понедельник, 25 сентября 2017 г.

«Кімге күлсең басыңа сол келеді»

Мейрімді, рақымды Алланың атымен бастаймын!

«Кімге күлсең  басыңа сол келеді» деп дана  халықымыз айтқандай жамандықтың жұқпалы, ауыспалы қасиеті бар. Кейбіреулер астамшылықпен өзгелердің жаман қасиеттерін келеке етіп, оларды жиркенішпен  кемсітіп, сондай бір жеккөрінішпен айыптап жатады. Және өзгелер ұшыраған масқаралықтарға рахаттана отырып күліп оны тездетіп жұртқа таратуға да асығады. 

Сондай-ақ, ол өзгелер тап болған қиыншылықтарға қуанып, «өзіңе де сол керек» деп оларды тап бір күндесі сияқты айызы қана табалайды. Сондай сәттерде ол өзі ешқашан олай масқара болып жұрттың мазағына қалмайтындай сезінеді. Және өзі ешқашан өзгелер ұшыраған  қиындықтарға ұшырамайтын жолы болғыш жандай болып асып-тасып лепіреді.

Содан белгілі бір уақыт өткен соң  сол өзі мысқылдап күлген, жиіркене кемсітіп жеккөрінішпен  айыптаған жаман қасиеттер оның өз бойынан, өз бойынан болмаса балаларының бойынан көрініс бере бастайды. Кезінде өзгелерді айызы қана табалаған масқаралықтар мен бақытсыздықтар  оның  өз басына келіп кеудесі жер, көңілі пәс болып өзгелердің күлкісі  мен табасына қала бастайды.
Сол кездері ол кезінде өзі мысқылдай күліп, жер ете табалаған жандардың қандай күйде болғандарын өз басынан өткеріп, олардың  қорлық пен жан азабын сезінгенін түсіне бастайды. Мұндай жағдайда иманды, ақылды жан өз қателіктерін ұғынып, өз істеріне өкініп,  тәубе келеді.  Аллаға құлшылық ету арқылы өз күнәларын өтеп жағдайды түзеуге әрекет жасай бастайды.

Ал ақылсыз адам болса, керісінше,  өзгелердің де өзі сияқты қиындыққа ұшырап қиналғандарын тілейді. Және өзгелердің де өзі сияқты масқара болып өзімен теңескендерін көргісі келіп кеуделері қаралыққа тола бастайды. Сонысымен де ол жамандықтың жалпы елге таралып халықтың жаппай бұзылғанын тілейтін  пиғылы  жаман адамға айналады.

Жалпы, тәубеге  келіп өз күналарын өтесе де, немесе пиғылын одан әрі бұзып өзі ұшыраған жамандықтарды өзгелерге тілесе де адам сол істерінің нәтижесін бұл дүниеде, бұл дүниеде болмаса ақиретте сөзсіз көретін болады. Өйткені, адам баласының жақсылықтар арқылы өз басына жақсылық тартып, ал жамандықтар арқылы өз басына жамандық үйіруі бұл дүниенің Алла тағала орнатқан  әділ заңдылығы.

Алла тағала адамдардың мысқылдап күлген, жиркенішпен кемсіткен,  жеккөрінішпен айыптаған нәрселерінің бәрін оның өз басына келтіріп, сол арқылы өзгенің кемшіліктеріне күлудің, бақытсыздықтарына қуанудың, айызы қана табалаудың қаншалықты жаман қасиеттер екенін оларға сезіндіреді. Оларды осындай өмірлік сабақ арқылы тәрбиелеп,  ондай күналардан сақтануды үйретеді.

Сондықтан түрлі өмірлік жағдайлардан өтіп, тиісті ой түйіп, даналыққа үйренген жандар қандай жағдайда болмасын өзгелерге күлуден, өзгелерді кемсітуден, өзгелерді айыптаудан, өзгелерді табалаудан сақтанып жүреді. Өйткені, кімнің де болмасын басына осындай жамандық шақыратын өзіне мәлім де беймәлім күнәлары жеткілікті.

Сондықтан иманды, ақылды адам небір жағымсыз қылықтар мен жайсыз жағдайларды көрсе,  естісе, және білсе Алланың өзін де, өзінің жақын-жуықтарын  да  мұндай жағдайларға ұшыратуынан қорқып «Алла тағала, Өзің мұндайдан сақтай көр!» деп іштей жалбарынады. Және Аллаға үнемі құлшылық етіп өткен, кеткен күнәларын өтеп екі дүниенің де жамандықтарының алдын алады. 

Комментариев нет:

Отправить комментарий