суббота, 11 июня 2016 г.

Жат ағымдар сіз үшін жауап бере ме?


Мейрімді, рақымды Алланың атымен бастаймын!

Дінге бет бұрыс жасалған тәуелсіздік таңынан бері біздің сөздік қорымыз  «жат ағымдар» деген жаңа сөз тіркесімен толықты. Бұл «жат ағым» ұғымы қазақ халқына  тән емес жат жерлік діни ағымдарға қатысты қолданылады. Осынау ұлтымыздың бірлігіне де, қоғамымыздың  тұрақтылығына  да қауіп төндіретін  жат ағымдардан сақтанудың қажеттілігі  жөнінде халқымызға  ақпарат құралдары арқылы жиі ескертіліп, бұл мәселе мешіттерде талай уағыздың тақырыбына айналуда.

Бірақ, «тоқпағы мықты болса киіз қазық та жерге кіреді» дегендей қолдауы мықты кейбір жат ағымдар  еліміздің бірқатар  өңірлерде қарқынды түрде таралып  кейбір жергілікті намазхандар үшін ол  ағымдар  жат болудан қалып барады. Керісінше, мұндай «қағынын жерінген»  қандастарымыз  үшін  жергілікті  ханафи мазхабы «жат ағымға» айнала бастады.  

Тарихи деректер бойынша 8-10 ғасырлардан бастап Ислам дінін қабылдаған қазақ халқын дүниежүзі халықтары мұсылман ұлт ретінде таныса  мұсылман әлемі үшін  қазақ халқы ханафи мазхабын ұстанатын ұлт ретінде белгілі. Өйткені, қазақ халқы мұсылмандықты қабылдағаннан бері осы ханафи мазхабының ақидасымен иманын түзеп, ханафи мазхабының шариғатымен дін ұстанып, құлшылық етіп келді.
Бұл мазхаб Ислам дінінің өзегі болып табылатын әһли сүннет, яғни сүннетпен жүретін төрт мазхаб - ханафи, малики, шафиғи, және ханбали мазхабтарының  ішіндегі ең алғашқысы, және  ең үлкені. Бұл төрт мазхабсыз Ислам дінін дін ретінде көзге  елестету мүмкін емес. Және  осы әһли сүннет төрт мазхаб болмағанда  Ислам дінінің дін болып осы күнге жетуі де неғайбіл еді.

Ал қазіргі елімізге келіп жатқан жат ағымдардың ешқайсысының да  Ислам дініне  еңбектері  сіңе қойған жоқ. Әрі кеткенде жүз-екі жүз жыл  төңірегінде ғана Ислам дінінің дұшпандарының  қолдауымен пайда болған бұл ағымдар  «дайын асқа тік қасық» болып келіп еліміздегі дәстүрлі мазхаб ханафи мазхабының орнына таласып халық  арасында белсенді түрде өз үгіт насихаттарын жүргізуде.

Кейбір өңірлерде  қаншалықты күш алып кетіп  жатса да бұл ағымдар қазақ халқы үшін жат ағымдар болып қала береді. Өйткені олардың елімізде пайда болуы да, таралуы  да Құран мен Сүннетке қайшы  әрекеттер арқылы заңсыз  түрде жүзеге асуда. Егер  осынау жат ағымдарға бет бұрып жатқан  қандастарымыз  Құран мен Сүннетті  дұрыс түсінсе, және  ханафи мазхабын тиісінше  бағалай алса олар мұндай жаңсақ қадамдарға бармас еді.

Ханафи мазхабы  Ислам дінінің ең көрнекті ғұламаларының бірі имам  Әбу Ханифаның  өз ұстаздарынан алған білімдері  негізінде  қалыптасты. Ол  һижра жыл санауы бойынша 80-150 жылдар арасында өмір сүрген кісі. Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) қайтыс болғаннан кейін 70 жылдан кейін дүниеге келген Әбу Ханифа  өзінің салафтық дәрежесі жағынан   табиғин болып келеді. Яғни, ол сахабаларды өз көзімен көріп олардан тікелей  білім алған.  

Имам Әбу Ханифаның  өзі табиғин болса, ханафи мазхабының  дамуына сүбелі үлес қосқан  оның тікелей шәкірттері табаға табиғин дәрежесін иеленеді. Демек,  бұл мазхабтың  құрылуына да, қалыптасуына да бірыңғай  салаф ғұламалар еңбек сіңірген. Мұны ешбір  адам жоққа шығара алмайды.  Осының өзі бұл мазхабтың дұрыс мазхаб екенінің бұлтартпас дәлелі.

