среда, 16 марта 2016 г.

Қазақ әлемінің бір тұғыры – Ислам

Мейрімді, рақымды Алланың атымен бастаймын!

Интернет кеңістігіндегі қазақ тілді бірнеше сайттарда жарияланған  «Олар — Қазақстанды Ресейге қосқысы келетін «қазақтар» деген мақаланы оқу барысында орыс әлемінің «жыртысын жыртып жүрген» Қайрат Байгереевтің  мына бір пікірі ерекше назар аудартты.  

«Орыс әлемінің идеологиясы бірінші кезекте – православия. Яғни, дін.  Кеңес үкіметі православты болатын… Сондықтан да біз - бір кездегі КСРО азаматтары, ұлттық немесе діни ерекшелігімізге қарамастан болмысымыз бір. Біз христиандық құндылықтар жүйесінің өкіліміз».

Орыстар мен  орыс тілді орысшыл өзге ұлттарды біріктіретін орыс әлемі концепциясы  дін, тіл мен мәдениет, және ортақ тарихи жадқа негізделген. Бұлар ғасырлар бойына бірін бірі толықтырып, бірінен бірі өрбіп отыратын  құндылықтар болып келді. Рас, қазір Ресейлік қоғамда  православие дінінің беделі айтарлықтай  төмендеп кетті. Бірақ орыс әлемі концепциясын басшылыққа алған  ұлы орыстық  сана-сезімнің  күш алу барысында православие діні қайта  сұранысқа ие болып үкімет тарапынан да, жалпы халық тарапынан да қолдау көретін болады.

Қазіргі кезеңдегі  Ресей  мен  АҚШ және батыс елдері арасындағы орын алып отырған түрлі   шиеленістер православие дінінің мүддесіне қызмет ететін қолайлы фактор. Ресей ақпараттық кеңістігінде   АҚШ пен батысқа деген жеккөрініштің  үсті-үстіне қоздырылып ол елдерге тән нәрселердің бәрін жағымсыз кейіпте көрсету үрдісі батыстан «экспортталған» түрлі діни ағымдарға да кесірін тигізетін болады.  Бұл өз кезегінде қашаннан ұлы орыстық идеяға адал қызмет етіп келген отандық православие дініне деген сұранысты арттырып оның  әлсіреп кеткен  позициясын қайта нығайтатын болады.

Әрине,  орыстардың бәрі де жаппай құдайға сеніп, дін ұстанып, құлшылық етіп кетеді деу артық болар. Бірақ православие діні орыс  халқын  бір мақсаттың төңірегіне, яғни орыс әлемі концепциясының төңірегіне топтастыруда ілкімділік танытып  орыс империясының  мүддесі  жолындағы ғасырлар бойына атқарып келген  өз  қызметін  адал атқаратын болады. Шетелден экспортталған басқа діндер мен діни ағымдардың  орыс мүддесінің  талабына толық сай бола алмайтынын  ескерсек  бұл тұрғыдан алғанда Ресейде православие дініне  бәсекелес жоқ. 

Орыстар үшін православие дінін жаңғырту  өздерінің ұлттық санасын өрлетіп, ұлттық рухын көтерудің бір жолы болса, орыс әлемі концепциясын қолдайтын орысшыл өзге ұлт өкілдері  үшін православие дінін қабылдау өздерінің орыс әлеміне деген адалдықтарын дәлелдейтін нақты әрекет  болады. Сол себепті де олардың православие дінін қабылдап оны  ұстануда,  және оны насихаттауда  өте белсенділік танытып бұл істе орыстардың өздерін артқа тастап  кетулерін күтуге болады. 

Олай болса  біздің елімізде орыс тілінің  өрісі кеңейіп орыстілді  орысшыл қандастарымыздың  қатарының көбеюі   болашақта олардың   жаппай православие дініне бет бұрып қазақ халқының орыстануы  үрдісіне жаңа қарқын береді деп  болжауға болады.   Соның нәтижесінде қазақ халқы орыс әлемінің ажырамас бір бөлігіне айналып Қазақстан бірте-бірте Ресей құрамындағы автономиялық республикаға, немесе тіпті қатардағы бір губернияға айналуы мүмкін. Өйткені, орыс әлемі концепциясының  басты мақсаты  дүниежүзілік үстемдікке ұмтылған біртұтас ұлы орыс империясын құру.   

