Мейрімді, рақымды Алланың атымен бастаймын!
Абдрашит Бакирулы Біраз жерде «Намазды қазақша оқыңдаршы» деп айтқанымыз үшін молдадан да, басқадан да «таяқ» жеп жүргенімізде тәжіктер оны қолға алып үлгеріпті... Одан олардың мұсылмандығы да кеміп қалмапты!
Азамат Хайсин Қазақша сыйыну қазақтілділерді құдайға жақындата түсетін сияқты. Ал өзі не айтып тұрғанын білмесе ол қандай сыйыну?
Ертай Касимбаев Бірінші мемлекетті қазақшалап алайықшы, қалғаны өз кезегімен орнына келеді. Ұлт қазақ болмай ісі қазақ болуы екіталай.
Ғалым Бақыткерейұлы Бұлай болмайды. Құран арабша түскен, онда ауыспалы мәні бар сөздер арқылы келген аяттар бар. Олардың нені меңзейтіні Алла болмаса адамдарға аян емес. Ондай аяттарды қалай түсінуге болатыны жөнінде тек болжам ғана жасалады. Осындай болжам бойынша аударылып өзге тілде оқылған аяттың мағынасы бұзылуы мүмкін.
Аяттар адамның санасынан бұрын оның рухына әсер ететінін ескерсек мағынасы бұзылған аяттың адамның рухына тигізетін теріс әсерін қаншалықты екенін бағамдау қиын. Әрі Құран сүрелерінің әр аяттарындағы әріптерге дейін саналып, математикалық ғажайып бір өлшеммен үйлесім тапқанын да ұмытпаған жөн.
Мұның бәрінің біз білмейтін терең сырлары бар. Өзге тілдерге аударылғанда мұның бәрі жойылып аяттардың тек мағынасы ғана қалады. Сол мағынасының өзі де бұрмаланып аударылып, түпнұсқадағы мағынаны дәл бере алмайтынын ескерсек намазда әр ұлттың аяттарды өз тілінде оқуы қаншалықты қисынсыз екенін ұғуға болады.
Оның үстіне намаздың араб тілінде оқылуының нәтижесінде түрлі ұлт өкілдері қай елге барса да бір имамның артына тұрып еш алаңсыз намаз оқып сол арқылы мұсылмандар арасындағы бірлік сақталады. Бұл мәселенің осындай қырларын ескермей жалаң ұлтшылдықпен белден басу дұрыс болмайды.
Азамат Хайсин Осылай басып тастайды...
Ғалым Бақыткерейұлы Қанша жақын болса да атаның емес ақиқаттың құлы болу керек деп ойлаймын...
Азамат Хайсин Ақиқат сол, жақсы адам тіліне, ұлтына қарамай құдайдың разылығына бөленеді.
Ғалым Бақыткерейұлы Ол анық нәрсе, «сендердің ең жақсыларың тақуларың» деген Құранда. Тақуа адам дегеніміз Алладан қорқатын адам. Егер Алладан қорқатынымыз рас болса, онда басқа басқа болсын тап Құранға тиісу дұрыс болмайды. Құран арабша түскен Кітап. Сондықтан ол намазда да сол түпнұсқа арабшада оқылуы тиіс.
Құран мен араб тілін ажыратып намазды өзге тілде оқу намаздың сапасына әсер ететіндігіне сөз жоқ. Мұсылман үшін ең құнды құлшылық - оның намазы. Егер оның бар намазы кінәратты болып ақирет күні Алланың алдында қабыл болмай қалса, онда онан артық мұсылман үшін қандай трагедия болуы мүмкін? Сондықтан Құран мен намазға тиіспейікші...
Азамат Хайсин Жалпы әлемдік тәжірибеде бар ма? Автор тәжіктер туралы айтты. Басқа тәжірибе бар ма екен?
Ғалым Бақыткерейұлы Басқа әлемдік тәжірибеде жоқ деп ойлаймын. Мұндай зор бидғатты ешқандай шынайы мұсылман қабылдай алмайды. Мұндай дінбұзарлық жаңалықты дінге енгізгені үшін адамның басы кетуі мүмкін. Айтып тұрмын ғой басқа басқа бірақ Құран мен намазға тиісудің қажеті жоқ.