Осынау  салафтар іргесін қалаған әһли сүннет  ханафи мазхабын Алла тағала қазақ халқына нәсіп етті. Және Алланың қалауымен  осы мазхабтың ақидасы мен фиқһын басшылыққа алып  халықты дінге ұйыту үшін Діни Басқарма құрылып оған білікті дінбасы Бас муфти етіп сайланды.  Бұл осы мемлекеттегі тарихи орныққан жергілікті мазхабты ұстанатын  жергілікті халық өкілдерінен тағайындалған діни басшылық.

Осы тұрғыдан алғанда  Бас муфти  қазақ халқының, осы жердің тұрғылықты мұсылмандарының   заңды басшысы болып табылады. Соған орай  Құран мен пайғамбарымыздың (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) сүннетін ұстанатын  Қазақстандық мұсылмандар   өз іштерінен шыққан  заңды басшылары осы Бас муфти мен ол  тағайындаған жергілікті  мешіт имамдарына   бойұсынуға міндетті. Бұл жөнінде Алла тағала Құранда былай  деп үкім етеді:

«Ей, мүминдер! Сендер Аллаға бойұсыныңдар, Пайғамбарға бойұсыныңдар, әрі өздеріңнен болған әмір иелеріне де. Егер  бір нәрсе үстінде таласып тартысатын болсаңдар  Аллаға және пайғамбарға жүгініңдер. Егер сендер Аллаға, ақырет күніне сенетін болсаңдар осылай істеу әрі қайырлы, әрі жақсы нәтижелі болмақ». Құран. Ниса сүресі 4:59.   

Бұл аятта мұсылмандарға өздерінен болған әмір иелеріне бағыну нұсқау етілген. Және де «егер сендер Аллаға, ақырет күніне сенетін болсаңдар осылай істеу әрі қайырлы, әрі жақсы нәтижелі болмақ» деген түрде бұл  бойұсынушылықтың  Аллаға, және  ақирет күніне иман келтірудің бір көрінісі екендігі  білдіріледі.

Әрине, өз  қателіктерін мойындағылары  келмейтін кейбір қыңыр мұсылмандар «бұл аятта  әмір иелері делінген, ал біздегі Бас муфти мен имамдар әмір иелері емес» деген уәж айтулары да  мүмкін.  Егер бұлай дейтін мұсылмандар болса олар өздерінің бойұсынып жүрген шетелдік шейхтері мен дағуатшыларының да саяси билік пен діни басшылықты қатар алып жүрген әмір иелері емес екендіктерін ұмытпасын.

Сол шетелдік шейхтер мен дағуатшылар тәрізді  біздің  Бас муфти  мен имамдардың қолдарында  да толыққанды әмір ретіндегі билік жоқ. Солай болса да  дін  істерінде олардың  басшылық ету құқығы толық сақталған. Сондықтан   Құран мен сүннетті ұстанатын әрбір жергілікті мұсылман дін істерінде шетелдік шейхтер мен дағуатшыларды емес  жергілікті Бас муфти  мен имамдарды  әмір  ретінде қабылдауға міндетті. 

Өз дінбасыларына  бойұсыну  Құран арқылы берілген нақты үкім  болса да  шетелдік жат ағымдардың ықпалдарына түскен  жергілікті мұсылмандар Бас муфти мен  мешіттердегі имамдарды өздерінің  басшылары ретінде қабылдаудан бас тартуда. Олар керісінше, Алланың  үкіміне қайшы келетін  іс жасап   жат жерлік шейхтер мен  дағуатшыларды өздеріне басшы етіп алып  тек соларға ғана  бойұсынып, солардың пәтуалары мен нұсқауларымен  жүруде.

Бұл жат ағымдардың барлығының да діни орталықтары   шетелдерде орналасқан. Сондай-ақ, ол ағымдардың  шейхтері мен дағуатшылары түгелдей дерлік   шетел азаматтары. Сол себепті де  Құран мен сүннет бойынша ол  шейхтер мен дағуатшылардың ешқайсысы да  жергілікті қазақстандық мұсылмандар үшін өздерінен болған әмір иелері, яғни басшылары болып саналмайды.  

Егер  Қазақстанда тумаса, Қазақстанда тұрмаса, Қазақстан республикасының  азаматтары болмаса, сондай-ақ  жергілікті қазақ ұлтының өкілдері болмаса ол шейхтер мен дағуатшылар қалайша Қазақстанда туған, Қазақстанда тұратын, Қазақстан республикасының  азаматтары болып табылатын жергілікті  қазақ ұлтынан шыққан мұсылмандарға  «өздерінен болған әмір иелері» бола алады? 

Егер  бұл жат ағымдардың кейбір дағуатшылары Қазақстанда туса да, Қазақстанда тұратын  Қазақстан республикасының  азаматтары болмаса да, сондай-ақ  жергілікті қазақ ұлтының өкілдері болса да олардың  ұстаздары да, олардың бойұсынатын діни басшылығы да шетелдіктер екенін ескерген жөн. Сондықтан олардың ешқайсысы да Қазақстан Діни Басқармасының Бас Муфтиін өздерінің басшылары ретінде мойындамайды.

