Мейрімді, рақымды Алланың атымен бастаймын!
Әр заманның адамдары өздерін өткен замандағыларға қарағанда ақылдырақ, білімдірек санайтыны белгілі. Олай болса келер ұрпақ үшін қазіргі «көзі ашық, көкірегі ояу» болып жүрген біздің де надан болып қалатынымызды ұмытпайық.
Меніңше, бұрынғы аталарымыз бізге қарағанда надандау болса да олардың иманы, ар-ұяты молырақ болған сияқты. Олар қанша надан болса да ата-аналық парыздарын адал орындап артында ұрпақ қалдыруды мақсат етті, некелі жарынан бала сүйіп, ұрпақ өсіріп, өндірді.
Қазіргі ақылдары толысып, жетіліп кеткен білімді ұрпақ болса ұрпақ алдындағы парыз-қарыз деген ұғымды жинап қойып, көрінгенмен ұйығып ойнас жасап күнәдан емес баладан қатты сақтануда. Еркегі өз қанынан жаралған ұрпағынан бас тартып оны өлтіруді шыбын өлтіргеннен де оңай санаса, қыз-келіншектер некесіз көтеріп қойған «жоспарда»  жоқ нәрестені дәретханаға бір отырып тастап кететін нәжіспен бірдей көруде.
Сонда да олардың әрқайсысы өздерін дүниеге әкеліп өсіріп-өндірген, сол үшін талай қиындық көріп қажып-талған, талай қорлық көріп жасып-жабыққан әке-шешесін, ата-бабаларын надан санайды. Олардың бұлай деп ойлауға қандай қақылары бар еді? Олардың әке-шешесі, ата-бабалары өздері қызық көрмесе де ұрпағымыз аман болса екен, осы балаларымыз адам болып біз көрмеген қызықты осылар көрсе екен деп тіледі. Олар сол үшін өмір сүрді.
Ал олардың ұрпақ алдындағы жауапкершілігінің жүзден бірін де сезінбейтін, олардың ұрпағы үшін көрген қиындықтары мен қорлықтарының жүзден бірін де көрмеген, өз қара басының қызығы мен пайдасын күйіттеп, өзі үшін ғана өмір сүріп жүрген жандар болса өздерін сол әке-шешесінен, ата-бабаларынан да ақылдырақ, білімдірек санап такаппарланады. 
Олардың осыншама ақылмен, осыншама біліммен істеп жүрген арсыздықтары мен жауыздықтарын хайуандар да жасамайтын болса олардың шын мәнінде кім болғандары?
                        Наурыз, 2016 жыл.                                                                

Комментариев нет:
Отправить комментарий