасына дейін күніне бес уақыт намазын қаза қылмаған, бірақ бетін жапқанын көрген жоқпын. Рас, ұзын көйлектер киген, бірақ қазіргідей қара емес, әдемі, гүлдерімен.

Кейбіреулердің қазір келіп «атам қазақ дінде адасқан» дегендерін мүлдем түсінбеймін. Мыңдаған жылдар мұсылман қазақ қара кимеген, бетін жаппаған, балақ кеспеген. Ал қазір кейбір умниктер «ол дұрыс емес, бұрынғы қазақтар адасқан» дейді. Меніңше, бұл нағыз қараңғылық. 

Бекжамал Ахметова Қара киімді қара пиғылдылар киеді. Ниеті арам адамдар беттерін қарамен тұмшалап хиджаб киіп алады. Хиджаб кигендердің ар жағында не барын да көргенбіз. Ақ болсын, ары таза болса бетін ашып жүрсін. Қара ниеттілер 21 ғасыр заманның ақырында неше түрлі діни ағымдар қаптап кетті. Кішкентай 4-5 жасар қыздарына хиджаб кигізіп қойған, сұмдық!

Бауыржан Казалиев Керемет Сөздер!!!

Динара Табигат Динара Табигат Қазақтың келіндері осындай болса бәрі «анау менің әйелім» деп айқайлайтын жігіттер көбейетін  еді.

Ғалым Бақыткерейұлы Арман Рахметов, сіз  «Ғалым аға, сізбен мүлдем келіспеймін. Суреттегі қыздың беті ғана көрініп тұр, әдемі екен. Сіздіңше әдемі бетті де жасыру керек пе? Егер әдемі бетті ғана көргенде еркектің нәпсісі қозып кетсе ол әдемі беті бар қыздың емес, сол еркектің проблемасы. Мен сізге қосылар едім егер денесінің ұятты жерлерін ашып жүрсе, ал мына суретте олай емес. Кейбір мұсылмандардың  кесірінен қазақтар арабтардың ұлттық киімін киіп жүр» дейсіз. 

Шариғат бойынша мойын мен білек те әуретке, яғни ұятты жерге жатады. Ал суретте сіз айтатындай қыздың беті ғана емес мойны мен білегі де көрініп тұр. Осының бәрі жалпы алғанда қызға көз арбайтын ерекше тартымдылық беріп тұр. Сондықтан бұл тек қана еркектердің проблемасының ауқымынан шығып кетіп тұр ғой деп ойлаймын. 

Біздің ашақ-шашық киінген қыз-келіншектерге көздеріміз үйреніп кеткені соншалықты мойын мен білек әурет болудан қалды. Тіпті қара санына дейін жалаңаштап, ішін кіндігімен қоса ашып тастап омырауын жартылай көрсетіп жүру ұят саналмайтын жағдайға жеттік. Ал пляж бен бассейнге барсаң ұятты жер деген ұғым өзінің мәнін толық жоғалтып тынады. Ондай жерлерге хиджаб киген қыз-келіншектерден басқа әйел атаулының бәрі барып бір тұтам іш киім мен алақандай төстартқышпен емін-еркін жүре береді. Бұл мысал әурет жерлерін бір ашып үйренген әйелдің толық шешінбейінше тоқтамайтындығының нақты дәлелі. 

Хиджаб киетін қыз-келіншектерге көшеге мойны мен білегін ашып шығуға тура келсе олар өздерін жалаңаш жүргендей сезініп ыңғасызданып жүреді. Бұл хиджабтың әйелдік ар-ұяттың қорғаны екенін көрсетеді. Сол себепті де дінсіздікті ту еткен шайтани үкімет Кеңес үкіметі әйелдерді шешіндіруді өзіне міндет етіп алды. Соның нәтижесінде жартылай жалаңаш жүру үйреншікті әдетке айналып қазір енді қыз-келіншектеріміз ұятты жерлерін ашуға емес жабуға ұялатын жағдайға жеттік. 

