вторник, 12 июля 2016 г.

«Нузул» (түсу) сөзі бойынша Иса Мәсих аспаннан түседі.

Мейрімді, рақымды Алланың атымен бастаймын!

Неше түрлі діни ағымдар көбейген қазіргі  кезеңде өздерін  ахмадилер деп атайтын топ та өз үгіт-насихатын өрістетіп халық арасына өз ықпалын тарату  әрекетін жасауда. Олар аһли сүннет мұсылмандарының  сенім бойынша  Алла Тағала көкке тірі күйінде көтеріп  ақирет күніне таман көктен қайтып түседі деп күтілетін  Иса Масихті (Иисус Мессия) (Алланың сәлемі болсын) өлді деп жариялап оның орнына масих етіп Мирза Ахмад деген кісіні ұсынуда.

Үндістанның  Қадиани қаласында  туып Лахор қаласында  қайтыс болған Мирза Ғұлам деген кісінің мұсылмандар күтіп жүрген Масихтің нақ  өзі  екендігін дәлелдеу үшін ахмади-қадианиттер  қиыннан қиыстырып небір дәлелдер ұсынуда. Төмендегі мақала да  олардың кезекті бір дәлелдері болып табылады. Әлеуметтік желі арқылы таратылған  осы бір мақаланы оқи отырып  оған қатысты өз пікірімді білдірген болатынмын. Мақаланы ықшамдап, ал өз пікірімді еш өзгеріссіз сол қалпында ұсынып отырмын.
           
             «Нузул» (түсу) – сөзінің мағынасы. Иса аспаннан түсе ме?

Әбу Һурайра (оған Аллаһ разы болсын) баяндайды, Алланың Елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) айтыпты: «(Уа, мұсылмандар!) Жағдайларың не болмақ, араларыңа Мәриямның ұлы түскенде және өз араларыңнан (шығып) имамдық еткенде». (Бұхари, Китаб-үл-анбийа, Баб нузули Иса бни Марияма; Мүслим, Китаб-үл-иман)

Бисмилләһи ар-Рахманир-Рахим!

Қазіргі кездің көпшілік молда-ғұламалары Үмметке Иса Мәсіхтің (ас) келуі жайында айтылған хадистегі «нузул» (түсу) сөзіне сүрініп, адасушылыққа бой алдыруда. Олар үшін бұл үлкен проблемаға айналған. Өйткені, «нузул» сөзінің тіке (тілдік) мағынасы «түсу», яғни бір нәрсенің жоғарыдан төмен қарай заттық тұрғыда түсуін білдіреді.

Сондықтан болса керек әлгі ғұламалардың пайымы бойынша, хадисте Уәделенген Мәсіхке (ас) қатысты «нузул» сөзі қолданылғандақтан, ол міндетті түрде жоғарыдан (яки, аспаннан) заттық тұрғыда түсуі тиіс және де ол бұрынғы Мәсіхтің (ас) өзі болады деген ойға кеңелген болар. (...)

Сонымен қатар, «нузул» сөзі барлық жағдайларда бір нәрсенің жоғарыдан төмен қарай заттық тұрғыда ғана түсуін білдіреді деу үлкен қателік. Өйткені «нузул» (түсу) сөзінің астарлы мағынасы: түскелі тұрған нәрсенің пайдасы орасан зор болады, ол нәрсе адамзатқа игілі-берекелі болады дегенді білдіреді. (...) «Түсудің» мұндай түрі Құран Кәрімнің бірнеше жерінде сөз етіледі, солардың кейбірін назарларыңызға ұсынамыз:

«Сонда Аллаһ Пайғамбарына және мүміндеріне тыныштығын түсірді...». (Әт-Тәуба, 9:26)

«Қасыреттен соң Ол сендерге тыныштық ұйқысын түсірді де бір тобыңды баурап алды...». (Әле-Имран, 3:154) 
«Ол сендерге малдардан сегіз жұп түсірді...». (Әз-Зүмәр, 39:6)

«Ей, Адам балалары! Біз сендерге ұятты жерлеріңді жабатын әрі сәндік боларлық киімдерді түсірдік. Негізінде, киімнің жақсысы — тақуалық. Ол Аллаһтың белгілерінен, бәлки олар түсініп, насихат алар». (Әл-Ағраф, 7:26)

«Біз сендерге бұлтты көлеңке етіп, сендерге мәннә мен бөдене түсірдік...». (Әл-Бақара 2:57)
  
«Расында, Елшілерімізді айқын дәлелдерімізбен жібердік, және оларға Кітап пен Таразы түсірдік, адамзат баласы әділдікпен амал қылсын деп. Сондай-ақ, Біз темірді түсірдік: онда сұрапыл қуат пен адамдар үшін көптеген пайдалар бар, бұның бәрі - көрінбей тұрған Аллаһқа және Оның Пайғамбарларына жәрдем еткендерді айырып тануы үшін. Әлбетте, Аллаһ Күшті де Құдыретті».  (Әл-Хадид, 57:25) 
     