Ерлан Нусипов Құраннан бұрын адамзатқа тура жол көрсету үшін басқа да Кітаптар түскен Алладан. Бірақ сол Інжіл, Тора болсын əр халықтар өз тілдеріне аудара-аудара кей жерлерде мəтіннің мағынасын ауыстырып жіберген. Сосын қай тілдегі Кітап тура, қай тілдегі Кітап бұрмалау болғанын ешкім білмей қалды. Əр ұлт өзінің нұсқасын дұрыс деп білді. Аяғында осының бəрі ауызбірліктен айырып бүлік тудырды. Сондықтан Құранмен де осындай жағдай болмас үшін Құран тек араб тілінде оқылуы керек, жəне де бұрынғы адамзатқа жіберілген Кітаптардың Құран түскеннен бастап күші жойылды. Бұл Аллахтың қалауы.
Азамат Хайсин Алла тағала қазақша ұғады ма? Әрине, ұғады. Ойыңды да біледі. Мәселен, Фатиха сүресін қазақша айтсақ та мағынасы сол қалпында қалады. Бақанаста бір азамат зират басында молдалардан кейін таза қазақша оқығанда дене шымырлап кетіп еді. Әуелде мақау сияқты мүлгіп отырдық, ал ана кісі бастағанда өмірдің бағасын, Жаратқанның құдыретін қол жайған жұрт айқын сезіндік... Ал өз шешем таза қазақшасымен оқи береді намазын. Оған ешкім кедергі емес.
Абдрашит Бакирулы Басқа елге барғанда.... Оған не кедергі? Онсыз да дым түсінбесек те тұрып жатырмыз ғой. Мәселе әркімнің өз елінде деген сұрақ болып отыр. Осыған жауап беру керек...
Ерлан Нусипов Қазір дінаралық тайталас жүріп жатыр. Турасын айтқанда əр дін өз қатарын көбейтуге əрекет жасап жатыр. Ал Ислам дінін қабылдағандар Аллахтың қалауымен күн сайын көбейіп келе жатыр. Осыны көре алмай жүрген басқа діндегілер Исламның абыройын төмендету үшін неше түрлі əрекет жасауда.
Мысалы, қазігі Құранның арабша, яғни Аллахтан пайғамбарымыз Мухаммадқа (С.А.С.) түскен оригиналын басқа діндегілер де басып щығарып жатыр. Ол Құрандар 99% оригиналға ұқсас, ал 1% əдейі өзгертіліп жіберіледі. Мұның мақсаты - мұсылмандарды бөлу. Осының бəріне қазір Исламның дін өкілдері тосқауыл қойып жатыр.
Ал енді осындайға мəн бермесе, ертең Құранның неше түрлі версиялары шығады. Сосын бір топ біздің Құранымыз айқын деп шықсы, оған басқалар қарсы шығады, жоқ біздің Құранымыз тура деп. Алла одан сақтасын. Түпкі мақсат, осындай əрекетпен мусылмандардың арасына бүлік салып, сосын Құранның абыройын, күшін жойу. Ал егер əр ұлт өз тілінде айтса, онда араңдатушыларға өте оңай болады.
Сондықтан Алланың əміріне қарсы болмайық. Мұсылмандардың ауызбірлігі мол болса ешқандай жау алмайды бізді. Ал қазақ бекер айтпаған «бөлінгенді бөрі жейді». Ертең-ақ еврейлер арамызға адамдарын жіберіп Құранның қазақша мен өзбекше нұсқасында бір титтей сəйкестенбеген жерлерін тауып, соны екі мұсылман елдің арасын өшіктіру үшін алға тартады. Қазақтар шығады біздікі дұрыс деп, ал өзбектер қызыл кеңірдек боп тек өздерінікін дұрыс дейді.
Сосын басқа дін өкілдері сайрай бастайды. Қалай Исламды таңдайсыңдар, егер олардың Құрандары əр түрлі жазылған болса. Қайсысы дəлел екенін өздері білмейді. Түпкі мақсаты осы олардың. Қандай жолдармен болса да Исламның, мұсылмандардың абыройын түсіру. Басқалар кірмесін Исламға, ал мұсылмандар діннен шықсын дейді. Ал біз мында сол арандатушылардың мақсаттарын түсінбей оларға көмектесіп отырмыз.
Азамат Хайсин Осы уақытқа дейін солай болды. Ал мұсылмандар арасындағы ауызбіршілік қайда?
Ғалым Бақыткерейұлы Мұсылмандардың бәрі де намазды арабша оқиды, бірақ сонда да неге мұсылмандар арасында ауызбіршілік жоқ? Өйткені, дінді өз өресі деңгейінде түсініп, оны өзгелерге де түсіндіріп, өз алдына топ құрап алатын адамдар қай заманда да аз болмаған. Мысалға, әр халық намазды өз тілінде оқыған жөн деген «ғажап» идеяны қолдаушылар да көбейіп өз алдарына топ құрып алып жатса оған не деуге болады?