Осы тұрғыдан алғанда  жергілікті мұсылмандарға өздерін басшы  ретінде  ұсынып жүрген  шетелдік  шейхтер мен дағуатшылар, сондай-ақ шетелдік басшыларының нұсқауларымен әрекет ететін жергілікті дағуатшылардың   Құран арқылы берілген Алланың  үкімін бұзып  жүр деп айтуға толық негіз бар.

Және де,  әрине,  өздеріне «үш қайнаса да сорпасы қосылмайтын»  шетелдік  шейхтер мен дағуатшыларды, сондай-ақ шетелдік басшыларының   нұсқауларымен әрекет ететін жергілікті жат ағымдық дағуатшыларды өздеріне басшы етіп алған жергілікті мұсылмандар да жоғарыдағы «...өздеріңнен болған әмір иелеріне (де бойұсыныңдар) деген  айқын мағыналы аятқа қайшы іс жасап күнаға батып жүр.

Бірақ сонда да олар  өздерінің тек Құранмен, сүннетпен  ғана жүретіндіктерін тынбастан қайталап   «аяқтыға жол, ауыздыға сөз бермей» жүр. Жарайды, олар білімсіздікпен қателесіп жүр делік, ал оларға басшы болып жүрген  шейхтер мен дағуатшылардың істерін қалай түсінуге болады? Сонда олардың  да  Құран мен сүннеті дұрыс түсіне алмай  жүргендері ме?

Бір таңғаларлығы  бұл шейхтер мен дағуатшылар өздерінің айтулары бойынша ханафи  мазхабын  дұрыс мазхаб ретінде мойындайды екен. Бірақ сөйте тұра олар жергілікті ханафи мазхабын ұстанатын мұсылмандарды  мазхабтарын  тастап өз ағымдарына қосылуға үгіттеуде. Сонда олар осы істері арқылы өздерін өздері фитна күнәсі бойынша айыптап  жүргендерін түсінбейтін шамада өресіз болғандары ма?

Олар  мазхаб ұстанудың қате екендігін дәлелдейтін  дәлелдер іздестіріп, сол бойынша  тұтас білім саласын қалыптастырып оны арнайы оқу орындарында тереңдетіп  оқытуды жолға қойған. Және  түрлі ақпарат құралдары арқылы жүйелі түрде  үгіт-насихат жүргізіп  бар «өнерлерін» салуда. Соның  нәтижесінде  кейбір жергілікті  мұсылмандар ханафи мазхабын тастап олардың  ағымдарына қосылып  сол шейхтер мен дағуатшылырды өздеріне басшы етіп алуда.  

Бұл шын мәнінде  дінімізде  фитна  ретінде бағаланатын іс. Егер ол шейхтер мен дағуатшылар Құран мен сүннетті дұрыс түсінетін болса, егер олар Құран мен сүннетті қатаң ұстанатын болса, егер олар  Алладан қорқатын болса, онда олар  мұндай фитна істерден сақтанған болар еді.  Яғни, олар бір басшыға бойұсынып біртұтас жамағат болып ұйып отырған жергілікті мұсылмандардың бірліктерін бұзбас еді. 

Әрфаджиден жеткен бір хадисте Алла Елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) былай дейді: «Егер сендер бір адамның басшылығымен тұрған кезде  біреу келіп сендердің бірліктеріңді бұзып жамағаттарыңды бөлгісі келсе оны өлтіріңдер». Муслим.

Бұл дәрежесі жағынан сахих хадис. Және мағынасы жағынан да бұл ешқандай бұрмалауға келмейтін айқын хадис. Егер таңдаулы хадистер жинағы болып саналатын «Сахих Муслимдегі» бұл хадисті білмейтін мұсылмандар болса онда олардың өздерін білімді санап такаппарланулары бекер. Егер бұл хадисті білмейтін шейхтері мен дағуатшылар да  бар болса онда олардың білікті шейхтер мен дағуатшылар екендіктері күмәнді.

Бұл  сахих  хадис бойынша  жергілікті мұсылмандар  ханафи  мазхабын жамандап  өз ағымдарына қосылуды үгіттеп жүрген, сол арқылы жамағаттың бірлігін бұзуға тырысып жүрген қандай болмасын  азғырушыларды қатаң түрде тиып тастауға  тиісті. Бұл оның Құран мен  пайғамбарымыздың (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) сүннетін ұстанатын мұсылман екендігінің нақты бір көрінісі  болмақ.