«Егер Аллаһ құлдарының ризықтарын өлшеусіз мол берсе, онда әлбетте олар жер бетінде дүрбелең шығарар еді; бірақ Ол ризығын Өзі қалаған мөлшерде ғана түсіреді. Әлбетте, Ол құлдарының жайын Білуші де Көруші».  (Әш-Шура, 42:27)

(...) Мал, киім-кешек, жасыл желек, бөдене (сальва), темір және т.б. заттар жер бетінен табылады немесе жер қойнауынан қазып алынады. Олар жоғарыдан түспейді, аспаннан жаумайды. «Нузул» (түсу) сөзі қолданылғандықтан, олар міндетті түрде аспаннан түсуі тиіс деген анықтама мүлдем Құрани анықтама емес. Әлгі түседі делінген заттардың шығу тегін Құран Кәрім былай анықтайды: 

«Ол (Аллаһ) жер жүзіне асқар тауларды орнатты, құт-береке берді де ондағылардың қажеттіктерін өтеу үшін - ризықтарын төрт Күнде толық мөлшерде белгіледі». (Әл-Фуссилат, 41:10)   
   
(...) Құран Кәрімде тағы мынандай аяттар бар: 

«Біз жерді төсеп, оның үстіне нық тұратын (тауларды) тұрғыздық және ондағы әр нәрсені мәлім мөлшерде өсірдік. Және Біз күнкөрістік ризық бердік сендерге де, сендер ризық бере алмайтындарға  да. Өйткені бар нәрсенің бәрінің қазынасы Бізде, және Біз оны белгіленген мөлшерде ғана түсіреміз». (Әл-Хижр, 15:19-21)
        
Сонымен, Құраннан мәлім болғаны, табиғат әлеміндегі барлық заттарды Аллаһ түсірген, яғни олар Алланың сыйы болып табылады, - алайда олар аспаннан заттық тұрғыда (физикалық түрде) түспейді. Олар жерден жаралған, яғни олардың шығу тегтері жер анадан. Олар жер бетіне өсіп шығады немесе оларды жер қойнауынан өндіріп алады.

Сондықтан Уәделенген Мәсіхтің (ас) келуіне қатысты қолданылған «нузул» (түсу) сөзі бұдан басқа мағынаны білдіруі мүмкін емес. (...) Бұл сөз Мәсіхтің (ас) тура мағынада, яғни заттық тұрғыда аспаннан түседі дегенді титтей де болсын білдірмейді.  «Түсу» сөзі Құран Кәрімде ардақты Пайғамбарымызға да ﷺ қолданылғанын көпшілік адамдар ұмыт қалдырады. (...)

«... Аллаһ сендерге түсірді Ескертуші, Елшіні, ол сендерге Аллаһтың айқын аяттарын оқиды, иман келтіргендер мен жақсылық істегендерді  түнектен жарыққа шығару үшін». (Әт-Талақ, 65:10-11) 

Енді қараңыздар, «нузул» деген сөз ардақты Пайғамбарымызға да ﷺ және келетін Мәсіхке де (ас) қолданылған! Бірақ осы сөз ардақты Пайғамбарымызға ﷺ қатысты бір мағынада түсіндірілсе, ал Уәделенген Мәсіхке (ас) қатысты оны мүлдем басқаша, қыйсынсыз, жаратылыс заңдылықтарына қайшы мағынада түсіндірумен әлек болуда. 

Ардақты Пайғамбарымыз ﷺ жер бетінде басқа адамдар сияқты дүниеге келіп, кейін Аллаһтың пайғамбары болуы үшін өсіп-жетілген. Неге осы мағынаны Уәделенген Мәсіхке де (ас) қолданбасқа? Неліктен Уәделенген Мәсіх (ас) осылайша барша адами тұрғыда «түсіріліп», яғни жер бетінде туылып, кейін Аллаһтың пайғамбары  болуы үшін өсіп-жетіледі демеске?». (Соңы).
  
Ғалым Бақыткерейұлы  Барлық нәрселер Алланың әмірі ретінде көктен рух күйінде түседі де (нузул) жерде материалданады. Жоғарыдағы аяттарда айтылатын заттардың көктен түсуі осы тұрғыда баяндалған. Демек, Иса пайғамбардың (Алланың сәлемі болсын) көкке рухымен көтеріліп көктен рухымен түсіп жер атмосферасында материалдануы жоғарыдағы аяттарға еш қайшы келмейді. Сондықтан Мирза Ғұламды масих еткілері келетін қадианиттердің бұл дәлелдері  олардың басқа да дәлелдері тәрізді қабылдауға тұрмайды.  

18 желтоқсан 2015 жыл. 

Комментариев нет:

Отправить комментарий