Мейрімді, рақымды Алланың атымен бастаймын!
Дос керек пе? Алла бар!
Сырлас керек пе? Құран бар!
Байлық керек пе? Қанағат бар!
Дұшпан керек пе? Нәпсі бар!
Насихат керек пе? Өлім бар!
Алмас Аманбаев Жаратқанды «Дос» деу жараса ма?
Ғалым Бақыткерейұлы Бұл жерде Жаратқан - мұңыңды шағып, сырыңмен бөлісетін, қиындықта қол ұшын беретін дос мағынасында айтылған деп білемін. Құранда Алла тағала Өзінің достығы жөнінде айтқан.
«Алла дұшпандарыңды жақсы біледі. Сондай-ақ, Алла достықта жетіп асады, әрі жәрдемшілікте де жеткілікті». Құран. Ниса сүресі 45-аят.
«Біліңдер! Расында Алланың достарына қауіп-қатер жоқ, әрі олар қайғырмайды». Құран, Йунус сүресі 62-аят.
Қанат Тек өлімді, және өлімнен кейінгіні болжайтын догма - насихаттың көк тиынға керегі жоқ. Ақиқатты бір Жаратушы ғана біледі. Негізі құдайдың берген жарығын, осы өмірді қалай нағыз Адам болып өткізуге болады, хайуан болып кетпей адам болып келіп, қалай адам болып ҚАЙТУға болады, сол жайында көбірек насихат болу керек.
«Сегіз жұмақ, жеті тозақ» дейтін діни далбасаның түкке де керегі жоқ. Адамдар тек АР сотынан қорқу керек! Құдайды құбыжықтай көріп қорқудың керегі жоқ, құдайды қорқынышты етіп көрсетудің керегі жоқ, құдай мейірімді, адамдарға қамқор, дос, кешірімді...
Ғалым Бақыткерейұлы Қазақ «құдайдан қорықпағаннан қорық» деп надандықпен айтпаған. Не бәленің бәрі сол Құдайдан қорықпағандықтан жасалынып жатыр. Сіз айтқандай «...Осы өмірді нағыз Адам болып өткізу үшін де, хайуан болып кетпей, адам болып келіп қалай адам болып ҚАЙТУ» үшін де Құдайдан қорқу керек.
Егер адамдар Құдайдан қорықса өзгенің ала жібінен аттаудан қорқып, қандай болмасын жамандықтан сақтанып, қылмыс атаулыдан бойын тартып жүрер еді. Ал сіз болсаңыз адамдар құдайдан емес Ар сотынан қорқулары керек дейсіз. Ар сотымен кімді қорқытқыңыз келеді? Сол Ар сотынан соны насихаттап отырған өзіңіздің де соншалықты қорқатындығыңызға күмәнім бар.
«Құдайды құбыжықтай көріп қорқудың керегі жоқ, құдай мейірімді, адамдарға қамқор, дос, кешірімді...» дейсіз. Сіз, мысалға, балаңызды қалай тәрбиелейсіз? Егер балаңыз сіздің айтқаныңызды тыңдамаса, өзі не қаласа соны істеп, өзі не қаласа соны алып, тіпті бұзықтық жасап жатса да сіз оған шексіз кешірімді болып, оны маңдайынан сипап қойып отыра бересіз бе? Әлде дауыс көтеріп жекіп, оған да болмай бара жатса шапалақпен бір тартып тәртіпке саласыз ба?
Шектен тыс жұмсақтық бетімен кетушілікке себеп болады. Сондықтан керек жерінде жазалап, керек жерінде қолпаштап отыру қандай болмасын тәрбиенің өзегі. Егер қылмыстың жазасы болмаса, егер қылмыс жасаған адамдарды түрмеге қамап өз жазасын өтеуге кеспесе не болмақ? Оларды Ар сотына тапсырып, Ар сотымен қорқытып қылмыстан тию мүмкін емес. Олар сізді Ар сотыңызбен қосып жеті қыр асырып жіберер.
Дүниеде тек қана қорыққанын ғана силайтын, тек қорыққан кезде ғана тәртіп сақтайтын, тек қорыққан кезде ғана ойланатын адамдар аз ба? «Аюға намаз үйреткен таяқ» деп аталарымыз ақылсыз болған соң айтпаған. Сіз болсаңыз мұның бәрін ескерместен Құдайдың қандай болуы керектігі жөнінде дәріс бергіңіз келеді.
Құдай өзінің қандай болуы жайында сізден де, бізден де кеңес сұрамайды. Құдай бізден тек талап етеді. Оның талаптарын орындаған адам Құдайға дос болып, Оның кешірімін алып, Оның қамқорлығында болады. Ал оның талаптарын орындамай шектен шыққан адам «өлімге дейін де, өлгеннен кейін де» өзіне тиесілі «сыбағасын» толығымен алады.