Намазды арабша оқып жүрген кезде де неше топқа бөлініп кеткен мұсылмандар арасында «әр ұлт намазды өз тілінде оқығандары жөн» деген жаңа бүлік шығатын болса, «қуырдақтың көкесі түйе сойғанда болар». Әр ұлттан шыққан мұсылмандар өз алдарына мешіт ашып алып намазды өз тілдерінде оқып бет-беттеріне кетер еді.
Ал қазақтарға келетін болсақ олар Құранның қазақша аудармаларынан мін тауып Халифа Алтайдың аударған дұрыс Құранымен намаз оқушылар, «Бәлен» аударған дұрыс Құранмен намаз оқушылар, «Түген» аударған дұрыс Құранмен намаз оқушылар болып сан секталарға бөлініп кетер еді. Құранды дұрыс аударушы ғұламалар үсті-үстіне көбейіп, тіпті әр рудың өз «Құраны» пайда болар еді. Онсыз да қырық құрау қазақтардың басын қоса алмай жүргенде енді оны осылайша бөлшектеп түбіне жету қалып еді.
Осы қазақты реформа жасауға деген құмарлық құртатын болды. Білім саласындағы, медицина саласындағы, зейнетақы саласындағы, банк саласындағы, басқа да толып жатқан салаларда реформалар жасап елдің алдын бермей келе жатқан бұл қазаққа енді дін саласында да бір керемет реформа жасап айды аспанға шығару қалып еді...
Азамат Хайсин Сіз КСРО кезінде, Құдай жоқ деген кезде қайда болдыңыз?
Ғалым Бақыткерейұлы Қайда болайын? «Партия қайда болса» мен де сонда болдым. Ол кезде Құран түгел дін жайлы кітап табу да қиын болды ғой. Атеистік бір кітаптан Құран аяттарын оқып соны ойға азық еткен кездер болды. Ал 91-жылы «Жұлдыз» журналында Халифа Алтай атамыз аударған Құранның қазақша аудармасы жариялана бастағанда сол журналдың 12 номерін әр жерден, әр ауылдан, әр үйден жинап кітап етіп тігіп алған едім. Қазір іздеген адамға бәрі бар, тек іздейтін адам болсын...
Алмас Аманбаев Ғалым Бақыткерейұлы, сіз «Құран сүрелерінің əр аяттарындағы əріптері саналып, математикалық ғажайып бір өлшеммен үйлесімін тапқан» дейсіз. Осыған кеңірек жəне тереңірек тоқтап ашып айтып бере аласыз ба?
Ғалым Бақыткерейұлы Алмас Аманбаев, сіз маған Құранға қатысты сұрақ қойып менен жауап күтудесіз, мен де сіз сияқты адам баласымын, менің де жұмысым, шаруаларым бар. Егер сіз өзіңіз ізденген болсаңыз интернеттен бұл жайында қажетті мәліметтерді көптеп табар едіңіз. Алла сізге ондай мүмкінікті берді, және сіздің сұрақтарыңыздың жауабын да беріп қойды.
Бірақ сіз ізденудің орнына менің жауабымды тағатсыздана күтіп, күмәнді ойларға ерік беріп, тіпті мені ғайбаттап та тастадыңыз. Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) «білімді Қытайдан (яғни, жердің түбінен) болса да іздеңдер» деген. Сізге отырып алып интернетті шарлағанан көрі ғайбаттаған оңай болғаны ма? Қазақ тілінде мына бір материалды таптым. Әрі қарай өзіңіз ізденерсіз. Табыс тілеймін. «Құранның математикалық құпиясы».
Ғалым Бақыткерейұлы Абдрашит Бакирулы, сіз бес уақыт намазын үзбей оқитын мұсылмансыз ба, әлде мұсылмандық бар парызы қайтқан адамдарға Құран бағыштаумен ғана шектелетін қазақтардансыз ба? Егер Құран тек қайтқан адамдарға ғана оқылатын Кітап болса онда қабірдің басына барып оның қазақша мағынасын оқуға тиым жоқ. Алла қаласа одан сол қабір иесіне бір жеңілдік болар.
Бірақ Алланың қасындағы Кітаптан көшірілген арабша Құран өзіндік қасиетімен құнды. Сол себепті де оның сауабы мол. Егер қайтқан адамдарға Құранды сауабы үшін оқитын болсақ, арабша түпнұсқа Құран оқыған әлдеқайда артық деп ойлаймын.