Олай болса  қазіргі кезеңде  тіл мәселесін  дін мәселесінен ажырата қарау дұрыс болмайды. Қазақ тілінің мәселесін оң бағытта шешуде біз үшін Ислам діннің маңызы өлшеусіз. Егер  орыс әлемінің  идеологиясының бір тұғыры  православие діні екенін ескерсек мұндай жағдайда  еліміздегі Ислам дінін ұстанатын  орыстілділер орыс әлеміне  жатсына қарайтын  болады. Өйткені, мұсылмандар  Троица іліміне негізделген православие дінінің туралығына күмәнмен қарайды. Ал православиеліктердің  Ислам діні жайындағы пікірлері мүлде ұшқары.

Осындай  сәйкессіздіктің  нәтижесінде  еліміздегі Ислам дінін   ұстанатын  орыс тілді мұсылман қазақтар  православиелік  орыс әлеміне сіңісе алмай бірте-бірте одан ірге ашуға  мәжбүр  болады. Олардың орыс әлеміне іш тартып оның  құрамдас бөлігіне айналулары үшін орыс әлемінің иек артатын діні православие  емес Ислам болуы тиіс. Яғни, орыстар толықтай мұсылман халыққа  айналулары тиіс. Мұның қаншалықты қисынсыз нәрсе екені кімге болса да түсінікті болар. 

Қазақ халқы қанша жерден дінсіздіктің тепірешін көрсе де салт-дәстүріне дейін сіңісті болып кеткен Ислам дініне қайта бет бұрып мұсылмандық санасын қайта жаңғырып келе жатқан халық. Өзінің  имани негіздері мен құлшылық,  шариғат амалдары арқылы Ислам дінінің қазақтың салт-санасына  сіңіп  кеткені соншалықты қазақ халқы әлдеқашан мұсылман ұлт болып қалыптасып мұсылман әлемінің ажырамас бөлігіне айналды.  

Қазақ халқының мұсылман халық екендігінің тағы  бір көрінісін Құран тілі болып табылатын араб тілінің қазақ тіліне сіңісті болып кетуінен де байқауға болады. Қазақ тілінің  сөздік қорында  араб тілінен енген сөздер өте көп. Соның ішінде  діни терминдердің түгелге жуығы араб тілінің еншісінде. Осының бәрінің   қазақ тілді қазақтарды  мұсылмандыққа бейімдесе, мұсылмандық өз кезегінде орыс тілді қазақтарды қазақ рухына бейімдеп, оларға  қазақ рухын төл рухы ретінде сезінге мүмкіндік береді.

Мұның  сыртында Қазақстан Діни Басқармасының  ресми тілі қазақ тілі болғандықтан мешіттерде   қазақ тілінде  жұмыс жүргізілуде. Сондықтан күнделікті құлшылықтары мешітпен тығыз байланысты мұсылман  үшін қазақ тілі шын мәнінде де өзінің мемлекеттік тіл міндетін атқаруда. Осының бәрін сараптай келе  Ислам діні, соның ішінде Ханафи мазхабы қай жағынан алып қарасаң да қазақ тіліне, сол арқылы қазақ мемлекеттілігіне берік тұғыр болуда деп сеніммен айтуға болады. Бұл жағынан оған ешқандай  бәсекелес жоқ, және болуы да мүмкін емес.

Егер  қазақ әлемін  қалыптастыру  қазақ мемлекетінің   идеологиялық  басты бағыты болатын болса, онда Ислам діні, соның ішінде ежелден халқымызға ұйытқы  болған Ханафи мазхабы  бұл бағыттағы өз міндеттін жүзеге асыруға белсенді түрде  кірісіп өз міндетін басқаларға қарағанда  әлдеқайда жемісті жүргізіп келеді деп сеніммен айтуға болады.                                                                        

Комментариев нет:

Отправить комментарий