Мейрімді, рақымды Алланың атымен бастаймын!
Бұл дүниеде адам баласы пайда мен қызық іздеп жүріп жүрегін үздіксіз ластаумен болады. Жүректі ластайтын нәрселер дінде күнә деп аталса, күнәлармен ластанған жүрек ең әуелі күнәларды кешіруші Алла Тағаланың рақымымен тазарады. Солай десек те, жүрек негізінен адамның құлшылық етуі арқылы ерікті түрде және қасірет арқылы еріксіз тазартылады.
Күнә жүректің дерті болса қасірет сол дерттің бетке шыққан көрінісі. Дертке шалдыққан жүрек қалайда дертінен айығуы тиіс. Сол үшін Алла Тағала адамнан өзіне құлшылық етуді талап етеді. Құлшылық арқылы адам өз жүрегін ерікті түрде еселеп тазартатын болады. Ал Аллаға бойұсынбай құлшылықтан бас тартқан адамның да жүрегі тазарынуы тиіс болса оның жүрегі қасірет шегіп қиналу арқылы еріксіз тазарынуға мәжбүр болады.
Жанын қинаған қасіреттен құтылар жол іздемейтін адам жоқ. Бірақ көп адамдар қасіреттен құтылудың бірден-бір жолы құлшылық екенін түсінгілері келмейді. Сол себепті де олар Аллаға бой ұсынудан бас тартып күнә үстіне күнә жасап, жүректерін үсті-үстіне ластап, қасірет үстіне қасірет жамай береді де тауқыметтен көзі ашпай жүріп бір күні бұл дүниеден де өтеді. Ал оның әбден ластанған жүрегі қалайда тазарынуы тиіс десек, оны ақиретте күтіп тұрған оттың азабынан артық не тазартуы мүмкін?
Әдетте, көп адамдар ел басындағы ауыртпалықтың, өз басындағы тауқыметтің себебін неден болса содан іздеп, кім болса соны оған кіналы санайды. Бірақ, шын мәнінде ел басындағы ауыртпалыққа да, өз басындағы тауқыметке де тікелей өздерінің кінәлі екендігін олар түсіне бермейді.
Қандай қоғам болмасын жеке адамдардан құралатыны белгілі. Ал жеке адамдардың жан-дүниесінің ақуалының жалпы жиынтығы жалпы қоғамның ақуалын анықтайды. Соған орай жеке адамның жан-дүниесі тазарып рухани ахуалы жақсармай жалпы қоғам келеңсіздіктерден арылып жалпы қоғамдық ақуал жақсармайды. Бұл – ақиқат.
Өткенімізді саралайтын болсақ Кеңестер Одағы тұсында атеистік үгіт-насихаттың ықпалына түсіп құдайға деген сенімі үшін үкімет тарапынан қысым көріп қудаланған халық құдайды жоқ деп діннен бас тартуға мәжбүр болды. Соның салдарынан ел ішінде иманды, құлшылық етуші жандар мүлде азайып, адамдардың құлшылық арқылы ерікті түрде тазарынулары толықтай тоқтады.
Соның салдарынан күйкі тірліктің ыржың-тыржыңы әрбір адамның жүрегіне кір болып жинақталып олардың жүректері мұздап, жандары суй бастады. Оның нақты көрінісі ретінде адамдардың бір-бірлеріне деген мейрімдері азайып, жүректері қатігезденіп, бір-бірлерімен табысудан көрі шабысуды жөн көріп бір-біріне өлердей өшікті. Ел қамын жеп бір-біріне қамқор болғаннан көрі қара бастарының қызықтарын артық көріп отбасының, туғандарының, қоғамның алдындағы жауапкершіліктен жалтарып азғындаған үстіне азғындады.
Әрине, осынау күйкі тірліктен қажитын олардың жүректері нұр болып құйылып жандарын шуақтандыратын иман мен құлшылықты аңсады. Бірақ дінсіз атеистік қоғамда олар кең тынысты діни ілім түгел қарапайым шариғи білімге де зар болып жол таппай адасты. Олар амалсыздан жұбанышты Алладан емес арақтан, есірткіден іздеп қасіреттерін арақпен, есірткімен тұншықтыруға мәжбүр болды. Осылайша олардың әбден ластанған жүректері қасірет шегіп азаппен, қорлықпен тазарынуға мәжбүр болды.
Бұл жағдай жалпы алғанда қоғамның рухани тұрғыдан да, экономикалық тұрғыдан тоқырауы ретінде көрініс берді. Салтанат құрған дәурені осындай күйзелістерге әкеліп соқтырған дінсіз қоғам күйреген соң оның орнына демократиялық құндылықтарды басшылыққа алған жаңа қоғам орнады. Бұл қоғамның басты жетістігі - дінге бостандық берілді. Соның нәтижесінде адамдар өз беттерінше ізденіп өздерінің рухани сұраныстарын қанағаттандыруға, еркін түрде қалауынша құлшылық етуге мүмкіндік алды.
Бірақ бұл демократиялық қоғамда дінмен бірге азғындыққа да бостандық беріліп адамдар арасында бәрі де саудаланатын нарықтық қатынастарға кеңінен жол ашылды. Соның нәтижесінде тосыннан келген еркіндікке бастары айналып азғындыққа пен ақшаға құныққан адамдар дінге мойын бұруға шамалары келмей қызық пен пайданың соңына түсіп азғындықтар мен жауыздықтарға бас қойды.
Мұндай өздеріне берілген мол мүмкіндікті пайдаланып дінге бет бұрып жүректерін құлшылық арқылы ерікті түрде тазартуға құлықтары болмай қызық пен пайданың соңына түсіп кеткен пенделерге Алла Тағала тауқымет үстіне тауқымет жіберіп, қасірет үстіне қасірет шектіріп жүректерін азап пен қорлық арқылы еріксіз тазартуды жөн көрсе осынау ел басындағы тауқыметтің, өз басындағы тауқыметтің себебін неден болса содан іздеп, кім болса соны кіналау жөн болар ма екен?
29.02.16.
Комментариев нет:
Отправить комментарий