Ал негізгі әңгіменің тақырыбы намаз жайында екенін ескерсек, онда оқыған намазының қабыл болмай қалуынан қорықпайтын мұсылман болса намазын Құранның әлдебіреу бұзып өз түсінігімен аударған, түпнұсқаға сәйкес келмейтін қазақша мағынасымен оқи берсін.
Негізінде намазын арабша Құранды қырағатына келтіріп оқуға тырысып соның өзінде «намазымыз түрлі себептермен қабыл болмай қала ма?» деп қауіп ойлап жүрген мұсылмандар үшін намазын өз тілінде оқу ақылға симайтын іс. Бұл әрекет 1500 жылдық Ислам тарихында ешбір мұсылман ғұламасы қостамаған діндегі жаңалық, яғни бидғат.
Азамат Хайсин Догма деген осы. Ештеңе өзгертуге болмайды.
Ғалым Бақыткерейұлы Діни сауаты жоқ, немесе діни сауаты аз адамдардың дін мәселелеріне араласуынан дін бұзылады. Сондықтан әрбір мұсылман Алла алдындағы, дін алдындағы өз жауапкершілігін сезінуі тиіс. Дін саясат емес әркім түк білмесе де өз пікірін айтып өзеурейтін. Ислам дінінде әрбір мәселе тек Құран мен Сүннет арқылы ғана талданады. Құран мен Сүннетке сәйкес келмей ме, онда ол нәрсе қабылданбауы тиіс. Егер бұл догма болатын болса, онда догма деген сөздің жақсы сөз болғаны.
Егер біз Құран мен Сүннеті ысырып қойып заманымызға сай өз қалауымызша реформа жасай берсек онда бізге дін не керек? Дін өзінің мәңгілік мызғымас негіздері мен өзгермес құндылықтарымен құнды. Егер айнымалы, құбылмалы заман ауанымен желігіп жүргенді ұнататын жандар болса олар үшін небір «модный» ілім-білімдер аздық етіп жүр ме? Әлде олар дінге реформа енгізетіндей өздерін кемеңгер сезіне ме?
Серикбай Мусагалиев Алла тағаланы қай тілде мадақтаса да болады. Алла тағала барлық тілді білуі керек, ана тілін білмейтін шала қазақтарға қарағанда...
Ғалым Бақыткерейұлы Алла тағаланы қай тілде мадақтасаң да Алла естиді, және түсінеді, және оны қабыл етеді. Сондықтан мұсылмандар Алланы өз тілінде мадақтап, тілек тілеп жалбарынып намаздан соң Аллаға өз тілінде шын жүректен дұға етеді. Бірақ намаздың жөні бөлек. Намаз ол Алланың өзі белгілеп, бір тәртіпке салып, қатаң бекіткен ритуалды құлшылық. Оның ішке бүккен қыр-сыры бізге беймәлім.
Намазға тосын бір жаңалық енгізу үшін Құран мен сүннеттен бір дәлел табу керек болады. Ал Құран мен Сүннетте әр ұлт намазда сүрелерді өз тілінде оқуға болады деген еш дәлел жоқ. Егер бұл Аллаға жағымды іс болса Алла бұл жөнінде бір дерек берер еді. Ондай дерек мүлде жоқ. Сол себепті осы кезге дейін небір білікті Ислам ғұламаларының өздері бұл мәселені қозғамаған. Олардан асып пікір айтатындай дәрежеге жетпеген адамдардың сөздерінде не салмақ бар?
Серикбай Мусагалиев Басқа ағымда жүргендер жөнінде не айтасыз? Тоқ етеріне келгенде өз пайдасына бұрмалау емес пе екен?
Ғалым Бақыткерейұлы Өзім араласқан басқа ағымдардағы адамдар жайында түйген пікірім, олардың көбісі өздерінің ұстанып жүрген жолдарының дұрыстығына деген еш күмәндері жоқ. Өздері «біз тура жол таптық, тек біз ғана тура жолды ұстанамыз» деп ойлайды. Әрине, топ мүшелерінің ұйымшылдықтары, өзара бауырмашылдықтары, өз-өздеріне деген сенімділіктері ұнағандықтан да солармен бірге болуды қалаған жандар да бар. Әрқайсысы өз біліміне, өз түсінігіне, өз қолайына, өз пайдасына қарай таңдау жасайды. Сол себепті де олардың бәрін бір қалыпқа салып біржақты пікір айту қиын.
