пятница, 24 апреля 2015 г.

Құрбаншыл ерлер болмаса...

Аса қамқор ерекше мейрімді Алланың атымен бастаймын!

Алла Тағала халқымызды қашанда «елім» деп елжіреген ет-жүрегінің ырқымен халқының жоғын жоқтаған, елінің төбесіне бұлт үйірілген шақтарда бір себім тисе екен деп тыным таппай аласұрған ерлерден кенде қылып көрмеген. Ауық-ауық басынан бағы тайып, кең даласына тарыдай шашылып кетіп отыратын көшпенді елді қан-жоса етіп қырғызып алмай, елді-ел, жерді-жер етіп ұстап тұру қай заманда да оңай болмаған. Осындай қысталаң кезеңдерде санасы сансырап, жүрегі қансыраған талай ерлер «қасқалдақтай қандарын, бозторғайдай жандарын» аямай құрбандық болып шалынып отырмаса қазақтың қазақ болып осы күнге жетуі неғайбіл еді.

Жер бетіндегі қанша ұлттар сөзін сөйлеп, сойылын соғар дара туған ұлдарға зар болып еңселерін тіктей алмай өзгелерге еселері кетіп жүр. Қанша ұлттар жел өтіне шығып пана болар, аптаптан қорғап сая болар ерлерден тапшылық көріп теңдікке қол жеткізе алмай жат езгіде жүр. Қанша ұлттар «еркек тоқты құрбандық, атам десең атыңдар» дейтін құрбаншыл ұлдары аздық етіп ұлт ретінде жойылып кетті. Егер осындай «еркек тоқты құрбандық» деп білетін құрбаншыл ерлері көп болмаса бір қалалық қана адамы бар қазақтың миллиард адам сиятын зор аумақты иемденіп алуы мүмкін болар ма еді?

Шын мәнінде астын қазсаң қазынаға кенелетін, бетін баптасаң аузың асқа кенелетін осынау құнарлы да қазыналы кең байтақ жерді кім қазаққа өз еркімен қия алар? Қазақтың осыншама жерге иелік етуі біреулерді таң қылса, біреулер мұны әділетсіздік ретінде санайды. Бірақ, шын мәнінде, бұл жер, бұл байлық қазаққа ешқандай еңбексіз, ешбір қиындықсыз, тектен-текке беріле салынған жоқ. Ол үшін бұл қазақтың ұлдары қанша рет жанын беріп, қанша рет қанын төгіп, қандай құн төлегені тек бір Алланың Өзіне ғана аян.Алла Тағала әндері мен күйлері, аңыздары мен ертегілері, дастандары мен жырларынан көрініс беретін елдік пен ерліктің асқақ рухын силаған біздің халқымыз «елі үшін еңіреген» ерлерден тапшылық көруі мүмкін бе? Тіпті, жартысы өз тілінен ажырап, өзге мәдениет рухында тәрбиеленген, өзге жартысы да сол ықпалға түсіп өз тамырынан қол үзе бастаған кешегі кеңестік кезеңде де сол жарымжан рухтың өзі елі үшін құрбандық болып шалынуға дайын қайсар ерлерді қажетінше тудыра алды.

Қазақта қашанда елдің мұңы ердің мұңы болған. Себебі, ет-жақын бауырларынан тұратын өз руын, өз тайпасын бауырмалдықпен «өзім» деп сезініп, отына күйіп, суығына тоңу ғасырлар бойына қалыптасып, атадан балаға мұраға қалып келген ұлттық сана, халықтық дәстүр, қанға сіңген мінез. «Елсіз ер ер болмайды, ерсіз ел ел болмайды» деген аталы сөз, асқақ ұғыммен сусындап өскен мұндай ер-азаматтар үшін елін-ел, жерін-жер етіп ұстап тұру азаматтығына сын болса, ел-жұрт үшін ондай азаматтарды туғызу елдігіне сын болған.

«Елі үшін туар, ат жалын тартып, ата жолын қуар» ұл тууы үшін оған ұйытқы болар елдік сана, ізгі дәстүр, өрелі рух қажет. Егер халқының қамы өмірінің мәні болар құрбаншыл азаматтарды тудырып, оларды тәрбиелеп, оларды кәдесіне жарата алса, онда бұл ол халықтың тереңнен нәр алып, аспанмен астасқан ғажайып рухқа ие екендігін көрсетеді.

Осынау рухты түбегейлі түсініп, оны тиісінше бағалап, оны көздің қарашығындай сақтай білу қажет. Оның бұла күшін өзінің бойынан да, ойынан да тани отырып, оның тұма көзін аша алған адам, осынау кәусар рухтың нәрінен қуат алып, осынау асқар рухтың шыңына өрлей отырып, өте бір заңғар көктерге көтеріле алатын болады.

Masa.kz. 31.05.2011.

Комментариев нет:

Отправить комментарий