Құдайды әлдебір бастық, немесе әлдебір бұзақы құрлы силамайтын, тек сондай «мықтылардан» ғана қатты қорқып, тек солардың айтқандарын ғана бұлжытпай орындауға тырысатын адамдардың Құдайдан қорықпау керек деген сөздеріне не дерсің. Адамды сол бастық құрлы, сол бұзақы құрлы қорқыта алмаса, және сол «мықтылар» құрлы жазалай алмаса Құдайдың несі Құдай болады?
Құдайды Ар соты деген құрғақ сөзбен теңестіріп, Ар соты деген қауқарсыз сотпен алмастырудың қажеті жоқ. Құдайдың қаһарына іліккен адам көрге кіріп кетсе де Құдайдың сотынан, Құдайдың жазасынан құтылып кете алмайды. Құдай оны жатқан көрінен тұрғызып алып тұрып отқа қақтайды. Сондықтан «сегіз жұмақ, жеті тозақ» дегеніміз «діни далбаса» деу артық болады.
Қанат Әркімнің пікір, ой айтып талдауға құқы бар. «Мен білем» деп Құдайдың атынан сөйлей бермеңіз, Құдайдың не істейтінін тек Құдай ғана біледі... Бір мысал..., егер Құдай жазаласа, онда анау Сириядағы жазықсыз бейбіт адамдарды, балаларды қырып, бомбалап жатқан жауыздарды неге төбесінен ұрмай отыр. Соны Құдай көрмей отыр дейсің бе? Құдай неге «соғысты тоқтатыңдар» деп ТАЛАП етпей отыр?
Сондықтан Құдай сіз екеуіміздің болмысымыздағы түсінікке сыймайды. «Пендешілікпен Құдайды алдағанмен өз ішіңдегі АР-Ұжданыңыздың сотынан құтыла алмайсыз, жегідей жейді сізді» дейтін түсінігім ол тек Адамдарға арналған. Сосын, діни догмаға елти берсеңіз түбі фанатик ИГИЛ-дің сарбазының бірі боласыз. Барар жеріңіз сол, финиш ...
Ғалым Бақыткерейұлы Мен ешқандай да Құдай атынан сөйлеп тұрған жоқпын, мен сол Құдайдың бізге Құран мен сүннет арқылы берген мәліметі мен білімі арқылы сөз айтып отырмын.
Сіз Құдай неге «Сириядағы жазықсыз бейбіт адамдарды балаларды қырып бомбалап жатқан жауыздарды неге төбесінен ұрмай отыр?» дейсіз. Өзіңіз айтқандай «құдайдың не істейтінін тек құдай ғана біледі». Ол бізбен кеңесіп, бізден ақыл сұрамайды. Әрбір іс пен әрбір жағдайдың түпкі мәнін Құдайдың тек Өзі ғана біледі.
Ол Өзінің барлық істері үшін әрбір адамның алдында есеп беруге міндетті де емес. Біз бәрібір де шым-шытырық себеп пен салдардың сан алуан түрленуін өзіміздің қораш ақылымызға сиғыза алмас та едік. Біз тек Құдайдың бізге түсірген Кітабы бойынша ой қорытамыз. Мысалға, Құранда Бақара сүресінде Алла былай дейді:
«Әрине, сендерді қayiп-қатер, ашаршылық және малдардан, жандардан сондай-ақ өнімдерден кеміту арқылы сынаймыз, (Мұхаммед F.C сондай жағдайларда) сабыр етушілерді қуандыр! Қашан оларға бip қайғы жетсе: «Олар шын мәнінде біз Аллаға тәнбіз әpi Оған қайтушымыз» деді. Miнe соларға, Раббылары жақтан жарылқау және мәрқамет бар. Әpi олар тура жолдағылар». Бақара 2:155-157.
Демек, Сирияда да адамдар Алла тарапынан сыналып жатыр. Сол сынақ арқылы біреулер өздеріне зиян тауып жатса, енді біреулер өздерінің имандарына, адамшылықтарына берік болып Алланың ризалығына ие болуда. Бұған еш күмәніңіз болмасын.
Қандай жағдайда да ешкім «мен тек жақсылықты ғана қалаған едім, мен тек жақсылыққа ғана болысқан едім» деп Алланы алдай алмайды. Және ешкім де Ар - Ұжданның сотынан құтылса да, Алланың ақирет күнгі сотынан құтыла алмайды. Бәрі де есептеліп, бәрі де түгенделіп Амал Кітаптарына жазылып жатыр. Оған ешқандай да қам жемеңіз.
Бұл жай ғана діни догма емес, бұл - Финиш. Бұл тек фанатик ИГИЛ-дің сарбазы ғана баратын финиш емес, бұл әрбір адамның алдында күтіп тұрған Финиш. Бұл Финиш кімге бақ, ал кімге сор болар екен? Бар мәселе сонда ғой...
22 - 25 январь, 2017 жыл.
Комментариев нет:
Отправить комментарий