Осындай сорақылықтарды айтқан адамға қазақтың қас жауы сияқты қарайтын адамдарға таңғаламын. Сонда солар ма екен  қазақтың ұлттық киімдерін кигісі келіп жүрген қыз-келіншектерге оны кигізбей оларға зорлап арабтардың ұлттық киімдерін кигізіп қойып жүрген? Шариғат бойынша қара кию парыз емес жабық кию парыз. Егер қыз-келіншектеріміз шариғат талабына сай қазақы киімдерді киемін десе оларға кім қарсы болып жүр? Қазақы киімді жақтаушылар егер мықты болса өз әйелдері мен қыздарына сондай киімдерді  кигізіп көрсін. Егер кигізе алмаса оны  кімнен көреді? Олардың  мұндай дәрменсіздіктеріне де хиджабты жақтаушылар кінәлі ме?

Кезінде арабтардың әйелдері де қазіргі біздің әйелдер тәрізді жартылай жалаңаш жүрген. Тек Исламды қабылдаған соң ғана олар жабық киімдер киіп бастарына орамал тарта бастаған. Бұлай киіну олардың ата дәстүрі емес, келе-келе дәстүрге айналған киімдер. Сол сияқты қазіргі біздер хиджаб деп атап жүрген киім үлгісін де келе-келе қазақы дәстүрге лайықтап қазақы киімге айналдыруға мүмкіндік бар. 

Ол үшін қыз-келіншектерімізді әуелі хиджаб киюге икемдеу керек. Хиджаб кию Алланың үкімі. Осы тұрғыдан алғанда әкесіне, күйеуіне бой ұсынып қазақы киім  кигісі келмейтін иманды қыз-келіншектеріміз Аллаға бой ұсынып хиджаб киюге мәжбүр болады. Ал хиджаб үлгісін қазақы стилге икемдеу қиын емес. Егер осы тәсілді қолданып қыз-келіншектерімізді дәстүрлі киімге қайтармасақ олардың осы шешінгені шешінген. Осыны да түсіну қиын ба?

Жарқын Боқас Нағыз қазақ арулары осылай болса дінімізге деген құрмет артар еді.

Ғалым Бақыткерейұлы  Бекжамал Ахметова,  «қара киімді қара пиғылдылар киеді. Ниеті арам адамдар беттерін қарамен тұмшалап хиджаб киіп алады» дейсіз. Сонда сіз көшедегі өзге  еркектердің нәпсілерін қоздырмау  ниетімен тұмшаланып  қара  киінген   әйелдердің  пиғылдары қара, ниеттері арам да   өзге еркектерге  ұнау ниетімен   жартылай жалаңаштанып көшеге шығып өзгелердің күйеулерін  өздеріне сұқтандырып  жүрген  әйелдердің пиғылдары аппақ, ниеттері адал  демексіз бе?

Және сіз «ары таза болса бетін ашып жүрсін» дейсіз, сонда сіздің ойыңызша  тек қарабет әйелдер ғана бетін жауып жүреді де, керісінше ары таза әйелдер  ешкімнен де ұялмай жартылай жалаңаштанып  еркін жүре береді демексіз бе? Сонда әйелдің ары неғұрлым таза  болған сайын оның тәні солғұрлым ашық болуы тиіс пе? 

Сіз  «кішкентай 4-5 жасар қыздарына хиджаб кигізіп қойған, сұмдық!» деп жағаңызды ұстайсыз,  сіз сол  4-5 жасар қыздардың балғын тәніне сұқтанып құмарлықтан көздері тұнған  педофилдердің  көбейіп бара жатқанын естен шығармасаңыз екен. Мұндай жағдайда 4-5 жасар қыздарға да  хиджаб кигізген артық болмас еді.

Батыстан келген сексуальдық төңкерістің  ғасырлар бойы қалыптасқан ұлттық құндылықтарымызды төңкеріп тастағаны соншалықты бізге  4-5 жасар қыздардың хиджаб кигені сұмдық болып көрінеді де керісінше, олардың  жалаңаштанып алып көпшіліктің алдында ламбада билеп бөксесін бұраңдатып жүргені  қалыпты жағдайға айналды.  Адами құндылықтардың аяғын аспаннан келтірген  қу заман-ай десеңші!   

Комментариев нет:

Отправить комментарий