Бұл хадис бойынша жергілікті мұсылмандар  Бас муфти мен мешіт имамдарын жамандап оларды тыңдамауды үгіттейтін, олардың орнына өздерін басшы етіп ұсынып өздеріне ғана бағынуды  міндеттейтін әрбір шейх пен дағуатшыны тыңдамауға тиісті. Мейлі, олар қаншалықты беделді шейх, танымалы дағуатшы болса да. Өйткені, олар қаншалықты беделді, қаншалықты танымал болса да Құран мен сүннетке қайшы келетін іс жасап жүрген адамдар.

Құран мен сүннет бойынша Қазақстандық  мұсылмандар өз араларынан шыққан  Бас мүфти мен жергілікті мешіттердегі имамдарды ғана басшы ретінде мойындап, тек соларға ғана бойұсынуға  тиісті. Өйткені, олар ақирет күні Алла тағала алдында жергілікті мұсылмандар үшін жауап беретін бірден-бір заңды басшылар. Олар өздері қаласа да, қаламаса да жергілікті мұсылмандар үшін жауап беруге тиісті. Өйткені, олардың атқарып отырған қызметтері оларды соған міндеттейді.

Алла Елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) былай деген: «Сендердің әрбірің – бақташысыңдар,  әрбір адам өзінің қарауындағылар  үшін жауапты. Имам – бақташы, ол  өзінің қоластындағылары үшін жауапты. (Бухари, Ахмад, Әбу Дауд, әт-Тирмизи).

Жергілікті мұсылмандар үшін сонау Сауд Арабиясындағы, немесе Египет, Пакистан тәрізді шетелдердегі шейхтер мен дағуатшылар ақирет күні Алла тағала алдында жауап бермейді. Өйткені  олардың ондай құқықтары жоқ. Өйткені, олар жергілікті мұсылмандар үшін Құран мен сүннет бойынша  заңды басшылар болып табылмайды.

Қазір қазақстандық мұсылмандарға өздерін басшы етіп ұсынып жүрген  шетелдік шейхтер мен дағуатшылардың қай қайсысы болмасын  ақирет күні Алла тағала алдында сол қазақстандық  мұсылмандар үшін  жауап беруден жалтарып бастарын ала қашатын болады. Өйткені, олардың  жергілікті жердегі Бас муфти мен имамдардың  орындарына таласып,  олардың орындарына өздерін  басшы етіп ұсынулары   Құран мен сүннетке қайшы келетін зор қателік болатын.

Сондықтан  олар ақирет күні өздерін ақтау үшін «біз оларды зорлаған жоқ едік. Біз тек оларға өз білгенімізді ғана айттық, егер олар біздің айтқандарымызды  қабыл етіп біздің соңымыздан ерсе біздің жазығымыз не? Өздерінің заңды  басшылары тұрғанда бізді тыңдаған олардың өздері кінәлі» деп өздеріне  ілескен жергілікті мұсылмандардан  бастарын ала қашатын болады. Бұған ұқсас жай Құранда баяндалады.

Іс біткен заман шайтан «... Негізінде, сендерді шақырғаннан басқа өктемшілігім жоқ еді. Сонда да шақыруымды қабыл алдыңдар. Ендеше мені сөкпеңдер де өздеріңді сөгіңдер. Мен сендерді құтқара алмаймын. ... Құран. Ибрахим 14:22.

Қандай болмасын азғырушының ақиретте Алла тағаланың алдындағы айтар уәжі осындай  болмақ. Өйткені, қандай болмасын азғырушы адамдарға сынақ ретінде келеді. Ол өз міндетін орындайды, ал оны тыңдау, немесе тыңдамау әр адамның жеке ісі. Ол сол арқылы сыналады. Жалпы,  Алла тағаланың ешкімге де  оның шамасы жетпейтін  сынақ бермейтіні мәлім. Сондықтан қазір  шамаң келіп тұрған сынақтан өте алмасаң кейін ақиретте ол әлсіздігің үшін  шетелдік шейхтер мен дағуатшыларды  кінәлап ақталудың қажеті жоқ. 

Олай болса қазіргі сәтте  жат ағымдардың насихатшыларымен бетпе-бет кездескен әрбір мұсылман одан «сен мен үшін ақирет күні жауап бересің бе?» деп сұрауы тиіс. Егер ол жауап бермейтін болса онда оның уағыздарын тыңдап не керек? Егер ол «ия, мен сен үшін жауап беремін!» десе онда ол адамнан мүлде қашу керек. Өзіне  тиісті емес міндетті мойнына алып  ашықтан ашық өзіне  ауыр күнә жүктеп тұрған мұндай ақылсыз адамды тыңдайтындай сіз соншалықты ақылсыз емес шығарсыз?

     5 сәуір 2016 жыл.                                                                        

Комментариев нет:

Отправить комментарий