Ислам Иман Ихсан Егер Құран қазақ тілінде түскен болса еді, әлемнің бар мұсылманы намазды қазақша оқыр еді!
Азамат Хайсин Соны, намазды қазақша оқуды «бисмилла» деп бастап көріп, егер жақсылығы мол болса пайдаланып, егер жаман болса тастаса. Ал бастамай жатып неге үзілді-кесілді қарсы шығасыз?
Ғалым Бақыткерейұлы Ал сіз намазды қазақша оқудың жақсылығы мол екенін, немесе жаман екендігін қазір қалай анықтамақсыз? Сіз бұл ісіңіздің жемісін тек ақиретте есеп берген кезде ғана көретін боласыз. Бірақ ол кезде бірдеңені түзетуге кеш болып қалады. Ал бұл істі қолданысқа енгізіп жүріп қанша адамға кесіріңіз тиіп кетуі мүмкін екенін ойладыңыз ба? Ақирет күні олар үшін де жауап беруге дайынсыз ба?
Жалпы Ислам ғұламаларының арасында құлшылық амалдардың парыздары мен сүннеттеріне Құран мен Сүннетте жоқ жаңалықтарды енгізуге болмайды деген бірауызды келісім бар. Құран мен Сүннеттен таймау қателікке ұрынбаудың мейлінше дұрыс жолы.
Азамат Хайсин Егер қазақша сыйына бастағаннан құдайдан қорқатын жақсы адамдар көбейіп, Елбасыдан бастап бастықтар түзеле бастаса, өтірік айту азайса, тағы басқа да жақсылығы мол деген сол емес пе?
Ғалым Бақыткерейұлы Әрине, сізді түсінемін, «егер намазды қазақша оқи бастасақ оның мағынасын түсініп тұратын адамдардың имандары күшейіп, құдайдан қорқатын жақсы адамдар көбейіп, Елбасыдан бастап бастықтар түзеле бастап, өтірік айту азайып тағы басқа да жақсылығы мол» болар еді дейсіз.
Бірақ намазға жығылып бес уақыт құлшылық еткен адамның иманы сол құлшылық барысында күннен күнге арта беретін болады. Ол өз бетімен ізденіп, Құран мен хадистерді оқып білімдерін жетілдіріп отырады. Ал намаз оқымайтын адамға намаздың арабша, не қазақша оқылғанынан не пайда? Ол намазға қатыспағандықтан бәрібір оны тыңдамайды.
Және екі намазда, яғни бесін мен екінті намазында имамның Құран аяттарын іштен оқитынын ескерсек, онда ол намаздарды қазақша оқудың не мәні бар? Осы екі намазда жамағат имам оқып тұрған аяттарды түсінбек түгел оларды мүлде естімейді де, бірақ одан олардың сауабтары еш кемімейді.
Демек намазда Құранды естіп, түсініп тұру міндет емес. Егер намазда Құран қазақ тілінде оқылатын болса онда қазақтардың бәрі Аллаға иман келтіріп, иман келтіргендердің имандары күшейіп кетер еді деп ойлау бекершілік. Егер Құранды өз тілінде түсінетін адамдар ең шынайы мұсылмандар болатын болса онда Құранды араб тілінде түпнұсқадан оқитын арабтардың бәрі де дінге берік болар еді.
Бірақ Құранды өз тілінде қанша оқыса да бір хадисте айтылатындай «оқыған Құраны кеңірдегінен әрі аспайтын», яғни жүрегіне жетпейтін мұсылмандар да жеткілікті. Олардың қасында мағынасын түсінбесе де Құранды тылсым бір қорқынышпен, ерекше бір ілтипатпен тыңдап жүрекпен ұйыйтын мұсылмандардың имандары әлдеқайда берік болады деп ойлаймын. Қалай десек те намаздан сырт жүрген, сол себепті де Құранды тыңдау мүмкіндігі жоқ жандарға бола қазақша намаз оқып дінді бұзудың қажеті жоқ.
Және «мешіттерде орысша уағыз айту керек» деп жоғарыдан нұсқау түсіп жатқанын да ұмытпайықшы. Егер намазды қазақша оқи бастасақ, онда жоғарыдан «намазды орысша да оқыңдар, орыстілділер түсінсін» деген жаңа нұсқау түсетініне еш күмән жоқ. Сондықтан «сау басымызға сақина тілемей» намазымызды арабша оқып тыныш қана жүрейікші.
9-20 қазан, 2016 жыл.
Комментариев нет:
Отправить комментарий